Басты бет » Басты жаңалықтар » Темірлік кәсіпкерлерге қолдау әлі де аз

Темірлік кәсіпкерлерге қолдау әлі де аз

Жексенбі күні облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің кезекті  жұмыс сапары Темір ауданында жалғасты. Өндірісті аймаққа сапары аясында облыс әкімі аудан халқымен кездесіп, олардың өтініш-тілектерін тыңдап, нақты жауаптар берді.

Жұмыс  сапары Темір ауданы арқылы өтіп жатқан «Ақтөбе-Атырау-Астрахань» республикалық маңызы бар автомобиль жолының құрылыс барысымен танысудан басталды.

Бүгінгі таңда республикалық маңызы бар «Ақтөбе-Атырау» автомобиль жолының Темір ауданы территориясы арқылы өтетін 160-220 шақырымында «СинеМидасСтрой» бірлескен кәсіпорны ЖШС өз жұмыстарын жүргізуде.

Аталған кәсіпорынға Жақсымай бекетінен асфальт зауыты мен бетон зауытына құрылыс материалдарын түсіру алаңы үшін 10 гектар жер учаскесі берілген. «AMMAN» маркалы асфальт зауыты сағатына 240 тонна өнім өндірсе,«GOKER» маркалы бетон зауыты сағатына 180 тонналық өнім өндіреді. Екі зауытта зауыт басшысы, операторлар мен дәнекерлеушілер, сондай-ақ қарапайым жұмысшыларды қосқанда 12 адам жұмыс жасайды.

Жол құрылысына 2018 жылы аудан тұрғындарынан 137 адам жұмысқа қабылданған. Оның 124-і аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа орналасқандар. Ал 2019 жылға мердігер компания тарапынан 125 адамды жұмысқа қабылдау туралы сұраныс беріліпті.

Дәл осы жерде облыс әкімі Оңдасын Оразалинге «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының Ақтөбе облыстық филиалының директоры Марат Махамбетов республикалық маңызы бар жол бойында атқарылып жатқан жұмыстар барысын айтып берді.

4 жолақты үлкен жол 1-ші категориялы сапада жүргізіледі. Арнайы көлік жылдамдығын бақылайтын бағдаршамдар қойылады. Сонымен қатар, жолдың жұмыстары үшін

100-ге жуық жергілікті азамат жұмысқа тартылған. Олардың жалақысы 120-160 мың теңгені құрайды. Алайда бұл жалақы республикалық орта есеппен шаққанда аз.

Жұмыс барысымен танысқан облыс әкімі мердігер мекемелерге жол учаскелерінің пайдалануға уақтылы тапсырылуын, сондай-ақ негізгі жұмыс күші жергілікті тұрғындардан болу керектігін және жұмысшылардың жалақы көлемін арттыруды тапсырды.

— Жол құрылысы халықаралық талаптарға сай, сапалы болуы әрі уақытында тапсырылуы тиіс. Сондай-ақ қауіпсіздік жағын да ескеру қажет. Ал құрылыс барысында жұмыс жасап жатқан жұмысшылар өз еңбегінің нәтижелерін көрулері керек. Жалақыларын уақтылы берумен қатар, мөлшерін көбейту мәселесін де қарастырыңдар, — деді облыс әкімі.

Бұдан соң Оңдасын Оразалин Шұбарқұдық кентіндегі отбасы үлгісіндегі балалар үйіне барды. Онда тәрбиеленіп жатқан балалармен емен-жарқын әңгімелескен өңір басшысы балаларға робототехника құралдарын сыйға тартты.

Дастархан басында балалар облыс басшысына өз армандарын айтып, алға қойған жоспарларымен бөлісті.

Отбасы үлгісіндегі балалар үйінде бүгінгі таңда 9-17 жас аралығындағы 10 бала тәрбиеленіп жатыр. Аудан орталығында «Маерск Ойл Казахстан» мұнай компаниясының демеушілігімен салынып, облыстық бюджет қаржысы арқылы жабдықталған балалар үйі газ, су, канализация жүйесіне қосылған. Тәрбиеленушілер сабақтан тыс уақытта спортпен шұғылданып, ағылшын тілін үйрену, саз мектебі және көркемсурет мектептеріндегі үйірмелерге қатысады.

Сапар аясында Оңдасын Оразалин аудандық прокуратурада болып, құқық қорғау органдары өкілдерімен кездесті.

— Маған тұрғындардан күн сайын келіп түсетін сұрақтар ішінде мал ұрлығы жайлы шағымдар өте көп. Солардың ішінде ұрылар мен полицейлер бірлесе жұмыс жасайды деген ақпарат та бар. Егер сондай сыбайластық жағдайы дәлелденсе, менен жақсылық күтпеңдер, — деген аймақ басшысы құқық қорғаушылардың еңбегін жоққа шығармайтынын,  дегенмен қылмыс санын төмендету керектігін тапсырды.

Сондай-ақ прокуратура ғимаратында орналасқан діни мәселелер бойынша өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі орталықтың жұмыс барысымен танысты.

Облыста тек Темір ауданында құрылған бұл орталық құқық қорғау, арнайы және жергілікті атқарушы органдардың және өзге де мүдделі тараптардың қызметін үйлестіре отырып, өңірдегі діни ахуалдың тұрақтылығын қалыптастыру бағытында 2015 жылдан бастап жұмыс жасап келеді. Орталықта ай сайын Алға, Байғанин, Мұғалжар, Шалқар аудандарымен ауданаралық деңгейде бейне-байланыс арқылы кеңестер, мәжілістер өткізіліп тұрады.

Орталық жұмысымен танысқан облыс басшысына аудан әкімі Жолдас Қалмағамбетов ауданның діни жағдайын баяндап берді.

Бұдан соң аудандық Мәдениет үйінде аудан тұрғындарымен кездескен өңір басшысы олардың кез келген сұрақтары мен өтініштері тыңдалатындығын, ауданға келудегі басты мақсаты да сол екендігін айтты.

— Бүгінгі таңда Ақтөбе облысының республика көлемінде әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері өте жоғары. Өздеріңіз білетіндей, Бердібек Сапарбаевтың облыс әкімі болған тұсында өңірде көптеген жұмыстар атқарылды. Соңғы жылдары облыста қай салада болмасын оң өзгерістер болды. Бұл, әрине, үлкен еңбектің, ауызбіршіліктің жемісі.  Біздің ендігі мақсатымыз — сол даму қарқынын төмендетпей, жұмыстарды әрі қарай жалғастыруымыз керек.

Бүгінге дейін аудандардағы газ, су, жол секілді бірқатар мәселелер өз шешімін тапқанымен, әлі де аяқталуы тиіс жұмыстар баршылық. Әрине, өмір проблемасыз болмайды. Сондықтан бүгін сіздерге арнайы келіп, ауылда қандай шешімі табылмаған мәселелер бар соны білейік, жауабын берейік деп келіп отырмын, — деген облыс басшысы алдымен аудан әкімі Жолдас Қалмағамбетовтің ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі баяндамасын тыңдады.

Бүгінгі таңда құрамына 1 қала, 10 ауылдық округ, 25 елді мекен, оның ішінде 2 тірек елді мекен кіретін Темір ауданында 37 740 адам тұрады.

Ағымдағы жылдың екі айында аудан бойынша өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің барлығында да

4 пайыздық өсім бар.

Аудан әкімі аудан бойынша көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға көрсетіліп жатқан әлеуметтік көмек туралы да ақпарат берді.

— Ауданда 821 алтын және күміс алқалы аналар тұрады. Ал төрт және одан да көп бала тәрбиелеп отырған 1772 отбасы бар. Бүгінгі күнге дейін 268 отбасы әлеуметтік көмек алып келсе, Nur Otan партиясының съезінде Елбасы аз қамтылған және көпбалалы отбасылар тобына атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәртібін енгізуіне орай, 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап 396 отбасы атаулы әлеуметтік көмекке ие болады, — деді Ж.Қалмағамбетов.

Сондай-ақ ол аудандағы басты мәселе — баспана мәселесі екендігін, бүгінгі таңда 433 адамның тұрғын үй кезегінде тұрғандығын айтты.

— Тұрғын үй кезегінде тұрған 433 адамның 50-і — көпбалалы аналар болса, 98-і —  ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар. Биылдың өзінде біз 32 пәтер салғанның өзінде де 400 адам кезекте қалады. Сондықтан біз бұл бағыттағы жұмыстарға әр ауылда қамқоршылар бекітіп, жергілікті азаматтармен бірлесе «Анаға сый» қорын құрдық. Осы қор арқылы алда 6 үй берілгелі отыр. Әрине, бұл барлық мәселе биыл шешімін табады деген сөз емес. Бірақ, біз бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыра береміз, — деді аудан әкімі.

Аудан әкімінің баяндамасын тыңдаған облыс әкімі аудандағы орташа айлық мөлшерін сұрады.

Жолдас Қалмағамбетовтің айтуынша, темірліктердің орташа жалақысы 122 мың теңгені құрайды.

Дегенмен облыс әкімі республикалық орташа көрсеткішпен салыстырғанда орташа айлықтың әлі де төмен екенін, Елбасы тапсырмасына сай халықтың әл-ауқатын көтеріп, табыс көзін арттыру қажеттігін айтты.

— Өкінішке қарай, аудандардың басым көпшілігіндегі жағдай осындай. Бұл бір күнде шешілетін мәселе емес. Бұл бағыттағы жұмыстарды кешенді түрде жүргізіп отыруымыз қажет, — деді облыс басшысы.

Сондай-ақ кездесу барысында Оңдасын Оразалин аудан көлемінде соңғы 3 жылдың ішінде  индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында бірде-бір жоба жүзеге аспағанын, бизнестің жол картасы бойынша да кәсіпкерлерге қолдау аздығын атап өтті.

Кездесуде тұрғындар Оңдасын Оразалиннің жаңа қызметіне сәттілік тілеп, аз-кем мәселелерін ортаға салды. Бірі ауызсу, жол мәселесін айтса, Кеңкияқ тұрғындарының бірі ауылдағы мектептің тарлығын айтып шағымданды.

— Бүгінгі күні ауылдағы басты мәселеміздің бірі — су болса, енді бірі — мектептің тарлығы. 2012 жылы салынған 600 орындық жаңа мектеп ауыл халқының өсуіне байланысты тарлық етеді. Балалар қазір 3 ауысыммен оқып жүр. Осы мәселені реттеп берсеңіз болғаны. Ауылда балабақша мәселесі толықтай шешілген, — деді тұрғындардың бірі Ханзада Есқалиев.

Облыс әкімі аудан басшысына бұл мәселе бойынша ұсыныс дайындауды тапсырып, көтерілген мәселенің ешқайсысы шешусіз қалмайтынын жеткізді.

Сәуір айында өтетін облыстық мәслихат сессиясында аталған мәселелер түгел қаралатын болады. Бәрі де бір күнде шешіле қоймайтын жұмыс болғандықтан уақыт керек, — деді Оңдасын Оразалин.

Жиын соңы аудан әкімдігі мен жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен ұйымдастырылған қайырымдылық шарамен жалғасты. Аудандық  кәсіпкерлер көпбалалы, жағдайы төмен 10 отбасыға түрлі сомадағы қаржылай сертификаттар табыс етті. Бұл қаржыларды әлеуметтік топтағы отбасылар өз кәсібін ашуға және мал, құс шаруашылығын дамытуға жұмсайтын болады.

Бұдан соң облыс әкімі  жеке қабылдау өткізіп, тұрғындардың түрлі сауалдарына жауап берді. Облыс әкімі қабылдауға кірген тұрғындарға көмек берілетінін және шағын бизнес ашуға арналған түрлі бағдарламалар бар екенін айтып жөн сілтеді.

Ақерке САТЫБАЛДЫ,

Темір ауданы.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*