Басты бет » Жаңалықтар » Ақсақал іздеп жүрмін

Ақсақал іздеп жүрмін

Бүгінгі сөз

Арайлым ҚЫДЫРБАЙҚЫЗЫ,

«Ақтөбе».

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің аудандарға жасаған сапарының бірінде қызық оқиғаға тап болдық.  «Қазір аудан орталығында халықпен кездесу өткізгеніңізде сөз алып, мұң-мұқтажымызды айтармыз. Ел ішіндегі кейбір керіауыз шалдар әңгімені басқа арнаға бұрып кетпес үшін, өзімнің бітімгершілік сөзімді айтайын», — деп облыс әкімінен  алдын ала рұқсат сұраған келісті ақсақал  ауылдың  мұң-мұқтажын сөз етіп, көп мәселені алға тартты. Оның сөзіне облыс әкімі де, көпшілік те ұйыды. Әрбір сөзін нықтай  сөйлеген қарттың өзі көтерген әрбір мәселені бес саусағындай білетіні байқалады. Одан кейін ешкім микрофонға ұмтылған жоқ. Бәрінің де ақсақалға сенетіні көрініп тұр. Біз соған сүйсіндік. Кейін сұрастырсақ, әлгі ауылдың телі мен тентегі ақсақалдан кәдімгідей ығатын көрінеді.

«Қазір егде тартқан қарттар да, еңкейген шалдар да, көп жасаған қариялар да қаптап жүр. Бірақ, арасында ақсақалдар аз». Белгілі жазушы Кәмел Жүністегі осылай дейді. Ол өзінің бір жазбасында елге басалқы айта алатын, ел ішінде беделі де мол, айбыны да зор, ауыл-аймақты береке-бірлікке үндейтін, сөзі уәлі, аузы дуалы ақсақалдарды іздейді.

Ақсақал іздеп жүрген жалғыз Кәмел аға ғана емес…

Расында да, қартайса да,  халықтың қамын ойлап, елдің сөзін сөйлейтін есті ақсақалдарымыз қайда? Оларды мүлде жоқ деуге болмас, бірақ аз екені рас қой.

Көп қабатты үйдің алдында жиналып алып, карта ойнайтын жиын-тойда бата бер десе… тілек айтып кететін қариядан не қайыр?

…Бұрын қазіргі Мұғалжар ауданының бір ауылында үнемі бірге жүретін жеті ақсақал болыпты. Оларды ел ішінде «Жетіқарақшы» деп атайтын көрінеді. Олардың жетеуін көшеден бірге  көрген адамдар ауылда күрт шешілуге тиіс мәселе бар екенін бірден біледі екен. Ел іші ғой, ұрыс-керіс болмай тұрмайды —  біреу құдасымен араздасады, аға мен інінің арасында түсініспеушілік туады, бір үйдің отағасы ішіп кетеді, біреудің ұлы тентек болып шығады, тағы бірінің келіні мінез көрсетеді, осылайша  үй ішінің күбір-сыбыры сыртқа шыққан жағдайда әлгі жеті ақсақал кіріп келеді екен. Бір ғажабы, олар араласқан іс оңғарыла кетеді дейді. Өйткені аталы сөзге арсыз ғана тоқтамайды…

Қараңғы түнде адасқан кісі Жетіқарақшыны бетке алушы еді ғой, сол секілді  үйінен шу шыққан кісі әлгі жеті ақсақалға жүгінетін болыпты. Ұрыс-керіс тыйылып, ажырасу азайып, елдің берекесі кіріп қалған екен.

…Ажырасу демекші,  ресми мәліметке сүйенсек, облыста өткен он жылдың ішінде дәм-тұзы жараспағандар  саны 32 пайызға өскен. Шашылып той жасап, екі жақты да несиеге батырған жас жұбайлардың өмірдің алғашқы қиындығы кездескен сәтте-ақ екіайрық жолға түсетіні жаман-ақ. Қазақтың отбасылық институты бұрын бұндай мәселені реттеп отырушы еді ғой. Ақсақалдарымыз айбынды болып, өзіне қарасты әулетті тырп еткізбей ұстаса, көп шаруа өз-өзінен шешілер еді, ә?…

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*