Басты бет » Тарих » Ер Едіге есте ме…

Ер Едіге есте ме…

Кешегі кеңестік дәуірдің өзінде сол дәуірдің қалыбына сыймайтын, кеудесі алтын сандықтай қазына қарттарымыздың болғаны рас. Солардың бірі, бірегейі ауыл ақсақалы Тахар Қожахметов ақсақал еді. Кәрі құлақ, ескінің көзі күнді түнге ұластырып, ұзақ таңға майын тамызып айтатын әңгімеші-шежіреші болатұғын. Бала кезімізде көп әңгімесін тыңдадық, «Қырымның қырық батыры» жырын, басқа да шежіре-тарихты  сол қариялардан  естіп қалғанбыз.

Бір нәрсе айдай анық, тарихы өшкен адам мәңгүрт боп кетеді екен. Жасымыз жер ортасынан ауғанда, қазір ғана ата-баба тарихынан бірдеңе аңғара бастадық. Мұның өзі шала-шарпы: «Шыңғысхан түркілік көрінеді. Жоқ, түркі емес, монғол. Дешті Қыпшақ мемлекетінің негізін қалаған Жошы – Шыңғыстың үлкен баласы. Жоқ, олай емес, жолдан туған! Бату хан орысты ел қылыпты…» былай тұрсын, «Золотая Орда» кімнің мемлекеті, монғолдікі ме, түркілердікі ме? Қырық жыл хандық құрған Хақназар кім еді, Тәуекел баһадүр хан не істеді? Қарасай мен Қази, Орақ пен Мамай кімдер? Сұрақ көп, толып жатқан дау-дамай осылай кете барады….  Біліп бола алмадық, мен сияқты қатардағы қазаққа қиын-ақ, ми айналады,

Сөйтіп жүргенде «Ер Едіге» дегенді естідік. Мектептердегі тарих оқулығынан емес, интернет желісінен. Түркі тектес бауырлар «Едігелеп!» шулап барады. Едіге біздің орта ғасырдағы мемлекетіміз Алтын Орданы жиырма жылдай билепті. Дағыстан Едігеге мектеп атауын беріп қана қоймай, бір елді мекенді соның атымен атапты. Қазанда «Идегәй» деген пьеса қойылып жатқан көрінеді. Башқұрттар астанасы Үпеден көше берген. Ал азғантай қарақалпақ  Нөкісте 2001 жылы ескерткішін орнатып, «Едіге батыр» эпосын  мектептегі балаларына оқытып жатыр. Жыршылары қайыра жырлауда.

Ноғай, қарақалпақ тіліндегі «Едіге батыр» эпосы нұсқалары орыс тілі былай тұрсын, ағылшын тіліне аударылып кетіпті. Шетелдік фольклортанушы ғалымдар мақтап баға беруде. Мұның бәрін біз интернеттен білдік. Сонда барып «Бұл кім еді?» деп іздей бастадық.

Кеңес тұсындағы «Большая Советская энциклопедияны» ашсақ, тұр екен: «ЕДИГЕЙ, Идигу, Идику (1352-1419), эмир Белой Орды из племени мангит. К 1396  стал самостоят. правителем междуречья Волги и Яйка и явил. основателем  Ногайской Орды, окончательно оформифщейся при его сына Нурадине (правил в 1426-40). Е. начал вместе с Темир-Кутлуком войну с Тохтамышем. В 1397 Е. стал главой золотоордынского войска; в 1399 разбил на р. Ворскле соединенные силы литов. кн. Витовта и бежащего в Литву Тохтамыша. После смерти Тимур-Кутлука в 1399 Е. фактически стал главой Золотой Орды, в последний раз произведя объединение всех прежних улусов Джучи. В 1406 Е. убил Тохтамыша, обосновавшегося в Зап. Сибири; в 1407 организовал поход на Булгар. В 1408 напал на Русь, чтобы заставить ее снова платить дань Золотой Орде, разрушил ряд городов (Серпухов, Дмитров, Ростов, Персяславль, Н. Новгород и др.), осадил Москву, но взять ее не смог. Во время смуты 1410-12 Е. потерял власть в Орде и бежал в Хорезм, откуда его изгнал гератский хан Шахрух в 1414. Убит близ г. Сарайчика одним из сыновей Тохтамыша».

Аяғында азған, тозған, Мәскеуді ала алмаған. Шахрух қуып шыққан, Тоқтамыстың әлдебір баласы оп-оңай өлтіре салған… Таныс әуен. Кеңестік әл-әл-ау!

Тағы да деректер іздестірдік. Сөйтсек, бар екен, оны көзімен көрген сол заманның тарихшысы ибн Арабшах: «Ол Дештіні 20 жылдай биледі. Оның патшалық құрған күндері сан ықылымдағы нұрлы сәуле болса, ол салтанат құрған түндер замана кейпіндегі арайлы шапақ болды. Ол қара торы, орта бойлы, дембелше, кең иықты, ер кейіпті, түрі айбарлы кісі еді. …Ақылы кемел, асқан жомарт, күлкісі биязы, аңғарымпаз да тапқыр, ғұлама оқымыстыларды сыйлаған, мәрт адамдарды қастерлеген, пақырларға мейірімді, имандыларға қайырымды, ораза, намазын берік тұтып, шариғат жолын адал ұстанған, Алланың аяты мен пайғамбардың хадисін көкірегіне түйген адам еді», — дейді.

«Мұны біздің аймақта білетін кім бар екен?» деп жан-жағымызды қармандық. Сөйтсек, Ақтөбеде оны дұрыс білетін бір-ақ адам бар екен, ол Жұбаназар Асанов деген өз бауырымыз болып шықты. Тауып алып жолықтық, мұның өзі Едігенің тарихынан гөрі, ол туралы жырдың мәнісін көбірек игерген адам болып шықты. «Едіге батыр» тарихи-қаһармандық эпосының түркілер арасында 50 нұсқасы бар көрінеді. 50 нұсқалы эпос жер шарында жоқ дейді. Фольклортану ғылымына жүгінсек, осынша көп нұсқалылық кейіпкерінің түркі халықтарының сүйіктісі екендігін көрсетеді дейді.

Қазіргі күні «Едіге батыр» жыры оңтүстіктегі Түрікмен, Өзбек Республикаларынан бастап, Сібір татарларына дейінгі түркілер арасында бар, алыс шетел Түркия мен Румыния жерлеріндегі түркілерде сақталған көрінеді. «Едіге» эпосы — Алтын Орда дәуіріндегі ата-бабаларымыздың кейінгіге қалдырған үлгі-өсиеті, асыл аманаты. Күні кеше ғана күркіреп тұрған мемлекетін, рухани бірлігін, тұтастығын, басынан ұшқан бағын жоқтауы, жан дауысы, имандай сыры дейді.

Бұл 2009 жыл еді. Біздің Едігемен «ауруымыз» да, ауыл-аймақтағы аталарымызға ас беруден әрі асып, арғы тарихымызға үңілуіміз де осылай басталды. Тарихи жәдігерлерді төрт адам — Қарабас Аманғали, Әділкерей, Мұздыбай — төрт жақтан жабыла қарай бастадық: орта ғасыр тарихы, Алтын Орда тарихы, ибн Арабшақ, Әли Жезді, Натанзи, Тизенгаузен, Қадырғали Жалайыр, Әбілғазы баһадүр хан, Н.Карамзин, Ш.Уәлиханов, Л.Гумилев, Ә.Бөкейханов, М.Тынышбаев, берідегі В.Трепавлов, Әнес Сарай…, тақырыпқа қатысы бар барлық ақпараттар қарастырылып, тегіс сүзгіден өткізілді. Тарихи санасы тәуелсіздік заманында қалыптасқан жастарды тарта білдік. Мақсат Әуелбаев сынды ізденгіш жастарымыз зерттеу ісіне белсене араласты. Мақсаттың Жұбаназар Асановпен бірге «Ер Едігенің тарихы» атты монографиялық еңбектері жарық көрді.

Анығы, Едіге — Алтын Орданың бектербегісі. Бектербегі — мемлекеттің қарулы күштерінің Бас қолбасшысы. Ханнан кейінгі екінші тұлға. Шыңғысхан тұқымы емес, сондықтан оның хан тағына отыруға құқы жоқ, алайда алты ханды өз қолынан тағайындап, билікті берік ұстаған. Едіге қазіргі қазақ жерінде туып, қазақ жерінде мәңгілік байыз тауыпты, Құмкентте дүниеге келіп, Ұлытауға жерленген көрінеді. Ізімізге ерген ініміз Мұздыбайды Ұлытауға жібердік. Барып келіп: «Обасы  теңіз деңгейінен 1300 метр биіктіктегі таудың басында. Шыңның қақ төбесіндегі шақа тасты қазып, денесін сонда қойыпты. Және де жанында Тоқтамыс хан жерленген», — деп тамсанды. Жаяулап басына шыққан. Тегіс суретке түсірген. Өзіне-өзі сенімді. Мұздыбайды Әділкерей қоштады, ертеректе бұл да сол шыңның басына шыққан екен. Ортаға алып  талқыладық.

Филология ғылымының докторы Жұбаназар бауырымыз бұрын Ақтөбедегі мұғалімдер институтының физика-математика факультетін бітірген адам еді, сонысына бағып: «аргументтері тиянақсыз, аргументтері нақты болмаса теорема дәлелденбейді», — деп күдікпен қарады. «Біріншіден, қазақ таудың басынан тас қопарып, қабір қазбайды, екіншіден, «оба» атақты адамға ескерткіш белгі есебінде де қойыла береді, үшіншіден,  ата жауы Тоқтамыспен қатар жатуы мүмкін емес. Төртіншіден, онда шың болса, мұнда «Едіге» атты ойпат бар, «Едігенің жалы» деген әйдік төбе тұр, Құмкентте «Едігенің майлы жұрты» бар, сондықтан ол шың шешуші айғақ бола алмайды», — деп бізді бет бақтырмады. Кімге сенерімізді білмей дағдардық. Ақыры бір ілгішек таптық, Шоқан Уәлиханов басына арнайы келіп, бұл оба туралы жазып кеткен екен. «Западная часть горы Улутау в Средней орде, составляющая совершенно отдельный утес от главного хребта, называется Идыге. На вершине этого утеса есть курган, сложенный из плитняка и бута; курган этот, имеющий форму всех оба (по-монгольски – обо), т.е. курганов, воздвигнутых в честь и воспоминание падших или умерших героев, называется Идыгененобасы; самая гора называется просто Идыге. …А.И. Шренк был на этом кургане и очень верно срисовал вид этого утеса. Неизвестно, где находится могила Тохтамыш-хана; современники его и Идыге, Кен-Джанбай, Кара-кипчак Кобланды, Киекбай, о котором, впрочем, не говорится в этой рапсодии, Худайберды, Кос-Давлет, Кара-Ходжа; этому последнему киргизы  приписывают, что он был родоначальником аргынов, Кара-Ходжа был посланником от Тохтамыша к Тамерлану. Кургани этих героев находятся на правой стороне реки Ишима; могилы ли это их или только памятники, определить невазможно  до тех пор, пока эти курганы не будут раскопаны» — депті Шоқан (Бес томдық шығармалар жинағы, т.5,297-бет).  Мұның өзі Мұздыбай мен Әділкерейге ілгішек боп жарытпады, себебі Шоқан Едіге осында жатыр деп кесіп айтпаған. Тоқтамыстікі белгісіз деген.

Мұның үстіне Мәшһүр Жүсіп Көпеев те Едігенің сүйегі Ұлытауда емес, Құмкенттегі Шашты Әзіз атасының жанында депті. Осылайша, мәселенің шешімі күрделене түсті. Сөйтіп жүргенде Ақтөбе облысының Байғанин ауданы Қопа аулының 93 жастағы тұрғыны Адай Ығылман бізге: «Ноғайлының батыры Едігенің сүйегі ана көрініп тұрған төбеде,  «Едігенің жалында» жатыр», — деді. «Оны сізге кім айтты?» дедік біз.

«Менің бала кезімде жасы сексеннен асқан Жәмек деген шежіреші шал бар еді, сол айтты». Бұған кім сенсін, бұл тарихи дерекке жарамайды, сол жерде қалды. Ізденіс жалғаса берді. Ұзатпай Жұбаназар Қадырғали Жалайырдың 1997 жылы Алматыдан шыққан «Шежірелер жинағын» көрсетті, онда былай деп аққа қарамен таңбаланыпты: «Кейін он бір жыл өткенде Қадырберді хан Қырым әскерімен келіп, Еділ дариясынан кешіп өтіп, Едіге бимен соғыс қылды. …Едіге би жаралы болды. Қадірберді хан да жарақат алды. Екі жақ әскері бірін-бірі аямай кескіледі. Ичкили ұлы Хасан Едіге бидің ақта атын (ереуіл атын) ұстап тұр  еді. Қадірберді ханға «Едіге мұнда жатыр» деп хабар берді. Ол жетіп келіп, оны өлтіреді. Қадірберді хан да сол жарақаттан кейін бірнеше күннен соң опат болды» [115-б.].

«Ол уақытта Қадірберді хан Едіге бимен соғыс қылды. Жайықтан шыққан Елек суы еді. Онан жоғары үш Бөрте шығады. Ол үш Бөртенің орта Бөртесінде Қадірберді ханмен Едіге би қатты соғыс қылды.

«Бұл Едіге би алпыс үш жасында опат болды. Қадірберді ханның ұрысында жарадар болды. Оны Барын Сарай шәйіт қылды» [118-б.].

Қай жерде өлді, неше жасында өлді, кім сатып кетті, кім өлтірді — аққа қарамен таңбалаулы. Ал қазақтың орта ғасырдағы атақты тарихшысы Қадырғали Жалайырдың өз тарихын өзгеден артық білетініне біздің күмәніміз жоқ. Оқыдық, біз түгілі оның деректеріне Москва тарихшылары шәк келтірмейді, сілтемелер жасайды екен.

Електің үстін, Орта Бөртені картадан қарау анау айтқандай, қиынға түспеді, сөйтсек, Едіге атамыз қазіргі Ақтөбе облысының Мәртөк ауданы территориясында өлген боп шықты. Бұл — бектербегінің Ақтөбемен үлкен байланысы бар деген сөз. Мұны «Едіге батыр» тарихи-қаһармандық эпосы да расқа шығарып тұр, эпостың атақты Қияс жырау нұсқасында әкесі Едігені іздеп Ақсақ Темір еліне барған Нұраддин  балаға хан қайдан келдің дегенде:

«Жерім жырақ үш айшылық шөл майдан,

Шыққан жерім — Қарғалы, Елек, Кеңсайдан»

дейтіні бар. Бұл өзендер Ақтөбе қаласының қақ ортасын айқыш-ұйқыш тіліп өтіп жатыр. Мұны облыс тұтқасын ұстап отырған басшыларға көрсеттік. Дәлелдеп бақтық. Ақыры Мәртөк ауданының сол кездегі әкімі Нұржауған Қалауов бектербегі Едігеге арнап Мәртөкте белгітас орнатты. Обалына не керек мамандығы тарихшы Қалауов Едігенің өлген жерін анықтауға үлкен еңбек сіңірді, онымен қоймай аудан орталығына аймағының белгілі азаматтарын жинап, тарихи-танымдық конференция өткізді. Ас беріп, қайран ерге Құран оқытты. Қолынан келгенін істеді.

Мәртөкте өлген адамды жер түбіндегі Ұлытауға неге апарады? Онда әкесінің не атасының бейіті жоқ, жанына қоятын. Қожа Ахмет Яссауидің кесенесі орналаспаған. Дешті Қыпшақтың хандары Сарайшықта жатыр. Апаруының ықтималдығы тым аз. Оның үстіне Шоқан мен Мәшһүр Жүсіптің айтып отырғаны анау. Осыдан келіп күдік пайда болды. Бұл жөнінде тағы қандай дерек бар деп, шәрлі жер Алматыдан көзі ашық тарихшылар іздедік.

Күндердің күнінде олар ескі үш картаны тауып, поштамен жіберді. Ресейдің әр заманда түсірген әскери карталары: 1869, 1904, 1983 жылдарғы. Үшеуінде де «Едігенің моласы» деген бар. Ендік, бойлықтарын салыстырсақ, үшеуі бір жерді, Ығылман айтқан «Едігенің жалын» көрсетіп тұр! Ашық күні аспан қақырап, жай түскендей болды. Есеңгіреп біраз отырдық, сосын жапатармағай телефонға ұмтылдық: «Ал, — дедік. — Ал жер шарының басқа жерінде «Едігенің моласы» деген бар ма?». «Бәрін тегіс қарадық, тек сіздің облыста ғана бар. Басқа жерде жоқ», — деді тарихшымыз.

Біз кәміл сендік, бөркімізді аспанға атып қуандық. Енді қалай, аты шулы Едігенің мазары табылып жатса!  «Достар, сөз жоқ, жақсы деректер таптық, бірақ мұның өзі жеткіліксіз», — деді математик Жұбаназар біздің бетімізді тағы қайтарып. — Енді ол мазарды барып өз көзімізбен көруіміз керек. Содан соң бір қорытындыға келе жатармыз»,  — деді.

330 шақырым. Көтерме жол әбден қираған, кей тұсында тіпті жүргізбейді. Түн қатып, түс қашып, шаршап-шалдығып әзер жеттік. Құлап, тау төбе үйіндіге айналған. Үйінді ішінен үш түрлі кірпіш байқалады. Дені қызыл қыш. Іргедегі ауылда тұратын Ығылманға бардық. «Ол кесененің екі қабырғасы 1943 жылға дейін тұрды. Ұзыны мен ені бірдей 25 сантиметрлік қызыл қыштан қаланған. Биіктігі он метрге жете қабыл. Біздің бала кезімізде жасы тоқсанға таяп қалған Жәмек марқұм айтушы еді: «Анау жатқан сауда жолымен саудагер ноғай, татарлар ағылып өтетін, солардың оқығандары «Мынау біздің ерте заманда өмір сүрген атамыз Едіге деген кісі» деп тоқтап,  Құран бағыштап кетуші еді», — деп. Бұл бағзы заманның адамы. Ноғайлының батыры», — деді ақсақал. Қуанышымызда шек болмады.

«Болды! Бітті!  — дедік Жұбаназар ағамызға қарап. — Мазары — мынау, құламай тұрғанда көрген тірі куә — анау, орыстың құпия әскери үш картасы қолымызда. Енді не керек!». Ол: «Мұның өзі жеткіліксіз. Әр нәрсенің өз маманы бар. Енді кірпішін бір жақсы археолог ғалымға зерттетуіміз қажет», — деп қарап тұр.

Археолог таптық. Алыста емес, осы біздің Ақтөбеде, тарих ғылымының докторы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінің ғылыми істер жөніндегі проректоры Рахым Бекназаров деген профессор ініміз бар екен. Докторлықты ескі қорымдарды зерттеуден қорғаған, былайша айтқанда, моланың нағыз маманы. Жәкеңнің: «Мынаны бір көне кесенеден алып ем, уақыты қай ғасырға жатады?» деген сұрағына Рахым кідірмеді: «Қызыл кірпіш 250 де 250, биіктігі 50; ағы 250х120х80. Ал мынаның өлшемі 250х120х65. 250х250х50 — орта ғасырлық стандарт. Кесенеңіз ХІV-ХVІ ғасыр аралығына жатады», — деп сайрай жөнелді.

Ағамыз тағы бірдеңе деп жүрер деген оймен есіктен аттап шыққан бетте: «Қай соғыста, қай жерде өлгенін Қадырғали Жалайыр жазып отыр. Бейітінің қайда екенін Ресей оқымыстылары әр кезеңдегі үш бірдей картада таңбалаған. Кірпіштерінің уақыты дәл келіп тұр, арғы-бергі тарихшылар Едіге ХV ғасырдың басында, 1419 жылы өлді дейді. Тоқсан жылдан бері мазар түбінен табаны аумаған тірі куә анау. Енді баспасөзде, ғылыми журналда жариялау керек. Дұрыс емес деген ғалым өз деректерін ұсынсын. Ғылыми дерегі мол боп, біздікінен басым түссе, оған сенікі жөн екен дейік. Не болғанда да бұл мәселенің талқыға түсетін уақыты жетті, Жәке», — дедім ыждағаттап. «Археологиялық қазба жұмысы…», — дей беріп еді, «Алматыдағы археология институты өлдім десең қазба жұмысын жүргізе алмайды,  себебі ақшалары жоқ. Қырық жыл мұғалім болған сіздің де оған жетерлік ақшаңыз жоқ. Өнбес істі әңгіме етіп не керек», — деп бастырмалатып тастадым.

Содан ағамыз сілтеп бір жазды: облыстық «Ақтөбе», «Актюбинский вестник», республикалық «Егемен Қазақстан», жазушылардың төл газеті «Қазақ әдебиеті» — бәр-бәріне Ер Едігенің моласы Ақтөбе жерінде, дәлелі мынау деп жар салды. Ешкім қарсы дау айтпады. Кенжебай, Берік, Аққайрош, Құрманбек деген азаматтармен қатарымызды көбейтіп, «Ер Едіге» қоғамдық қорын аштық. Төрағасы мен болдым. Қоғамдық қор атынан облыстық, қалалық әкімшілікке, облыстық мәденит басқармасына, республикалық Nur Otan партиясы мен Мәдениет минстрлігіне, Білім және ғылым министрлігіне осылай да осылай деп хаттарды қарша бораттық. Бірінен көше атауын сұрадық, енді бірінен мектептің оқу бағдарламасына «Едіге  батырды» енгізуді өтіндік. Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтына, Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының директоры атына, Астанадағы тарих институтына хаттар кетті. Ақтөбе облысына қарасты бес ауданда, қаладағы оқу орындары мен кіапханаларда, музейлерде Ер Едігенің туғанына 660 жыл деп  тарихи-танымдық конференциялар өткіздік. Нәтижесінде облыс тұрғындары Едігені танып, қолдау көрсетті. Ресми орындар да илікті. Ақыр соңында ЮНЕСКО-ның глобальды геопарктер жөніндегі ұлттық комитетінің, облыстық ішкі саясат басқармасының және С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің ұйымдастыруымен «Ер Едіге және ХХІ ғасырдағы ұлттық сана» тақырыбында халықаралық конференция өтіп, оған Ресейдің Саратов қаласынан, Қарашай-Шеркес республикасынан, Қазан мен Үпеден, Өзбекстаннан, өзіміздің танымал ғалымдар қатысты. «Нұр Отан» партиясының сәулетке толы 360 орындық күмбезді залында өткен конференцияға Ақтөбенің зиялы қауымы өкілдері қаптай келіп, студенттерге орын тимей қалды.

Халықаралық конференция өте жоғары деңгейде өтті. ЮНЕСКО өкілінің «Едіге батыр» эпосын орта мектеп бағдарламасына енгізу туралы ұсынысын конференцияға қатысушылар тегіс қолдады.

Біздің негізгі айтайық дегеніміз — Бектербегі Едігенің мазары еді. Келесі күні  Ресей Ғылым Академиясының «Наука» баспасынан 2016 жылы көлемі 45 баспа табақтық «Эдиге» атты кітап шығарып, даңққа бөленген атақты едігетанушы ноғай ғалымы Нәсіпхан Сүйінова мен «Едіге» эпосынан докторлық қорғап, 25 жылдан бері Едігені зерттеумен айналысып келе жатқан профессор, Қарақалпақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Кеңесбай Алламбергенов бастаған он адамнан құралған ғылыми экспедиция «Едігенің жалындағы» моланы тексеруге аттанды. Көзбен көріп, қолмен ұстаудың орны бөлек десті ғалымдар. Ол жақтың жер жағдайын өте жақсы білетін Байғанин аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы, мамандығы тарихшы Ибрагим Ермекбаев жол көрсетуші есебінде ере жүрді. Ғылыми экспедиция мүшелерін Ноғайты стансасының үстінен өткізіп, Ебейтінің ноғайларға қатысын баяндап, арасында атақты қазақ тарихшысы Мұхамеджан Тынышбаевтың қазақ пен ноғай туралы жазған құнды деректерін көлденең тартып, Айырықтағы Ноғай жолымен сапар шектіріп, «Едігенің жалының»  үстінен түсіргенде бұрынғы атажұртының құтты қонысын көрген Нәсіпханның көңілі нілдей бұзылып, көзіне жас келді. Мұса мен Жаңбыршының, одан соңғы Орақ пен Мамайдың заманындағы қара ормандай көп ноғайдан, Еділден Сарысу өзеніне дейінгі аралықтағы кең-байтақ жерді иеленіп, төрт құбыласындағы мемлекеттерді айбарымен имендірген, Мәскеуден салық алып отырған қуатты ноғайдан қазір не қалды? Кім сенер, кім білер, бұл күнде бәрі көрген түспен тең. Қапқазда отыз мың ноғайы бар бір шағын аудан ғана қалды. Өткен тарихты жақсы білетін Нәсіпхан жыламағанда кім жыласын.

Ортасына опырыла құлап, тау төбе болып үйіліп жатқан кесенені зерттеген, жолай аудан әкімі аппаратына жолығып кеңескен, тұрғындармен әңгімелескен ғалымдар Едігенің моласы Ақтөбе облысындағы «Едігенің жалында» жатқанына тегіс қол қойды. Мойындап кетті. Видео, аудио жазбалары қолымызда. Өстіп, нешеме жыл соңында жүріп Ер Едігені бір қараға іліндірдік. Алдағыны Алла біледі…

Ислам ИМАНОВ,

өлкетанушы.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*