Басты бет » Басты жаңалықтар » Қаза тапқан әскери жерлестерімізбен қоштасты

Қаза тапқан әскери жерлестерімізбен қоштасты

Азалы музыка… Жағалай жылап-еңіреген жұртшылық… Қалампыр ұстаған әскерилер… Өткен сенбі күні Қызылорда облысының Жалағаш ауданында әуе апатынан қаза тапқан жерлестеріміз — майор Данияр Қоңырбай мен ефрейтор Өмірхан Қауқаевтың табыты Ақтөбе қаласына жеткізілді.

Қаралы митингіге атқарушы билік өкілдері, әскери қызметкерлер, қыршын кеткен азаматтардың туыстары, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты.

— Қызылорда облысының аумағында әскери тікұшақтың апатқа ұшырап, 13 жауынгердің қаза табуы баршамызға ауыр тиді. Сол сарбаздарымыздың қатарында жерлестеріміз Данияр мен Өмірхан да болды.

Азаматтар әскери борыштарын адал атқарды, мемлекетімізге қызмет етті. Алланың жазғаны осы болар, өмірден ерте кетті. Дей тұрғанмен, олардың есімдері мәңгілікке есте қалады. Бауырларымыздың иманы салауат болсын. Біз өз тарапымыздан оларды ақтық сапарға шығарып салу үшін қолдан келгенше көмегімізді көрсетуге дайынбыз. Бекем болайық, — деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.

Облыс басшылығының арнайы тапсырмасына сәйкес, қаза тапқан жерлестеріміздің отбасыларының әрқайсысына 1 млн теңгеден қаржылай қолдау көрсетілетіні айтылды.

Қаралы жиынға Қорғаныс министрлігінің атынан қатысқан ҚР Қарулы күштері бас штабы бастығының орынбасары, генерал-майор Әділбек Алдабергенов: «Біз қыршын кеткен бауырларымызды соңғы сапарға шығарып салу үшін жиналып отырмыз. Тікұшақ апатқа ұшырап, әскери қызметкерлер қаза болды дегенді естігенде, xабар баршамызға ауыр тиді. Қорғаныс министрлігінің басшылығы атынан қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамын. Осы жағдай бойынша Мемлекет басшысы тапсырмалар беріп, жағдайды бақылауға алды. Біз де марқұмдардың отбасына материалдық-моральдық көмек көрсету шараларын қабылдап отырмыз. Әскери анттарына соңына дейін адал болған әріптестерімізді ұмытпаймыз», — деді. Кейіннен бір минут үнсіздік жарияланды.

Мұғалжар, Мәртөк аудандарында өткен жерлеу рәсіміне облыс әкімінің бірінші орынбасары Мавр Абдуллин мен облыс әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов барып, көңіл айтты. Аудан әкімшіліктері қаза тапқан жерлестеріміздің жерлеу рәсімдеріне кететін барлық шығынды өз мойнына алған.

Еске сала кетейік, Қызылорда облысының Жалағаш ауданында 27 наурызда Қазақстанның әуе күштеріне тиесілі тікұшақ апатқа ұшыраған еді. Тікұшақ «Алтын жебе» арнайы бөлімшелерінің кешенді оқу-жаттығуы аясында 4 бірдей әскери тікұшақ құрамынан тұратын бөліммен бірге қараңғыда және күрделі метеорологиялық жағдайларда Ақтаудан Шымкентке қарай ұшып шыққан.

Әскери міндетін орындау кезінде 13 адам бақилық болды. Оның 2-еуі — ақтөбелік…

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*