Басты бет » Ақтөбе — 150 » Бабалар тарихын сөйлетсек…

Бабалар тарихын сөйлетсек…

Биыл облыс орталығы — Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойы атап өтіледі.

Қала тарихы 1869 жылдан басталады, яғни патша үкіметінің қазақ жерін отарлау саясаты бойынша, Ұлы далада бұрын салынған бекіністердің арасын неғұрлым жақындата түсу үшін, нақ осы жылы Елек өзенінің жағалауында Ақтөбе бекінісінің іргетасы қаланды. Ол тұста бұл өңірдің төрт жағы түгел орыстың иелігінде еді: Орынборды айтпағанда, Жаманқаланың (Орск) іргетасы 1735 жылы қаланған, Торғай мен Ырғыз — 1845 жылы, Форт-Шевченко (Новопетровск) 1846 жылы салынған, ал Қызылорданы (Перовск) 1853 жылы жаулап алды, т.б.

Ақтөбе бекінісі үшін таңдап алынған мекен, әрине, оған дейін де бос жатқан жер емес еді.

Біз бүгін 150 жылдың арғы жағындағы тарихқа бір үңілгенді жөн көрдік.

Ғұндардан қалған  белгі

Ұлы дала төсіндегі осынау ақ төбелі мекенді бұл маңайдағы жұрт ежелден-ақ ерекше назарда ұстаған. Елекке кеп құятын, аққу ұшып, қаз қонған өзендері, құнарлы топырағы, талайды тамсандырған табиғатынан да бөлек, айрықша бір қасиеті бар құтты, киелі мекен саналса керек. Бұл айналада көне дәуірлерден — сарматтардан, ғұндардан, орта ғасырлар мен бергі жаугершілік замандардан қалған қорған-қорымдар өте көп, өкініштісі, олардың бір бөлігі елді мекен, түрлі құрылыстар мен кеңестік заманда салынған су қоймаларының астында қалып отыр.

Өткен жылдың маусым айында қаладан үш шақырым жердегі құрылысқа қажетті құм өндірілетін орындардың бірінен ғұн дәуіріне жататын көне қабір табылды. Жерленген адамның киімі, ер-тоқымы мен қару-жарақтары алтын, күміс сынды металдармен және түрлі тастармен көмкеріліп-әшекейленген. Сондықтан зерттеушілер оны тегін адам емес, тайпа көсемі, не рубасы, әлде қол бастаған әскербасы болса керек деген пікірге келді. Темірден соғылған қылыштың сабы алтынмен және асыл таспен безендірілген. Ер-тоқым да солай: алтын-күміспен, асыл тастармен көмкеріліпті. Және, зерттеушілердің айтуынша, бұл ер-тоқым жерлеу рәсімі үшін арнайы әзірленген зат болуы да мүмкін. Сондай-ақ, зираттан алтын түймелер, әшекейленген белдік, т.б. шыққан.

Қазба жұмыстарымен жылдар бойы айналысып келе жатқан тәжірибелі археологтар жерленген адамды ғұн дәуірінің жауынгері, әрі қатардағы көп жауынгердің бірі емес, қол бастаған сардар деген болжамды бірауыздан алға тартты. Ол, шамамен, ІІ-ІV ғасырлар аралығында өмір сүрген. Табылған сүйек пен қазып алынған заттар зерттеуге жіберілді. Зерттеулер қорытындысы алдағы уақытта белгілі болмақ. Ал көне жәдігерлер, қайта қалпына келтірілгеннен кейін, облыстық тарихи-өлкетану музейінің алтын бұйымдар залына қойылатын болады.

Едіге бидің ұрпағы

ХІХ ғасыр басындағы қала старостасы В.И. Мощенский Ақтөбенің тарихына қатысты мақалаларының бірінде Елек пен Қарғалы өзендерінің құйылысындағы қос төбенің ең биігінде зират болғанын, бекініс құрылысын жүргізу барысында зираттан адамның сүйегі шыққанын жазады. «…Басқарушы Қосуақов, сұлтан Арынғазиевтің және Т.Әлмұхамедовтің айтулары бойынша, бұл — тарихта белгілі батыр, хан Қарасайдың сүйегі», — деген дерек қалдырыпты Мощенский.

Зерттеушілердің айтуынша, алып тұлғалы Қарасай есімі Орынбор епископы Мефодийдің 1916 жылы Орынбор Ғылыми мұрағаттық комиссиясына жолдаған хатында да бар екен. Епископ төбеден қазылып алынған сүйектің Мамайдың туысы Қарасайдыкі екенін, таңғаларлықтай ірі сүйектің Орынборға әкетілгенін, ал жауырын сүйегі қазақтардың қолында қалып, жергілікті жұрттың оны ауруға қарсы пайдаланып жүргенін жазған.

Жалпы, Мамайдың атын естігенде, алдымен Бердібек хан өлгеннен кейін, Алтын Орда тағына қайтадан Бату ұрпақтарының бірін отырғызуды аңсап, күрес жүргізген, Күлік шайқасында Дмитрий Донскойдан жеңілген (орыс тарихшылары бұл шайқасты Алтын Орда бодандығынан құтылудың басы ретінде дәріптейді) атақты Мамай есімізге түсетін. Дегенмен, ақ төбе басына жерленген Қарасай батырдың «Қарасай-Қази» жырына қатыстылығы жөніндегі екінші бір дерек бұл жорамалымызды мүлде жоққа шығарады.

Жырдың Қырықмылтық Қарасай жыраудан жеткен нұсқасында:

«Батыр Орақ,

Хан Мамай —

Ел мақтаған ер еді.

Қарасай, Қази екеуі

Орақтан туған ұл еді.

Еділдің бойы Сарайшық,

Ақтөбе мен Қорғанша —

Орақ пенен Мамайдың

Атақоныс жері еді», — делінген.

(Бұл нұсқаны Түрікменстан жақтан көшіп келген Үбіғали Бақтығалиұлы өзінің Құнанорыс Мұса және Қырықмылтық Тәжік жыраулардан үйренгенін айтып, «Атамұра» жинағына шығарған. Қабиболла Сыдиықұлы бір еңбегінде Үбіғали Бақтығалиұлының 1925 жылы Ақтөбе облысының Алтықарасу-Кенжалы деген жерінде туғанын жазады. Түрікменстан жағына кейінгі қуғын-сүргіндер кезінде кеткен.)

«Қарасай-Қази» жырын Нұрпейіс Байғанин де жырлапты. Сондай-ақ, Нұрпейіс бабамыздың күйшілік өнері де болғанын, әсіресе, халық күйі «Қарасай-Қазиды» сүйіп орындағанын бізге оның баласы Момын аға жеткізген еді.

Сонымен, бұл жырдағы Мамай — Бердібек хан тұсында Алтын Орданың беклербегі (бас уәзір) болған Мамай емес, атақты Едіге бидің кіші ұлы Нұрадиннен тараған ұрпағы. Тарихи деректерге сай, Едіге би де Мамайдан кейін Алтын Орданың беклербегі болған. Ал Нұрадиннің баласы Уақас Әбілқайыр ханның (Шайбанилердің атасы) беклербегі болыпты. Уақастан Мұса туған, осы Мұса бидің тұсында Ноғай Ордасы өз алдына — жеке елге, ал Едіге ұрпақтары билеуші әулетке айналған. Мамай — Мұса бидің баласы. Орақ батыр — Мамайдың бауыры Алшағырдың баласы екен. Қарасай мен Қазидың шежіресі осылай тарқатылады.

Айта кетелік, Мұсаның Мамай есімді ұлы екеу болған, бірінің толық есімі — Шейх-Мамай, ол Сарайшықта жерленген. Қазақ тарихшыларының айтуынша, Шейх-Мамайдың тұсында ноғайлар Қазақ Ордасының құрамына енген. Ал орыс «деректері» бұл дәуірде де, одан кейін де қазақ пен ноғайды бір-біріне жақындатпауға «тырысып бағыпты».

Мұса бидің Мамай есімді екінші ұлы, орыс деректері бойынша, ел билемеген, сондықтан ол «мырза» дәрежесінде болған. Жалпы, Ноғай Ордасының билеушілері Шыңғыс хан ұрпағы болмағандықтан, хан атана алмаған, тек «би» дәрежесін иемденген. Дегенмен, біз білетін жыр шумақтары «Мамай хан» деп басталады… Бұл кейінгі ұрпақтың өз тарихына деген құрметінің бір көрінісі болар деп топшылаймыз.

Сондай-ақ, Орақтың баласы Қази кейін Ноғай Ордасынан бөлініп шыққан Кіші Ноғай Ордасының билеушісі болған. Деректерде көрсетілгендей, Қазидың ұлысы Орынбор өлкесіндегі Бұзылық өзені мен Арал теңізі аралығын мекен еткен.

Ауызша тарих бойынша, Қази да Ақтөбе қаласының аумағында жерленген. Қарасай, Қази бабаларымыздың зираттары қиратылғанмен, кейінгі ұрпақ олардың есімдерін жырға, күйге арқау етіп, мәңгі есте қалдырып отыр.

Бір атап өтерлік жайт, бұрынғы жыршы-жыраулар мен олардың тыңдаушылары «Қарасай, Қази» жырының ерекше қасиеті бар деп есептеген. Бұл жөнінде Үбіғали Бақтығалиұлы: «Осы Қарасай, Қази, хан Әділді — «Үш арманды» жырлағанда жаңбыр жауады дейтін үлкендер», — деп жазыпты.

Есім хан ұрпақтарының қонысы

Ақтөбе жері тағы бір билеуші әулет — Есім хан ұрпақтарының қонысы болғаны жөнінде де деректер қалған. Бекініс салынбастан әлдеқайда бұрын, қазақтар арасындағы беделді адамдар жөнінде дерек жинаған орыс тыңшылары Есім ханның жетінші ұрпағы — Арынғазы ханның Елек бойын мекен ететінін жазған. Бұл жөнінде тарихшылар Әбілсейіт Мұхтар мен Ұлжан Ахметова: «Орыс тыңшыларының 1820 жылғы ақпарына сенсек, Кіші жүздегі 100 мың ауыл Арынғазыға, 4 мың ауыл Шерғазы ханға бағынған екен. Ел ішіндегі ең беделді адамдар тізімі Арынғазы сұлтан, Темір Ерәліұлы, Қаратай Нұрәліұлы делініп, Арынғазының тұрақты мекені ретінде 1820 жылдың күзінде Елек өзені көрсетілген», — деп жазды.

Әбілқайыр ханнан кейін патша үкіметі Кіші жүз хандарын тағайындауды өз құзырына алған. Дегенмен, ғасырлар бойы ел басқаратын ханды өздері сайлайтын дәстүрге үйренген ел ағалары бұған көне қоймаған. Патша қолдаған ханға бағынғысы келмеген Кіші жүз рулары 1816 жылы Арынғазыны өздеріне хан етіп сайлапты. Патша шенеуніктері бұл дауды шешу үшін Арынғазыны алдап Петербургке шақырып, одан Калугага жер аударып жібергені, Арынғазы ханның 1833 жылы сол жақта қайтыс болғаны тарихтан белгілі. Арынғазы ханның сүйегі алыс Калугада қалды.

1869 жылы жасалған жер Жоспарында бекініс айналасында қыстаулар мен қорымдар тізімі берілген. Осы тізімде 18-нөмірмен Мұхамет-Қазы қыстауы көрсетіліпті. Бұл Мұхамет-Қазы — Арынғазы хан бауырына басқан оның інісі Нұрғазының (ел аузында — Нұрым батыр) баласы.

Сондай-ақ, Ақтөбенің тәуелсіздік алғаннан кейінгі ең алғашқы мерейтойы — 130 жылдығына орай Қуандық Шаңғытбаев пен белгілі тарихшы, профессор Төреғали Қаратаев жазған лебізде де: «Біздің елдің ақындары Електің батысындағы кішкентай ғана ақ төбешік бір кездерде Арынғазының жайлауы болыпты деуші еді», — делінген.

Жазушы, жерлесіміз Ғалым Ахмедовтің 1981 жылдың 17 шілдесінде Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген «Елін іздеген қыз» деректі әңгімесінде Арынғазы ханның ұрпағы, Мәскеудегі емханалардың бірінде бас дәрігер болып қызмет етіп жүрген Варвара Арынғазиева өз әкесін «Ақтөбенің қазағы» деп атаған.

Осылайша, патша заманынан қалған құжаттар да, қазақ қаламгерлері мен зерттеушілерінің тірнектеп жиған деректері де Ақтөбенің бір кезде Арынғазы хан әулетіне қоныс болғанын дәйектейді.

Ақтөбе — қазақ үшін ежелден қадірлі, тарихи мекен. Біз бұл мекеннің арғы тарихына қатысты толымды зерттеулердің, үлкен еңбектердің уақыты алда деп үміттенеміз. Бір тілегіміз, қала мерейтойына арналған шаралар бергі 150 жылдың айналасымен шектелмей, көне тарихпен, өз тамырымызбен байланыстырылса, яғни Қарасай, Қази, Арынғазы мен оның күрескер ұрпақтарының есімдерін есте сақтау мақсатында, бабалар дәстүрі бойынша, мешіттерімізде, жиындарда олардың рухтарына арнап Құран оқыту, «Қарасай, Қази» жырын, оны жеткізушілерді насихаттау, жас ұрпақ арасында осы жырды жатқа оқудан жарыстар ұйымдастыру секілді істер көбірек қолға алынса дейміз.

 Тарих беттерін парақтаған Индира ӨТЕМІС.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*