Басты бет » Басты жаңалықтар » Теміржол вокзалы: жолаушыларға жағдай жасалған ба?

Теміржол вокзалы: жолаушыларға жағдай жасалған ба?

Рейд

Сейсенбі күні «Ақтөбе — адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің сарапшылар тобы теміржол вокзалына барып, тұрғындар тарапынан келіп түскен өтініш-шағымдар бойынша рейд жүргізді.

«Ақтөбе — адалдық алаңы» жобалық кеңсесі сарапшылар кеңесінің басшысы Жанболат Тұртаевтың айтуынша, тұрғындар тарапынан түсетін негізгі шағымдар — пойыз билеттері мен вокзал маңындағы автотұрақтар бойынша екен.

Топ мүшелері алдымен халық арасында дүрбелең тудырған вокзал алаңындағы ақылы тұрақтың жұмысымен танысты.

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Жарасқан Минайдаровтың айтуынша, вокзал алдындағы автотұрақ өткен жылдың желтоқсан айынан бастап мемлекеттік жекеменшік серіктестік негізінде «Ақтөбе паркинг» мекемесіне берілген. Бүгінгі таңда толықтай бейнебақылау камераларымен жабдықталып, арнайы ауламен қоршалған автотұрақтың тек бірінші қатарына ғана көлік қою тегін. Ал қалған орындар ақылы. Мәселен тұраққа жеңіл автокөлік қою құны — 100 теңге. «Газель» маркалы машинасы барлар 150 теңге, автобус жүргізушілері  — 300 теңге төлейді.

Ал вокзалға жолаушыларды алып келген такси жүргізушілері автотұрақтың ішіне

15 минут аралығында тегін кіріп шыға алады. Дегенмен рейд барысында байқағанымыздай, автотұраққа 15 минут кіріп-шығу тегін екендігі туралы ақпарат еш жерде жазылмапты.

— Автотұрақты жалға алған мекеменің басты мақсаты — алаңды таза ұстау. Өздеріңіз көріп отырғандай тұрақ іші лас. Сондай-ақ алаңды жалға алушылар өзге өңірлерден келген көлік жүргізушілерімен ғана келісім жасаған. Ал қаланың бірде-бір такси қызметкерлерімен келісімшарт жасаспапты. Автотұрақ толықтай автоматтандырылмағандықтан жүргізушілер арасында түсінбеушілік болады, — дейді Ж.Тұртаев.

Ал автотұрақты жалға алып отырған «Ақтөбе паркинг» мекемесінің өкілі жағдайды келесідей түсіндірді.

— Бүгінгі күні автотұрақта 25 адам ауысым бойынша жұмыс жасайды. Жүргізушілердің арасында түсінбеушілік болмас үшін барлық қызметкерлеріміз рациямен жүріп, кірген-шыққан көліктерді бақылап отырады. Автотұрақтың сыйымдылығы 365 көлікке ғана шақталған. Күніне шамамен 250-400 көлік кіріп-шығады. Жалпы, еліміз бойынша Ақтөбе теміржол вокзалы алдындағы автотұрақ өте тар. Сондықтан тұрақтың ішінде көлік кептелісі салдарынан орын болмай қалатын кездер жиі болып тұрады. Оны жасырмаймыз. Алдағы жоспар авто тұрақты кеңейтіп, сыйымдылығын арттыру, — дейді Асан Құрманбаев.

Толықтай жарықтандырылған автотұрақта мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған орын да қарастырылған. Алдағы уақытта оң жақ және сол жақ қапталын кеңейткен соң, арнайы әжетхана қою жоспары да бар.

Бұдан соң сарапшылар тобы вокзалдың ішкі жұмысымен танысты. Ақтөбе вокзалында жолаушыларға сервистік қызмет көрсету үшін көптеген жағдай жасалған. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған билет кассалары, электронды кезек жүйесі жұмыс жасайды. Төлем терминалдары, пойыздардың жол жүру кестесі, ақпараттық-анықтама тақтасы да бар. 4 асхана, дәріхана, полиция бөлмесі, жүк сақтау қоймасы, күту залы, дүңгіршектер, әжетхана бар.

Теміржол вокзалының директоры Тойбазар Қуанышевтың айтуынша, вокзалда бүгінгі күні 13 касса жұмыс істейді. Оның — 7-еуі 1-қабатта. Дегенмен тұрғындар тарапынан түсетін шағымның көбі осы кассалардағы билет кезегіне байланысты.

Өйткені вокзалда электронды кезек жүйесі енгізілгенімен билет алу үшін бір адам кем дегенде 30 минутын күту залында өткізеді.

Төменгі қабатта жұмыс жасап тұрған 7 кассаның 2-еуі жеке екенін ескерсек, біреуі мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған касса. Қалған төрт кассаның бірінде аға кассир отырады. Ол терезесін тек мереке күндері ғана ашады екен. Сонда жұмыс жасап тұрғаны 3 касса.

— Қазір вокзалдың бірінші қабатында 7 касса жұмыс жасап тұр. Оның 5-еуі «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамына тиесілі болса, 2-еуі «Сәт сапар», «Шелковый путь» ЖШС-на қарасты кассалар. Өздеріңіз білетіндей, жеке кассалардан билет алған жағдайда үстіне 350 теңге жарна төлейді. Тұрғындардың өтініш-тілектерін ескере келе, аталған екі кассаға вокзалдың екінші қабатынан орын беріп, төменге «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамына қарасты 2 кассаны қосу жоспарда бар, — деді Тойбазар Қуанышев.

Вокзал бастығының айтуынша, жыл басталғалы тұрғындар тарапынан теміржол вокзалының жұмысына қатысты бірде-бір шағым түспепті.

— Вокзалдың ішкі жұмысына қатысты бірде-бір шағым түскен жоқ. Ал алаңдағы автотұраққа қатысты шағым көп. Бұл бойынша жұмыс жасап жатырмыз, — деді ол.

Теміржол вокзалының ішкі және сыртқы жұмысымен танысқан соң «Жолаушылар тасымалы» АҚ билет кассаларының жұмыстары бойынша сектор меңгерушісі Гүлшат Кукановамен тілдесіп, жүретін күні жақындаған сайын пойыз билеттерінің бағасы не себепті күрт көтеріліп кететіндігін білдік.

— Барлық билеттер сатылымға 45 күн бұрын шығарылады. Билетті ертерек алған жағдайда оның бағасы 1, 25 пайызға төмен болады. Күн жақындаған сайын билет бағасы өсіп, базалық бағасына жетеді. Егер орын сатылмай қалған жағдайда да сол бағаны ұстап тұрады, — деді Гүлшат Куканова.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

 

Қаперіңізде жүрсін!

2018 жылдың 11 қыркүйегінен бастап «Жолаушылар тасымалы» АҚ –на Қазақстанның барлық ішкі бағыттарындағы бағаны реттеудің икемді жүйесі енгізілді. Бұл 52 негізгі әлеуметтік-маңызды бағыттар, өзге елдерде (Ресей Федерациясы, Өзбекстан, Қырғызстан, Беларусь пойыздарын) құрылған бағыттарды қоспағанда, соның ішінде тіркемелер, сондай-ақ жеке тасымалдаушылар.

Бағаларды реттеудің икемді жүйесі динамикалық тарифтік басқару бағдарламасы бойынша енгізілген. Бұл көптеген әуе және жерүсті тасымалдаушылар жұмысында кеңінен қолданылатын әлемдік тәжірибе.

Жолаушы еліміз ішіндегі кез келген бағытқа 45 күн бұрын билеттерді 25% жеңілдікпен сатып ала алады. Жеңілдік көлемі бос орындар мен пойыздың жүруіне дейінгі қалған күндер санына байланысты. Жөнелтілу күніне жақындаған сайын баға өсе түседі, бірақ 25% -дан аспайды.

Жоғарыда аталған негізгі әлеуметтік-маңызды бағыттардан өзге тағы 14 коммерциялық бағыттар бойынша пойыздар жүруде, соның 9-ы «Тальго» вагондарымен жасақталған.

ҚР заңнамасына сәйкес мынадай аспектілерді: жолаушы ағыны, мерекелік күндердегі жоғарғы сұраныс, басымдықты бағыттар және өзге де жайттарды ескере әрі саралай келіп, коммерциялық бағыттарға бағаны тасымалдаушы белгілейді.

Осыған байланысты аталған бағыттардағы билеттер бағасы – 35% -дан + 35%-ға дейін (жеңілдік) және базалық ставкадан жоғары. Коммерциялық бағыттарға сатылатын билеттерден түскен қаржы тікелей Қоғамның дамуына, жаңа сервистік қызметті ендіруге, барлық вагондар паркін техникалық жарақтандыруды жақсартуға және процестерді автоматтандыруға бағытталады.

Ұлттық тасымалдаушы сапарларыңызды алдын ала жоспарлауға және пойыз билеттерін күні бұрын сатып алуға кеңес береді.

 «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*