Басты бет » Басты жаңалықтар » Атаулы әлеуметтік көмек: алдын ала есеп — 29 237 адам және 4,5 миллиард теңге

Атаулы әлеуметтік көмек: алдын ала есеп — 29 237 адам және 4,5 миллиард теңге

Бұл өткен жылғы әлеуметтік көмектен 6 есеге жуық көп

Дүйсенбіден бастап жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек алу үшін өтініштер облыстағы 161 учаскеде қабылданып жатыр. Оның 7-еуі Ақтөбе қаласында орналасқан. Бастапқы екі күнгі мәлімет бойынша жалпы 2165 адам орталықтарға келіп, оның 1254-і атаулы әлеуметтік көмек алу үшін өтініш жазған. Өтініш жазғандардың көп бөлігі Ақтөбе қаласына  тиесілі (679 адам). Ал аудандардың арасында ең көп өтініш (144) Алғада қабылданған. Ең азы Ойылда  тіркеліп отыр. Мұнда алғашқы күні небары 7 адам өтініш жазған. Екінші күні өтініш жазғандар мүлде болмапты.

Былтыр  облыста атаулы әлеуметтік көмекті жалпы 20 083 адам алды. Бұл мақсатта бюджеттен 717 миллион теңге қаржы бөлінген. Елбасының тапсырмасы бойынша тағайындалатын жаңа форматтағы  атаулы әлеуметтік көмекті облыс бойынша  шамамен 29 237 адам (5983 отбасы) алады деп жоспарланып отыр. Бұл мақсатта республикалық бюджеттен 4,5 миллиард теңге қаржы бөлінді. Дегенмен, атаулы әлеуметтік көмекті алатын адам саны бұдан да көп болуы мүмкін. Бұл өтініштерді қабылдау қорытындысында белгілі болады. Бір анығы, адам саны алдын ала болжамнан көп болса да, «ақша жетпей қалады» деп алаңдауға еш негіз жоқ. Жетпеген қаржы Заңға сәйкес жергілікті бюджеттен бөлінеді.

Сонымен жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек деген не, ол кімдерге тиесілі? Осы және бұдан да басқа мемлекеттік қолдау түрлері туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Отаровпен әңгімелескен едік.

МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ МЕН БАСЫМДЫҚТАР

— Nur Otan партиясының съезінде Елбасы халықтың тұрмыс сапасын көтеру, әл-ауқатын жақсарту мақсатында аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге байланысты бірқатар нақты міндеттер жүктеген болатын.  Сол себепті «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Заңға өзгерістер енгізіліп, жаңа  форматтағы атаулы әлеуметтік көмек жүйесі әзірленді.

Біріншіден, атаулы әлеуметтік көмек көрсету критерийі ең төменгі күнкөріс деңгейінен көтеріледі, яғни кедейлік шегінің мөлшерін 50 пайыздан 70 пайызға дейін немесе 14 849 теңгеден 20 789 теңгеге дейін өсіру қарастырылды.

Екіншіден, атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған кезде отбасының жиынтық табысынан көпбалалы отбасыларға және «Алтын алқа», «Күміс алқа» төсбелгілерімен марапатталған көпбалалы аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар, сондай-ақ балаларға арналған мүгедектігі бойынша жәрдемақылар, стипендиялар алынып тасталады. Бұрын осының бәрін отбасылық кіріс ретінде санайтын едік. Жаңа формат бойынша бұл жәрдемақылар кіріс көзі ретінде есептелмейді. 

Үшіншіден, атаулы әлеуметтік көмек алушы аз қамтылған отбасылардың әр баласына ай сайын 20 789 теңге кепілдендірілген көмек төленетін болады. Баласы студент болса, 23 жасқа толғанша 20789 теңге төленеді.

Төртіншіден, қажетті құжаттарды оңтайландыру арқылы атаулы әлеуметтік көмек тағайындау рәсімі жеңілдетілетін болады. Бұрын көп құжат тапсырылатын еді. Мекенжай анықтамасы, балалардың туу туралы куәліктері, тағы басқа.

Елбасы тапсырмасына байланысты тек қана бір құжат — өтініш иесінің жеке басының куәлігі қажет. Бірыңғай ақпараттық жүйе бар. Бұл жүйе арқылы өтініш беруші туралы ақпараттың бәрі анықталады. Отбасының жалпы кірісі, қанша жәрдемақы алатыны, тұрғылықты жері, тағы басқа. Бұл жүйеге барлық мемлекеттік бағдарламалар да енгізілген,  — дейді Қайрат Отаров.

Бесіншісі, Тұңғыш Президенттің тапсырмасына байланысты 1 шілдеден бастап мүмкіндігі шектеулі балаларға күтім жасайтын отбасыларға әлеуметтік қорғау күшейтіледі. Олардың жәрдемақысы 31,1 мың теңгеден, 40,5 мың теңгеге дейін көтеріледі. Облыста бұл санатқа жататын 3590 адам бар.

КЕШЕ ЖӘНЕ БҮГІН

Басқарма басшысының айтуынша, былтыр облыста 20 083 адам атаулы әлеуметтік көмек алған. Бұл мақсатта бюджеттен 717 миллион теңге қаржы бөлінген. 2019 жылдың жоспары жасалғанда биылғы жылға 903 миллион теңге қарастырылған екен.

— Дегенмен, Елбасы тапсырмасынан соң жаңа формат бойынша дереу қайтадан талдау жұмыстарын жасадық.  Қорытындысында жәрдемақы алатындардың саны 20 083 адамнан көп. Біздің есеп бойынша 29 237 адам атаулы әлеуметтік көмек алады. Мұның 19 099-ы — балалар. Тұңғыш Президенттің тапсырмасына байланысты жаңа үлгідегі жәрдемақы төлеу үшін республикалық бюджеттен қосымша 3585,1 миллион теңге қаражат алынды. Сонда бұл мақсатта жалпы 4,5 миллиард теңге қаржы қарастырылып отыр. Дегенмен, атаулы әлеуметтік көмек алатын адамдардың саны біздің есептеуімізден көбірек болса, жәрдемақы тағайындалғандардың «ақша жетпей қалады» деп алаңдауына негіз жоқ. Қосымша ақшаны Заңға сәйкес жергілікті бюджеттен аламыз, — дейді Қайрат Отаров.

КӨМЕККЕ КІМ МҰҚТАЖ?

Аз қамтылған отбасы  статусы қалай  анықталады?

Егер отбасының кірісі жан басына шаққанда 20 789 теңгеге тең немесе кем болса, онда бұл отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тиесілі. Мысалы, бір отбасыда 5 адам бар делік, олар: ата-анасы және 3 бала. Отағасының табысы — 60 мың теңге. Кіріс осы ғана. 60 мың теңге 5 адамға бөлінеді. Әр адамға 12 мың теңгеден келеді. Отбасындағы жұмысқа қабілетті кәмелеттік жастағы адамдарға 20 789 теңгенің айырмасы ғана төленеді. Сонда ерлі-зайыптылардың әрқайсысына 8789  теңгеден жәрдемақы беріледі. Ал отбасындағы 3 баланың әрбіреуіне 20 789 теңгеден төленетін болады.  Қорытындысында бұл отбасыға 79 945 теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалады. Жалпы атаулы әлеуметтік көмек 6 айға тағайындалады. Сонда әлгі отбасы  6 айда 479 670 теңге жәрдемақы алады.

— Мұны екі бөліп алуына да болады. Мұндай жағдайда бұл отбасы өз кәсібін ашу үшін қажетті мал немесе құрал-жабдық сатып алуы тиіс. Яғни атаулы әлеуметтік көмек кәсіп ашуға ниеттенсе ғана екі бөліп беріледі. Кәсіпкерлік нысанын ашса, ол туралы есеп береді. Бизнес жоспарын тапсырады. Жәрдемақыны ай сайын алатындарға мұндай талап қойылмайды, — дейді басқарма басшысы.

Отбасының кірісі жарты жылдан кейін қайта есептеледі. Осы уақыт ішінде кіріс көлемі өзгеруі, баласы кәмелеттік жасқа толуы немесе отбасында нәресте дүниеге келуі мүмкін.

КӘСІП АШУҒА КӨМЕК: 500 МЫҢ ТЕҢГЕ ГРАНТ

Елбасы тапсырмасының арқасында атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларға 500 мың теңге көлемінде қайтарымсыз қаржы — грант беріледі. Сондай-ақ, ауылдық жерлердегі көпбалалы аналарға «Еңбек» бағдарламасының 2-бағыты бойынша аз пайызбен шағын несиелер берілетін болады.

— Мұның бәрі халықтың әл-ауқатын көтеру мақсатында қолға алынып отыр. Тұңғыш Президенттің тапсырмасына байланысты атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларға комиссияның шешімімен 500 мың теңге көлемінде грант беріледі.  Ол қаржыға кәсіп ашу керек. Бұл бағыттағы жұмыстар «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасымен бірлесіп жүзеге асырылады. Аталған мекеме кәсіп ашуға ниетті адамдарды «Бизнес бастау» жобасы аясында тегін оқытады. Мемлекет тарапынан ауылдан келген адамдарға жолақы шығыны, жатын орынға қажетті қаржы төленеді. Оларға кәсіпкерлікті ашудың қыр-сыры үйретіледі. Бизнес жобаларын қорғайды. Соның нәтижесінде оларға сертификат пен грант беріледі. Дегенмен, берілген грант тек қана осы жобаны жүзеге асыру үшін жұмсалуы тиіс, — дейді Қайрат Отаров.

ӘЛЕУМЕТТІК КАРТА ЖАСАЛАДЫ

Сәуірдің 1-інен бастап облыста АӘК алу үшін өтініштер 161 учаскеде  қабылдануда. Ақтөбе қаласында өтініштер қабылдайтын 7 учаске бар. Олар: жұмыспен қамту орталығы, халықтық кеңсе, Тургенев көшесіндегі халыққа қызмет көрсету орталығы, Астана және Алматы аудандық әкімдіктерінің ғимараттары және бұрынғы Қурайлы және Сазды селолық округтеріндегі әкімдіктердің ғимараты. Ауыл тұрғындары үшін де қолайлы жағдай жасалған.  Селолық округтердің тұрғындары өтініш жазу үшін аудан орталығына келуінің қажеті жоқ.  Өтініштер әр ауылдағы әкімдіктерде қабылданып жатыр.

Айта кету керек, Ақтөбе қаласындағы 7 учаскеден басқа учаскелерде өтініштер таңғы сағат 9.00-ден кешкі сағат 18.00-ге дейін қабылданады. Ал облыс орталығындағы учаскелер таңғы сағат 8.00-ден кешкі 20.00-ге дейін жұмыс істейді.

— Кейбіреулер «сәуірдің 20-сына өтініш жазсақ, 20 күн жоғалтамыз» деп ойлайды. Бұл — дұрыс емес. Қай айда келсе, жәрдемақы сол айдың басынан бастап тағайындалады. Мысалы, өтініш сәуір айының қай күні қабылданса да, сәуірдің 20-сына немесе 30-ы, жәрдемақы сәуірдің 1-інен бастап тағайындалады. Сондықтан ұзын-сонар кезекке тұрып, уақыт жоғалтудың қажеті жоқ. Кезек азайған кезде, айдың соңына таман келіп, өтініш жазса да болады, — дейді басқарма басшысы.

Ескертетін нәрсе, жәрдемақы тағайындаларда сәуір мен мамыр айларында өтініш берген адамдардың отбасылық кірісі жылдың 1-тоқсанындағы кіріс бойынша есептеледі, ал шілдеде келген адамдарға 2-тоқсандағы отбасылық кіріс есептелінеді.

— Біз қабылданған өтініштер арқылы адамдардың әлеуметтік жағдайын да анықтай аламыз. Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің тапсырмасына байланысты қазір Ақтөбе қаласы мен аудандарда мобильді топтар құрылып, бірінші кезекте аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың жеке әлеуметтік картасын толтыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Әлеуметтік карта әрбір отбасының қажеттілігін, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын бағалауды көздейді және өмірлік қиын жағдайының деңгейін анықтайды, — дейді Қайрат Отаров.

P.S: Атаулы әлеуметтік көмек алу үшін өтінішітер қабылданып жатқан учаскелердегі мамандардың айтуынша, өтініш берушілердің көбі — әйел адамдар. Олар толтырған мәліметтерге сүйенсек, отбасын асыраушы — әйелдер де, ерлердің дені — бала күтіміммен үйде отыр. Ер адамдарға бала күтімі үшін балалары 7 жасқа толғанша жәрдемақы төленеді екен. Бұдан отбасындағы ғана емес, қоғамдағы ер адамның беделі көрінбей ме?..     

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*