Басты бет » Спорт » Легионерлерге қол соққан тур

Легионерлерге қол соққан тур

Премьер-Лига

Бұл турда алаң иелері бір кездесуде ғана жеңіске жетті.

Дегенмен, бұл — мәселенің бір жағы. Екінші жайға келсек, «Ақтөбе» мен «Қайсар» командаларынан ғана қазақстандықтар гол соқты (А.Шурыгин, М.Байжанов). Ал «Қайрат» пен «Астананың», «Тобыл» мен «Тараздың» жанкүйерлері легионерлер соққан голдарға риза болып тарасты.

Қараңыз. «Қайратқа» Польша, Хорватия, Украина футболшылары (К.Вржещиньский, Д.Миканович, Эсеола) соққан доптар жеңіс әперсе, «Астана» Босния мен Румыния (М.Аничич, Д.Ротариу) сұрмергендеріне арқа сүйеді. «Таразды» Грузия мен Франция ойыншылары (Э.Лобжанидзе, С.Ньюадзи) ілгері тартса, «Тобылды» Кот-д`Ивуар футболшысы (С.Себаи) оздырды.

Осы себептен де Қазақстан футболы жанкүйерлерінің Антон мен Мақсатқа өз алдына алғыс жолдағандары артықтық етпес еді.

Бұл ретте біз легионерлерге қатысты бітпейтін даулы әңгімелерді одан әрі қоздатқымыз келіп отырған жоқ. Тек куә болған фактілерді ғана тізбелеп шықтық. Қандай ой түю әркімнің өз шаруасы болып қалмақ.

*   *   *

«Ақтөбе» өз алаңында ойналуға тиіс алғашқы кездесуді Қостанайда өткізуге мәжбүр болды. Оқырмандарымыз біздің Орталық стадионымыз биылғы маусымға дайындықсыз келгенінен, бұл жағдайды өз көзімен көрген облыс әкімі Оңдасын Оразалин қатаң бақылауға алып, нақты тапсырмалар бергенінен толық хабардар.

Жыл сайын екінші орыннан түспей (жоғарыламай да) келе жатқан «Қайраттың» қарқынына, неге екені белгісіз, жерлестеріміз бірінші таймда қарсы амал таба алмай қойды, қорғаушылар тізгінді қолдан шығарып алды, қарсы шабуылдар ұйымдастырудың да сәті түспеді. Сөйтіп ойынның алғашқы бөлігінде Игорь Трофимец күзеткен қақпаға үш гол еніп кетті.

«Ақтөбе» екінші таймда ғана сілкінді. Әсіресе соңғы 20-25 минуттың ішінде «Қайраттың» қорғанысын біршама әлсіретті. Мұны қарсыластарымыздың бас бапкері Алексей Шпилевский «қарсыластарымызға бірнеше мүмкіндіктер беріп алдық» деп мойындады да. Осылайша 72-минутта Антон Шурыгин қарымта гол да соқты. Хрвое Милишевич сол қанаттан әуелете тастаған допты Антон қақпаға тура баспен соқты. Одан соң да ақтөбеліктер бірнеше мәрте тайлы-таяғымен ілгері қарай лап қойып, Стас Покатилов қорғаған қақпаны нысанаға алумен болды. Бірақ бұл шабуылдар мен соққылар нәтижеге жеткізе қоймады.

Осылайша «Ақтөбе» биылғы чемпионаттағы үшінші ойынын да жеңіліспен аяқтады.

«Ақтөбе»-«Қайрат» — 1:3

Гол авторлары: Конрад Вржещиньский, 12-минут (0:1); Дино Миканович, 35-минут (0:2); Эсеола, 45+3 минут (0:3); Антон Шурыгин, 72-минут (1:3);

Ескерту қағазын алғандар: Әділхан Таңжарықов, 43-минут («Ақтөбе») — Конрад Вржещиньский, 31-минут, Раде Дугалич, 82-минут, Сергей Кейлер, 55-минут, Рамазан Оразов, 85-минут, Самат Сәрсенов, 89-минут («Қайрат»).

«Ақтөбе»: Игорь Трофимец, Әділхан Таңжарықов, Саят Жұмағали (Антон Шурыгин,

15-минут), Виталий Волков (капитан), Бағдат Қайыров, Хрвое Миличевич, Саша Марьянович, Милан Радин, Жамбыл Көкеев (Ардақ Сәулет, 77-минут), Асланбек Кәкімов, Абат Айымбетов (Нұрболат Батырханов, 83-минут).

«Қайрат»: Стас Покатилов, Сергей Кейлер, Раде Дугалич (капитан), Нұралы Әліп, Дино Миканович, Ян Вороговский, Рамазан Оразов, Сұлтанбек Астанов (Самат Сәрсенов,

61-минут), Георгий Жуков (Еркебұлан Тұңғышбаев, 79-минут), Конрад Вржещиньский (Чжон-Ву Хан, 66-минут), Адеринсола Эсеола.

31 наурыз 2019 жыл. Қостанай, «Тобыл Арена» стадионы. 1000 адам.

*   *   * 

Басқа кездесулердің нәтижесі:

«Жетісу»-«Астана» — 0:2

«Ертіс»-«Қайсар» — 0:1

«Шахтер»-«Тобыл» — 0:1

«Оқжетпес»-«Ордабасы» — 0:0

«Тараз»-«Атырау» — 2:0

*   *    *

3-тур:

Үшінші турда барлығы 10 гол соғылды. Алаң иелері 3 гол соқса, қонақтар 7 доп өткізді.

Төрт ойында қонақтар жеңіп, бір кездесуде ғана алаң иелері басым түсті, бір ойын тең аяқталды.

Ірі есеп нәтижесі тіркелген жоқ.

«Қайсар»  90+1 минутта, «Тобыл» 88-минутта соғылған голдардың арқасында жеңіске ие болды.

21 рет ескерту қағазы көрсетілді. Ең көп ескерту қағазын алған команда — «Қайрат» (5).

Сонымен 9 ұпайдан жинаған «Тобыл», «Астана», «Қайрат» 1-3 орындарға шықса, 4-5 орындарды 7 ұпайы бар «Ордабасы» мен 6 ұпайы бар «Жетісу» бөлісті. Ал 3 ұпайдан жинаған «Қайсар», «Ертіс», «Тараз», «Атырау» командалары 6-9 орындарға жайғасты. 10-орында 1 ұпайы бар «Оқжетпес», 11-12 орындарда еш ұпайы жоқ «Шахтер» мен «Ақтөбе» (-12) тұр. ФИФА шешімімен «Ақтөбе» командасынан 12 ұпай шегеріліп қалғанын еске саламыз.

*   *   *

4-тур ойындары 6-7 сәуір, сенбі, жексенбі күндері өтеді.

Бұл турда «Ақтөбе» 6 сәуір күні Қостанайда «Тобыл» командасымен ойнайды.

Басқа кездесулер:

6 сәуір

«Ертіс» (Павлодар) — «Тараз» (Тараз)

«Қайрат» (Алматы) — «Оқжетпес» (Көкшетау)

«Ордабасы» (Шымкент) — «Жетісу» (Талдықорған)

7 сәуір

«Атырау» (Атырау) — «Шахтер» (Қарағанды)

«Қайсар» (Қызылорда) — «Астана» (Астана)

 Ертай АШЫҚБАЕВ. 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*