Басты бет » Білім » Жолдама беру автоматтандырылды

Жолдама беру автоматтандырылды

Балабақша

Биылдан бастап қаланың барлық балабақшалары мен мектептеріне жолдама беру үдерісі электронды түрде жүргізіледі. Бұл туралы Ақтөбе қалалық білім бөлімі басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Жұлдыз Шалабаева хабарлады.

Енді балаларын балабақшаға апаратын ата-аналар жолдаманы үйден шықпай-ақ электронды түрде ала алады. Ол үшін ата-ананың электронды цифрлы қолтаңбасы мен интернет желісіне қосылған компьютері болса болғаны. Ата-ана balabaqsha.akt.kz интернет порталына кіріп, өз өтінімін қалдырады. Аталған қызмет шамамен 3 минуттың ішінде жүзеге асырылады.

Бұл жүйені енгізудегі мақсат — мемлекеттік қызметті оңтайландыру, берілетін қызметтің ашықтығын қамтамасыз ету және қала тұрғындарының қызметті алудағы уақытын азайту.

— Барлық бос орындар бойынша ақпаратты балабақшалар аптаның бірінші күні жариялап отырады, ал жарияланған бос орындар кезек бойынша беріледі. Бұл туралы ақпарат ата-аналарға смс-хабарлама арқылы хабарланады.  Ал егер кезек бойынша өтініш берушілер бос орындарға қызығушылық танытпаған жағдайда орындар барлық кезекте тұрғандарға қолжетімді болады. Жолдама алған ата-ана 5 күн аралығында құжаттарын толығымен балабақшаға тапсыруы тиіс. Егер ата-ана жолдама алғаннан кейін аталған мерзім ішінде балабақшаға бармаған жағдайда, өтініш беруші 10 күнге бұғатталады. Сондықтан ата-аналар уақытын жіберіп алмау үшін балаларды медициналық тексерістен ертерек өткізе бергені дұрыс, — дейді Жұлдыз Шалабаева.

Сондай-ақ ол 25 мамырдан бастап мектепалды даярлық тобының балаларына мектепке жолдама беру жұмыстары басталатындығын айтты. Биыл маусымдық жолдама  алу да электронды түрде жүргізіледі. Ол үшін ата-аналар mektep.akt.kz порталына тіркеліп,өтінім қалдырады.

Өтінім берушілер  техникалық құралдары болмаған жағдайда,  қызметті Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы жүзеге асыра алады.

Аталған жүйе қалалық білім бөліміне 2018 жылдың қазан айында енгізілді. Бүгінгі таңда жүйе арқылы 142 балабақша жұмыс жүргізуде.

    Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*