Басты бет » Басты жаңалықтар » Несиелендірудің жаңа механизмі: 7 жыл бойы субсидия төленеді

Несиелендірудің жаңа механизмі: 7 жыл бойы субсидия төленеді

Елімізде отандық кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған тағы бір бағдарлама жүзеге асырыла бастады. Егер сіз ет, сүт өңдеумен, картопты қайта өңдеу, консервілеу, көкөніс пен бақша өнімдерін, маусымдық дәнді дақыл өсіру, малдың сүтті бағытын өсіру, азық-түлік, балалар тағамы, ұн тағамдарын дайындау,  үйге қажетті тоқыма бұйымдары, кілем өндірісі, тұрмыстық бұйымдар, жиһаз жасау,  құрылыс материалдары, есік-терезе, қағаз, металл өндірісі, басқа да салаларда кәсібіңізді дамытып немесе жаңа кәсіп ашамын десеңіз, мемлекеттің ұсынып отырған бағдарламасына қатыса аласыз.  

Ұлт экономикасының  дамуына айтарлықтай ықпал ететін басымдық берілген жобаларды қолдау үшін биыл ақпан айында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына өзгеріс енгізілді.

— Былтыр қазан айында жария етілген «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» тақырыбындағы Жолдауда мақсат-міндеттерді орындау үшін Үкіметтің қаулысымен басымдық берілген жобаларды несиелеу механизмі бекітілген-ді. Бұл механизм қолжетімді несие мәселесін шешу мақсатында ұзақ мерзімге белгіленді. Соған сай «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының «Несиелерді субсидиялау Ережесіне» өзгеріс енгізіліп, экономикамыз үшін басым секторлардағы жобаларды қолдау жобасы арнайы бағыт ретінде енгізілді, — дейді  «Даму» қорының аймақтық филиалының директоры Берік Нұрғалиев.

Бұл бағдарламаның «Бизнестің жол картасы» бойынша бұрын қолданылып келген бағдарламалардан айырмашылығы сол — егер бұрын кәсіпкерге субсидия бес жыл бойы төленсе, ендігі жерде жеті жыл  қатарынан төленеді.

Тағы бір айырмашылығы — бұрын тек шағын және орта бизнеске ғана қолдау көрсетілетін болса, ендігі жерде ірі кәсіппен айналысатындар да несиеге үміттене алады. Және несиенің ең жоғарғы көлемі бойынша шектеу қойылмаған.

1 инфографика:

Осы механизм шеңберінде кәсіпкерлерді қолдау үшін республика бойынша

600 миллиард теңге қаржы бөлініп отыр. Бұл қаржы екінші деңгейлі банктерге облигациялық заем ретінде орналастырылады. Б.Нұрғалиевтің айтуынша, аталған бағдарламаға капиталдары қомақты екінші деңгейлі тоғыз банк қатысады.

— Бастапқы кезде әр банкке берілетін қаржы көлемі 70 миллиард теңгеден аспауы керек. Осы қаражат есебінен банктер бағдарламада бекітілген шарттарға сәйкес, кәсіпкерлердің жобаларын қаржыландырады. Бұл жағдайда Ұлттық банк екінші деңгейлі банктерге қаражатты 11 пайыздық мөлшермен береді, соңғы қарыз алушылар үшін пайыздық мөлшерлеме 15 пайыздан аспауы тиіс, — дейді Б.Нұрғалиев.

Несие мынадай үш бағыт бойынша беріледі: агроөнеркәсіп кешенінде қайта өңдеуге — 100 миллиард теңге, агроөнеркәсіп кешенінде өндіріс жұмыстарымен айналысу үшін — 100 миллиард теңге және өңдеуші өнеркәсіп және қызметтер саласындағы кәсіпкерлік үшін 400 миллиард теңгеге дейін қаржы бөлінеді.

— Өңдеуші өнеркәсіп және агроөнеркәсіп кешенінде қайта өңдеу саласындағы кәсіпкерлерді қаржыландыру бойынша жобаларды «Даму» қоры мақұлдайды. «Даму» қоры осы екі бағыт бойынша бағдарламаның операторы ретінде белгіленді, — дейді Б.Нұрғалиев.

2018 жылдың қаңтарындағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауда 2010 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасының мерзімін 2025 жылға дейін ұзартып, оған жыл сайын мемлекеттен қосымша 30 миллиард теңге бөлінетіні айтылған болатын. Міне, осы құжатта айтылған 30 миллиард теңге қаражат аталған бағдарлама аясында кәсіпкерлерге несие ретінде берілетін

600 миллиард теңгені субсидиялауға жұмсалады.

2 инфографика:

Бағдарлама аясында несие ұлт экономикасының  дамуына айтарлықтай ықпал ететін басым жобалар үшін беріледі. Сыйақы мөлшерлемесі жылына 15 пайыздан аспайды, оның 8 пайызын кәсіпкер төлейді, ал қалған бөлігін мемлекет «Даму» қоры арқылы өтеп береді.

—  Бағдарламаға бекітілген тізбеге сәйкес өнімдер өндіретін шағын, орта және ірі кәсіпкерлік субъектілері қатыса алады. Несиелер инвестиция мақсатына және  несие сомасының 30 пайызына дейін айналым қаражатын толықтыруға беріледі, — дейді Б.Нұрғалиев.

Берілетін кредиттер мерзімі — 7 жылға дейін. Инвестициялық мақсаттардағы кредиттер бойынша 7 жылға дейін, тауар айналымына 3 жылға дейін субсидия төленеді.

Осы механизм бойынша қолдау тапқан кәсіпорындар қаражат алған уақыттан бастап 2 жылдың ішінде жұмыс орындары және пайда көлемін 10%-ға дейін арттыру қажет.

Айта кету керек, басымдық берілген жобаларды несиелеу механизмі Үкіметтің қаулысымен былтыр 11 желтоқсанда бекітілген болатын. Алайда, оған дейін қаржыландырылған жобалардың ішінде осы бағдарлама талаптарына сәйкес келетіндері болса, олар автоматты түрде субсидия ала алады.

3 инфографика:

Бұл бағдарламаға қатысу үшін кәсіпкер не істеуі керек? Неден бастауы тиіс?

Алдымен кәсіпкер несие алу үшін банкке барып, өтініш білдіреді.

Өтніш берілгеннен кейін стандартты процедура бойынша банктер жобаның қаржылық және экономикалық тиімділігін сараптап, оны қаржыландыру туралы оң шешім қабылдайды. Егер жоба ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру саласына қатысты болса, ол ауыл шаруашылығы басқармасына жіберіледі. Егер өңдеу өнеркәсібі және қызмет көрсету, ауылшаруашылық өнімдерін өңдеуге қатысты жоба болса, «Даму» қорына жіберіледі.

— Кәсіпкер «Даму» қорына келіп, өтініш жазып, құжаттарын әзірлейді. Жоба ауыл шаруашылығы саласына қатысты болса, оны ауыл шаруашылығы басқармасына жібереміз, олар тексеріп, бағдарламаға сәйкес келетінін анықтаса, «Даму» қоры сол арқылы шешім қабылдайды.  Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласындағы жобаларды «Даму» қорының несиелеу комитетіне шығарамыз. Егер жоба басым жобалар қатарына кірсе, оны мақұлдап, әрмен қарай субсидиялау мүмкіндігі қарастырылады, — дейді Б.Нұрғалиев.

Бағдарлама бойынша максималды сомаға несие алуға еш шектеу қойылмаған. Несие сомасының шегі жоқ, дегенмен, егер өңдеу өнеркәсібі және қызмет саласындағы жоба сомасы 10 млрд теңгеден асатын болса, «Даму» қоры бұл жобаны Индустрия және инфраструктуралық даму министрлігінің қарауына жібереді, ал ауыл шаруашылығы саласы бойынша жоба құны 500 млн теңгеден асса, нақты қорытындыны Ауыл шаруашылығы министрлігі шығарады.

***

Жақында Ақтөбеде ұлт экономикасы үшін басым секторлардағы жобаларды қолдау жобасын талқылау, түсіндіру мақсатында екінші деңгейлі банктер өкілдері басшылары мен кәсіпкерлердің қатысуымен жиын өтті. Оған «Даму» қорының бағдарламалық тетіктер департаментінің директоры Арсен Мұстафин арнайы қатысып, жаңа бағдарламаның қыр-сырын түсіндірді.

«Даму» қоры өкілінің айтуынша, еліміздің экономикасына тиімді басымдық секторларға бағытталған несиелендірудің аталған механизмі халық жиі пайдаланатын тауарларды импорттау, шикізаттық емес тауарларды экспорттауды ұлғайту және шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында қолға алынып отыр.

«Жобаларды несиелендіруге бөлінген қаражаттардың 100 миллиард теңгесі шағын және орта бизнесті жүзеге асыратын субъектілерге беріледі», —  дейді А.Мұстафин.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*