Басты бет » Әлеумет » Алты нүктелі аппақ әлем…

Алты нүктелі аппақ әлем…

… Мақсат тас қаламы арқылы тастай қараңғы әлемге жарық түсіреді.  Зағиптарға, нашар көретіндерге арналған тас қалам грифель деп аталады. Кішкентай ғана грифелімен Брайль құралы арқылы ақ параққа бедерлі-нүктелі қаріппен жазады.

— Мұны 1824 жылы қарапайым француз етікшісінің баласы Луи Брайль 15 жасында ойлап тапқан. Үш жасында әкесінің шеберханасында қайыс пышақтан жараланып, көру қабілеті нашарлай бастағандықтан, рельефті-нүктелі қаріппен жазуды ойлап тауып, зағиптарға, көзі нашар көретіндерге кітап оқуға мүмкіндік берді, — дейді.

Брайль қарпі арқылы жазу үшін алты нүкте пайланылады. Алты нүкте үш-үштен екі бағанда орналасқан. Жазған кезде осы нүктелер ұшы темір грифельмен тесіледі. Алты нүктенің қай жағындағы қаншасы тесілгеніне байланысты  бір әріпті білдіреді. Бет тесіліп, шығыңқы болып тұрған бедерлі әріптерді қолмен сипап оқуға болады.

… Мақсат Төлегенов 14 жасында жол апатына түсіп, жарақат алғаны салдарынан көзі көрмей қалғанын айтады. Оған дейін жалпы білім беретін мектепте оқыған ол осындай жағдайдан соң Орал қаласындағы зағиптар және нашар көретін балалар оқитын мектеп-интернатына ауысқан. Сонда бірыңғай ұлттық тест тапсырып, Ақтөбедегі гуманитарлық колледжін кітапхана ісі мамандығы бойынша тәмамдаған. Ал былтыр Батыс Қазақстан техникалық университетін аяқтап, кітапхана ісі бойынша диплом алып шыққан. Бүгінде ол жоғары білімді маман. Ақтөбе облыстық зағиптар және нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханасының қызметкері.

— Біздегі ешбір мәдени шара Мақсатсыз өтпейді, — дейді әріптестері. Мақсат — ұжымның мақтанышы. Кітапхана басшысы Гүлстан Хамзина алдымызға Мақсатқа берілген Алғыс хаттар мен Мадақтама қағаздарын алып келді. Міне, Астананың 20, Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына арналған оқу сайысында алған мақтау қағазы, міне, «Сен бұл өмірде жалғыз емессің» атты облыстық байқауда 1-орын алғаны туралы дипломы, облыстық, қалалық деңгейдегі шараларда алған грамоталары — барлығы да Мақсаттың еңбегінің нәтижесі. Айтпақшы кітапхана былтыр Елорданың 20 жылдығына арналып өткізілген астана туралы нүктелі-бедерлі қаріптегі ең үздік кітаптар байқауында үшінші орын алыпты.

— 100 беттік қалың кітап болды, оның барлығын нүктелі-бедерлі қаріппен Мақсат жазып шықты, — дейді Г.Хамзина.

Мақсат — бедерлі-нүктелі қаріппен жазудың шебері. Грифелін қолына алса, кәдімгі автоқаламмен жазып отырғандай зуылдатады.

— Жергілікті ақындардың өлеңдерін Брайль қарпімен жазып шықтым. Мәселен, зағип ақын Валерий Мартыненконың бірнеше өлеңін түсірдім. Одан соң Нұрлыбек Қалауовтың өлеңдерін бедерлі-нүктелі қаріппен жаздым. Жақында біздің кітапхана ақын Бауыржан Бабажанұлымен  «Аппақ әлем, мен саған қарай берем…» атты шығармашылық кездесу өткізді. Бауыржан ағаның бірнеше өлеңін Брайль қарпімен қағазға түсірдім. Ондағы мақсатым — зағип, нашар көретін азаматтар да жергілікті ақындардың шығармашылығымен таныс болсын деген ниет,  — дейді Мақсат.

Мақсат білгенін басқаларға да үйретеді. Қазір зағиптар мен нашар көретіндерге нүктелі-бедерлі қаріппен жазудан дәріс беріп жүр. Тифлопедагог.

— Біздің оқырмандар аудиокітаптар, бедерлі-нүктелі кітаптар оқумен бірге зағиптарға арналған «Сара» оқу, сканерлеу құралы арқылы кәдімгі жазбаларды да оқи береді. Аптасына бір рет оқырмандарға мерзімді басылымдарды оқып береміз. Келе алмайтын оқырмандар болса, үйлеріне кітаптар апарып береміз. Бұған қоса жастар үшін компьютер, смартфондармен жұмыс істеу, ғаламторға кіруді үйрететін арнайы үйірме аштық. Жыл сайын 13 қарашада — халықаралық зағиптар күні қарсаңында бедерлі-нүктелі қаріппен жазудан диктант немесе Брайль оқуларын жүргіземіз. Оқырмандармен бірге табиғатқа, қала бойынша экскурсияға да шығамыз, — дейді Мақсат. Осының барлығының басы-қасында өзге кітапханашылармен бірге білегін сыбанып Мақсат та жүреді.

Мақсат кітапқұмар. Қазақ әдебиетімен бірге шетелдік әдебиетті де жақсы көреді.

— Қазір көзі нашар көретіндер бедерлі-нүктелі қаріппен жазылған кітаптар оқумен қатар аудиокітаптар да тыңдайды. Бұл да кітапқұмарлар үшін өте жақсы тәсіл. Жақында мен америкалық жазушы Джеймс Оливер Кервудтің «Казан», «Бродяги севера» атты романдарын оқып шықтым, — дейді Мақсат.

… Мақсат бізге Брайль жүйесі бойынша бедерлі-нүктелі қаріппен жазатын құралдарын көрсетті, бедерлі-нүктелі қаріппен жазылған Сарышолақ шайырдың «Үміттің оты сөнбеді» атты өлеңін оқып берді.

— Көзі көретіндер мұны түсіне бермейді, — дейді ол күлімсіреп қолындағы парақты көрсетіп. Иа, рас, бедерлі нүктелері болмаса, аппақ парақтан ештеңе көре де, түсіне де алмадым. Қолындағы тас қаламы арқылы тастай қараңғы әлемге жарық түсіретін Мақсаттың қолындағы бедерлі аппақ парағына, Мақсаттың аппақ әлеміне қарай бердім…

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*