Басты бет » Басты жаңалықтар » «Айлығы» 200 мың теңгеден кем болмайтын бақташылыққа неге ешкім бармайды?

«Айлығы» 200 мың теңгеден кем болмайтын бақташылыққа неге ешкім бармайды?

Жер кеуіп, мал өріске шығар осы кезде ауыл адамдары бақташы іздеп сабылады. Алыс ауылда да солай, аудан орталығында да солай. Бұған қоса  тұрғындар өріске шығатын малды бағу ақысының  өсуіне де алаңдайды.

Айталық, бір бас ірі қараның  ай сайынғы ең төменгі төлемі 1000 теңге болса, біраздан соң үстіне 200-300 теңге қосылады.  Бұл, әрине, мал иелеріне тиімсіз болғандықтан, олар бағу бағасын түсір деп ауылдық округ әкімдеріне, аудан әкіміне  талап қояды.  Әкімдер  бағаны көтермеуге қанша амал жасаса да,   бақташының «бизнесіне» араласа алмайды. Өйткені, ауылда  жаздай мал бағамын деп  белсеніп шығатын бақташы жоқтың қасы. Егер бір ауылда  4-5 бағытқа мал күтуі ұйымдастырылса, әр бақташының алдынан кем дегенде 150-200 бас ірі қара өретін болса, осының бір бағытына бақташы табылмай жатады.  Кейбір аудан әкімдері  бақташылардың жағдайын жасап астына ат, үстіне үй береді. Қыста жұмыссыз қалдырмай, келесі көктемге мал бағуға шығуға уәдесін алып,  қоғамдық жұмысқа  тіркейді.

Бүгінгі ауыл бақташысы кім?  Олардың дені жасы келген, ауыр жұмысқа жарамсыз, денсаулығы да мәз емес адам. Аяқ-қолы балғадай жастар мал бағуға бармайды.  Бақташының міндеті — таңертең малды өріске айдап әкетіп, кешке түгендеп әкелу. Малы сәл кешіксе бақташыдан көріп, оған кінәрат артатындар да көп.

Бақташының да айтар өз уәжі бар. «Әр тұрғын малды алдыма салсын да, кешкісін күтіп алсын. Көбі малдарын қорасының есігінен шығарып жіберіп, есіктің алдынан күтіп алады». Еңбегінің  лайықты түрде бағаланғанын қалайды. Өткен жылғымен салыстырғанда  зат қымбаттады, азық-түлік бағасы өскен. Айдалада күн ұзақ аттың үстінде жүру оңай емес.  Бағым ақысын уақытында  бермейтіндер де бар. Берсе де кешіктіріп, созбалаңға салады. Міне, екі тараптың таусылмас жыры осылай жаздай жалғасады.

Тіпті тұрғындардың өз малына немқұрайлылығы шектен шыққаны соншалық, жергілікті тәртіп сақшылары көшеде  бейсауат жүрген малды айыппұлдың күшімен иіруге мәжбүр. Сөйтіп бақташыға қимаған ақшасын айыппұлға еселеп төлейтіндер табылып тұр.

Аудан орталығы тұрғындары қолдарына жаздай сауын сиырын алып қалып, қалғанын қырға қосады. Шаруа  қожалықтары бір бас ірі қараны 800-1000, қой ешкіні 300-400 теңгеге бағып береді.  Жекенің малы мен шаруа қожалықтарының малы осылайша жаз бойы  араласып жүреді. Күтімге мал қосатын көктем мезгілі –мал үшін қауіпті. Себебі, осы кезең – сарып ауруының құтыратын кезі. Індет қыстан әзер шыққан малға  тез жұғып, жылдам таралады. Бірақ көп ағайын осы жағын ескере бермейді. Бұл бөлек әңгіме.

Сонымен қазір аудандарға бақташы керек. Бір-екі аудан хабарландыру іліп те жатыр. Бақташының бағасы әр өңірде әртүрлі. Алға ауданында бір бас ірі қараны бағу айына –1500 теңге, Шұбарқұдық кентінде —1300 теңге, Хромтау ауданының орталығында – 2000 теңге.

Бадамшаның айналасы егістік болғандықтан  өріс тар. Осы себептен әр малды егістікке түсірмей бағуға  ешкім құлшынып шыға бермейді. Бейнетінен қашады.

Ал, тұрғындары  тек қана мал шаруашылығымен күн көріп отырған Ойыл ауданы бір бағытқа бақташы таппай отыр.  Ырғыз ауданында да бақташы бірде бар, бірде жоқ. Ырғыз ауылдық  округінің әкімі Алтынбек Сариннің айтуынша, жергілікті шаруа қожалықтары, кәсіпкерлер мал бағатын адам іздеп әкімшілікке жиі сұраныс жібереді.

— 4-5 бағытқа шығатын бақташы жөнінен бізде де мәселе туындайды.  Басында бір-екі ай күту болғанымен, арты бытырап кетіп жатады. Кейбір тұрғындар ақша төлегісі келмей, бөлек айдап жібереді.  Соның салдарынан көшеде бос жүрген малдар көбейіп, ақыры иелері анықталғанша, малдарды  уақытша қамау алаңында ұстауға мәжбүрміз. Бір сиырдың ай сайынғы төлемі 800-1000 теңге. Жұмыс сұрап келетін жастар көп. Ал жаңағыдай жұмыстарды ұсынсақ ешкім бармайды, — дейді А. Сарин.

Бұл тек аудан орталықтарындағы жағдай. Ал, ауылдық округтердің елді мекендерінде ірі қара малы күтусіз, бағусыз жүреді. Жылқыны ауылдарда ешкім бақпайды.  Емін-еркін жүрген сиырлар  жақын орналасқан шаруа қожалықтың жеріне түсіп, одан айқай-шу шығып, ауылдағы ағайынның арасына жік түсіреді. Екінші жағынан, мал ұрлығына да иелерінің өздері себепші. Қараусыз, бақылаусыз қалған малдары өрісте ұрланып жатса, оған бір жағынан иелерінің өздері де себепші емес пе?

Қалай болғанда да аудан орталықтарындағы мал күтуі күрделі мәселе болып отыр. Бақташы мен мал иелерінің арасында келісімшарт жоқ болса, бақташы жоғалған малға жауап бермейді және ақшасын уақытында ала алмайды.

Биыл бес бағытқа шығатын болды.  Ірі қараның басына бір айға 1500 теңге жарна алынады. Ал қой-ешкіні   тұрғындар кезекпен өздері бағады.

Жылда ұйымдастырылып жүрген осы шаруада бір кішкентай кілтипан бар, тұрғындар бақташымен  заңды түрде келісімшартқа отыруға аса құлық таныта қоймайды. Сондықтан мал жоғалған жағдайда немесе әлдебір оқыс оқиғаға тап болған жағдайда (көлікке соғылу, пойыздың астына түсіп қалу, батпаққа батып қалып, арам өлу) мәселені заңды түрде шешуге мүмкіндік болмай қалады. Осы жағы да ескерілсе,— дейді Алға қаласының тұрғыны Сержан Брешов.

Кейбір аудандарда арнайы жеке кәсіпкер болып тіркеліп, әр тұрғынмен келісімшартқа отырып, немесе ауызша келісіммен мал бағып жүрген кәсіп иелері де пайда болды.

Мәртөк ауданында мал бағу мәселесі жақсы жолға қойылған. Бұл ауданның бақташылары тұрақты,  қос тарап ортақ келісім тауып отыр.

— Мәртөк ауылдық  округіне қарасты Құмсай, Қазан елді мекендерінде бақташы бар. Орталықтың өзінде 4 бағытта бағылады. Арнайы жерлер бөлініп берілді, түсіндіріліп айтылды. Бізде бақташылар жеке кәсіпкер болып тіркеледі. Олардың аты, көлігі және аталық малдары болады. Тұрғындар бақташымен өздері келісіп, істің ыңғайын бірлесіп шешеді. Бағаны да өздері белгілейді.  Биыл өскен жоқ. Біз екі тарапты кездестіріп, жиын өткіздік. Әр бақташының алдында 150-200-дей мал болады, — дейді Мәртөк ауылдық  округінің әкімі Жомарт Бақыткелді.

Көзімді ашқалы малдың соңында келеміз. Тұрғындардың сиырын бес жылдан бері бағып келемін. Жасым 62-де. Ортаншы ұлым көмектеседі. Әр басқа 1800 теңге төлейді. Жыл сайын 150 бастан кем болмайды. Айына 250-300 мың аралығында табыс кіреді. Бірақ бейнеті де бар. Дегенмен, мұндай ақшаны қандай жұмыс істесең де таппайсың. Мен жастарды түсінбеймін. Қазір осындай жұмысқа қызыға бермейді. Ал ерінбеген адамға бұдан асқан табыс жоқ. Менің бағытымдағы тұрғындар ертеңгі сағат 7-де алдыма әкеліп қосады, кешкісін күтіп алады. Сиыр далада туып қалса иелеріне хабарлаймын. Ақша төлемеу деген мәселе жоқ. Кейбір тұрғындар келесі айда қосып береді. Сондықтан мен де әр малға жауапкершілікпен қараймын. Алла қуат берсе, әлі де баға беремін. Бұл кәсіпті ұлым жалғайды деп отырмын, — дейді Базарбай Байтажиев.

Мал бағу қанымызға сіңген атакәсіп болғанымен қазіргі кезде жастар мал соңында жүргеннен гөрі жып-жылы жерде күзетші, от жағушы, тағы басқа жеңіл жұмыстарға құмар. Дені сау адамның үкіметтің 42 мың айлығына  телміріп, одан қалды әлеуметтік көмек күтіп жүретіндердің қатары көп. Бұл жалқаулық па, әлде баланы еңбекке баулудағы ата-ана тәрбиесінің аздығы ма?

Әлеуметтік желілерде, көгілдір экранның жүгіртпе жолдарында, газет беттерінде малшы іздеген хабарландырулар күн сайын шығып жатады.

Қалай десек те білімі, денсаулығы, тәжірибесі жөнінде талап пен ешқандай құжатты қажет етпейтін малшы, бақташылар қазіргі таңда үлкен сұранысқа ие.

 Самат НАРЕГЕЕВ. 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*