Басты бет » Спорт » Ақтөбелік дебютант соққан гол

Ақтөбелік дебютант соққан гол

Премьер-Лига

4-турда екі кездесуде есеп ашылмады. Яғни гол соғу қарқыны азайып келеді. Өткен турда қақпаларға 10 доп енгізілсе, бұл турда 11 гол ғана соғылды. Ал алғашқы екі турда футболшылар жанкүйерлер назарына барлығы 37 гол ұсынған болатын.

Бұл турда сырт алаңда өткен кезекті ойынды тағы да жеңіліспен аяқтағанымен «Ақтөбе» футболшылары шеберліктерін тұрақты түрде шыңдап келе жатқанын анық аңғартты.

Кездесу басынан аяғына дейін үзіліссіз текетіреспен өтті. Бұл жолы жерлестеріміз, әсіресе, қорғанысқа баса көңіл бөлгені байқалып тұрды. Бұл да түсінікті, себебі бұған дейінгі үш ойында қақпамызға сегіз гол енгізіп алған болатынбыз. Бұл кездесуде осылайша алаң иелері есеппен қимылдаған қонақтарды тықсыра алмай діңкеледі. Оны қойғанда, тіпті ақтөбелік Асланбек Кәкімов есеп ашып кетуге болатын мүмкіндікті пайдалана алмай қалды. Дегенмен бірінші таймда біздің футболшыларымыз тарапынан қарсы шабуыл ұйымдастыру, сол арқылы қарсыластар қақпасына оңтайлы соққылар жасау әрекеттері онша көзге түсе қоймады. Сөйтіп жүргенде айып алаңымызда жіберген сәл қателік опынысқа ұрындырды. Қорғаушыларымыздың бірі тобылдық Дмитрий Мирошниченкоға қарсы өрескел ойнады да, төреші еш ойланбастан он бір метрлік нүктені көрсетті. Пенальтиді 34-минутта Азат Нұрғалиев мүлтіксіз орындады — 1:0.

Бірінші тайм осы есеппен аяқталды.

Екінші таймда алаңға бой үйреткен ақтөбеліктер тәп-тәуір шабуылдар ұйымдастыра бастады, алаңның қарсыластар жақтағы бөлігіне көбірек жорық жасауға кірісті. Мысалы, Хрвое Милишевичтің бүйірлете тепкен қауіпті соққысын «Тобылдың» қақпашысы шеберлікпен қайтарғаны елең еткізген сәттердің бірі болды. Осылайша еш тынымсыз ілгері ұмтылумен болған, ең әуелі есепті теңестіріп алуды ойлаған жерлестеріміз 81-минутта қырағылықты тағы да бір-ақ сәтке жоғалтып алды. Сен тұр, мен атайын футболшылардан құрылған «Тобылға» осы да жеткілікті болды. Оңашалау аймақта жүрген өзіне тамаша тасталған пасты қағып алған Максим Федин тура қақпаға қарай зымырады да, біздің қорғаушыны ілестірмей жүйткіп, оған қоса қарсы алдынан жүгіре шыққан Игорь Трофимецті қапы қалдырып, жібек торды бүлк еткізді — 2:0.

Расын айтқан жөн, тайм соңына таман соғылған бұл голдан соң да жерлестеріміздің жүні жығылып қалған жоқ. Қарсыластар қақпасына шүйілумен болды. Сондай сәттердің бірінде, 89-минутта «Ақтөбе» құрамында жасыл алаңға алғаш рет шыққан жергілікті жас дебютантымыз Есен Жасанов «Тобылдың» қақпашысы Эмиль Балаев ойынға қоспақшы болған допты көз ілеспес жылдамдықпен қағып түсті де, қақпаға сүңгітіп жіберді — 2:1.

Әрине, бұдан кейінгі уақыт есепті теңестіру үшін тым жеткіліксіз еді. Бірақ ақтөбеліктер алаң иелерін тықсырып бақты. «Тобылдың» бас бапкері Владимир Газзаевтың кездесуден соңғы сұхбатта: «Жалпы алғанда ойыншыларыма ризамын. Дегенмен таймның соңы жүйкемізді жұқартып жіберді» деуінің басты себебі осы.

Осылайша «Ақтөбе» тағы да ұпайсыз оралғанымен команда ойыны кәдімгідей мығымданып қалғанын көрсетті.

«Тобыл»-«Ақтөбе» — 2:1

Гол авторлары: Азат Нұрғалиев, 34-минут, пенальти (1:0); Максим Федин, 81-минут (2:0); Есен Жасанов, 89-минут (2:1).

Ескерту қағазын алғандар: Дмитрий Мирошниченко, 31-минут («Тобыл») — Әділхан Таңжарықов. 13-минут, Милан Радин, 19-минут, Бағдат Қайыров, 62-минут («Ақтөбе»).

«Тобыл»: Эмиль Балаев, Руслан Валиуллин, Виктор Дмитренко, Джаба Канкава, Александр Клещенко, Дмитрий Мирошниченко, Артурас Жулпа, Ника Квеквескири, Михаил Гордейчук (Максим Федин), Азат Нұрғалиев (капитан), Сенин Себай (Самат Жарынбетов).

«Ақтөбе»: Игорь Трофимец, Бағдат Қайыров, Милан Радин, Саша Марьянович, Виталий Волков (капитан), Хрвое Миличевич, Ардақ Сәулет (Әлішер Әжімов 85), Әділхан Таңжарықов, Асланбек Кәкімов, Жамбыл Көкеев (Есен Жасанов, 64-минут), Абат Айымбетов (Рустам Өксімбаев, 89-минут).

6 сәуір 2019 жыл. Қостанай, «Тобыл Арена» стадионы. 3000 адам. 

*   *   *

Басқа кездесулердің нәтижесі:

«Атырау» (Атырау)-«Шахтер» (Қарағанды) — 0:0

«Қайсар» (Қызылорда)-«Астана» (Астана) — 0:0

«Қайрат» (Алматы)-«Оқжетпес» (Көкшетау) — 4:1

«Ертіс» (Павлодар)-«Тараз» (Тараз) — 2:0

«Ордабасы» (Шымкент)-«Жетісу» (Талдықорған) — 1:0

4-турдың қарсаңында алдағы 18-турдың бір ойыны кезектен тыс өткізілгенін еске саламыз: «Астана»-«Атырау» — 4:1.

*   *    *

4-тур:

Төртінші турда барлығы 11 гол соғылды. Екі ойын бірдей тең есеппен (0:0) аяқталды.

Бір ірі есеп нәтижесі тіркелді.

«Қайраттың» екі футболшысы (Эсеола, Р.Дугалич) екі голдан соқты.

25 рет ескерту қағазы көрсетіліп, бір футболшы (Р.Розыбакиев, «Тараз») жасыл алаңнан қуылды.

Бір пенальти белгіленді.

«Тараз» футболшылары өз қақпасына 2 автогол (И.Пикалкин, С.Отарбаев) соғып алды.

Сонымен 13 ұпай жинаған «Астана» 1-орынға шықса, 12 ұпайдан жинаған «Қайрат» пен «Тобыл» 2-3 орындарды бөлісті. 4-орындағы «Ордабасының» 10 ұпайы бар. 6 ұпайдан жинаған «Жетісу» мен «Ертіс» командалары 5-6 орындарға жайғасса, 4 ұпайдан жинаған «Қайсар» мен «Атырау» 7-8 орындарға орналасты. 9-орынға 3 ұпаймен «Тараз», 10-11 орындарға 1 ұпайдан еншілеген «Шахтер» мен «Оқжетпес» шықты. Еш ұпайы жоқ (-12) «Ақтөбе» 12-орында тұр. ФИФА шешімімен «Ақтөбе» командасынан 12 ұпай шегеріліп қалғанын еске саламыз.

*   *   *

5-тур ойындары 14 сәуір, жексенбі күні өтеді.

Бұл турда «Ақтөбе» өз алаңымызда «Атырау» командасын қабылдауы тиіс.

Басқа кездесулер:

«Астана» — «Ордабасы»

«Жетісу» — «Қайрат»

«Оқжетпес» — «Тобыл»

«Шахтер» — «Ертіс»

«Тараз» — «Қайсар»

 Ертай АШЫҚБАЕВ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*