Басты бет » Басты жаңалықтар » Ақтөбеліктер Еуропаны елең еткізді

Ақтөбеліктер Еуропаны елең еткізді

Биыл Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның құрылғанына 75 жыл толып отыр. Ақтөбе қаласының 150 жылдық тойымен тұспа-тұс келген айтулы дата аясында бірқатар мәдени-көпшілік шаралар, байқаулар мен концерттерді өткізу науқаны басталып та кетті. Бір ғана мысал, өнерлі жерлестеріміз жақында гастрольдік сапармен Еуропа елдеріне барып, сондағы қандастарымыздың Наурыз мерекесіне арналған концертінде ән-жырдан шашу шашты. Өнер ордасының директоры Елубай Кенжалиевпен осы және өзге де жұмыстар, ұжымның алдағы жоспары төңірегінде әңгімелескен едік.

— Ұлыстың ұлы күнінде филармония артистерінің Еуропаның екі елінде өнер көрсетіп қайтқанын естідік. Алдымен осы сапар туралы кеңірек айтып берсеңіз…

— Иә, Қазақстанның Белгиядағы елшісі Айгүл Құспанның арнайы шақыртуымен Брюссель қаласында тұңғыш рет ұйымдастырылған Наурыз мерекесіне қатысып қайттық. Шарада бізді айтпағанда, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, бас-аяғы 9 мемлекеттің өкілдері төбе көрсетті. Концерттік бағдарламадан бөлек, келушілерге әр елдің ұлттық тағамдары мен қолөнер бұйымдары паш етілді.

«Бозар» өнер орталығында өткізілген мәдени шарада біздің өңірден филармонияның құрамына кіретін қос ұжым — Ахмет Жұбанов атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі мен «Аққу» би ансамблі, жеке солистер, қолөнер шеберлері Болат Атыраубаев пен Нұрлан Жақыбаев, барлығы 33 делегат болды. Орталық Азия мемлекеттерінің қатысуымен алғаш рет сол жерде қолға алынған Наурыз мерекесі баршамызға өте жақсы әсер қалдырды. Әсіресе, шетелдік көрермендердің қолөнер бұйымдарымызға деген қызығушылығы, этностильге құрметі айрықша байқалды. Концертке де халық көп жиналып, зор қошемет көрсетті.

Одан кейін концертіміз Люксембург елінде жалғасты. 1,5 сағаттық мерекелік бағдарламамызды сондағы жұртшылық та жылы қабылдады. Филармония әншілері Нұртас Омаров, Гүлназира Сағынғанова жыр-термелер мен халық әндерін әуелеткенде, қол соқпағандар кемде-кем. Сол сияқты «Аққу» ансамблінің қыздары «Қара жорғаны» билегенде, ыстық ықыласын аямағандар көп. Өзіміздің қазақ ұлт аспаптар оркестрі Моцарттың әлемге әйгілі шығармаларын домбыраның сүйемелдеуімен орындағанда, таңғалғандар тіптен баршылық. Осы орайда артистеріміздің сахналық киімін де жоғары бағалап, «өте әдемі екен» дегендер аз болған жоқ. Расында, ұлттық ою-өрнектермен көмкерілген костюмдеріміз алыстан көз тартады ғой. Бұл сөзіме барлығы келісер.

24-25 наурыз күндерінде өткен концерттеріміз, сөзсіз, бізге үлкен тәжірибе мен шалқар шабыт сыйлайды. Бұл ретте шетелдегі іссапарымызды қолдаған облыс басшылығына өз ризашылығымызды білдіргіміз келеді.

— 75 жылдығын атап өткелі отырған облыстық филармонияның бүгінгі тыныс-тіршілігіне ойыссақ. Бір шаңырақ астында қанша ұжым еңбек етеді?

— Ахмет Жұбанов атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі, қазақ камералық хоры, камералық оркестр, Бейбіт Оралұлының шығармашылық орталығы, «Саз» балалар студиясы, «Арайлы Ақтөбе» мен «Достық сазы» фольклорлық ансамбльдері, «Екі езу» театры, жеке солистер, барлығы онға жуық ұжым бар. Жалпы саны 300-ден астам артист жұмыс істейді.

— Олар айтулы дата аясында көрермендерге не ұсынбақ?

— Өзіңізге белгілі, Ақтөбе қаласының 150 жылдығына орай 150 концерт өткіземіз деп жоспарлап, бұл жұмысты бастап кеткенбіз. Сосын қаладағы мектептерде, арнаулы оқу орындарында Жайлау Асылханов бастаған күйшілеріміз, дәстүрлі әншілеріміз арнайы барып, дәріс-концертін ұйымдастырып жүр. Өйткені соңғы уақытта ұлттық өнерімізді, күйді тыңдайтын көрермендеріміз азайып бара жатыр. Қазір, жасыратыны жоқ, эстрадалық әндердің дәурені «жүріп тұр». Сондықтан өзіміздің төл өнерімізге балалардың, өскелең ұрпақтың қызығушылығын оятып, оны кеңінен насихаттау үшін жер-жерде осындай ақысыз сабақтар өткізілу үстінде. Шын мәнінде ұлттық аспабымыз — домбыраның шоқтығы биік қой. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өткенде домбыра тартуды үйрететін факультатив сабақты мектеп бағдарламасына енгізуді ұсынған болатын.

Сондай-ақ, мерейтой аясында облыстарға шығуды жоспарлап отырмыз. Негізгі мерекелік шаралар қазан айында өтпек. Халықаралық, республикалық деңгейдегі  «Жұбановтар әуені», «Жібек жолы», «Елім менің» және «Айтқыштар — ؅Ақтөбеде» фестивальдері болады.

Жалпы, биыл облыс бюджетінен филармония ұйымдастыратын фестиваль, концерттерге 36 миллион теңге, ал сахналық костюмдерді жаңартуға 40 миллион теңге бөлінді. Осы ретте филармонияның табысы да жыл өткен сайын артып отырғанын айта кетсем деймін. Мысалы, былтыр өзіміз концерттер ұйымдастырып, сырттан келген әншілерге залды жалға беру арқылы 58 миллион теңге табыс тауып, жоспарды асыра орындаған жайымыз бар.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

Еуропаның екі еліне барған қос ұжым туралы:

А.Жұбанов атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі  2003 жылы құрылды. Оркестрдің негізін қалаушы әрі алғашқы көркемдік жетекшісі — Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, профессор Қайырғали Қожанбаев.

Ал «Аққу» би ансамблі 2000 жылдан бері жұртшылыққа өнерін паш етіп келеді. Көркемдік жетекшісі — ҚР Мәдениет саласының үздігі Омар Мәмбетов, бас балетмейстері ҚР еңбек сіңірген қайраткері Гүлнәр Мәмбетова.

— Сөзіңіз аузыңызда, филармония ғимараты — Өнер орталығына еліміздің орталық қалаларынан, көршілес мемлекеттерден келетін әншілердің саны шынымен көп. Олардың дені, көзі қарақты көрерменге бірден білінеді, фонограмманың көмегіне жүгінеді. Бұл жағынан шектеу қоя алатындай құзыретіңіз бар ма? 

— Ақпан айында Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты көркемдік кеңестің отырысы өткенде, осы мәселе көтерілді. Бірақ бұған қатысты нақтылы заң елімізде әзірге шыққан жоқ. Сондықтан бұл мәселеде бәрін әншінің мәдениетіне, ұятына тапсыруға мәжбүрміз… Кейде сырттан келетін әншілер ауырып қалады, оны да ескеру керек. Бірақ әлгіндей өнерпаздардың көбісі сахнаға фонограммамен шығатыны рас.

Бір айтарым, ақтөбелік көрермендердің талғамы жылдан-жылға өсіп келе жатыр. Оркестр, хордың концерттері қай кезде де аншлагпен өтеді. Неге десеңіз, оның тек жанды дауыста болатынын біледі. Филармония басшысы ретінде ұжымдағы әншілердің жүз пайызы жанды дауыста, шынайы концерт қоя алатынын айтқым келеді. Ол жағынан бізде қиындық жоқ.

— Елубай Мұхамбетұлы, билеттердің қымбаттығы жөнінде де айтпай кетуге болмас… Әсіресе, өнерге құштар зейнеткерлер, қоңыр тіршілік кешкендер қиналып қалмай ма?

— Егер өзіміз ұйымдастыратын концерттерге келсек, әр билеттің құны 3 мың теңгеден аспайды. Ал сырттан келетін әншілердің билет бағасына біз араласа алмаймыз. Фонограмма мәселесі секілді бұған да белгілі бір шектеу қоюға біздің құқығымыз жоқ. Кейде олардың концерттерінің билеті 5 мың теңгеге дейін болып жатады. Залды жалға алып тұрған соң, талап қою біздің тараптан орынсыз деп ойлаймын.

— Сөз соңында, оқырмандарымызға айтарыңыз болса, мархабат…

— 1200 орындық Өнер орталығы ғимаратында концерттер күн сайын өтіп жатыр деп айтуға болады. Жоғарыда айтқанымдай, тойымызды қазан айында кеңінен атап өткелі отырмыз. Оған дейін де көрермендерімізге концерт қоюды жалғастыра береміз.

Әңгімелескен Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*