Басты бет » Басты жаңалықтар » Мәулен ӘШІМБАЕВ: Тапсырмаларды сапалы әрі дер кезінде орындауымыз керек

Мәулен ӘШІМБАЕВ: Тапсырмаларды сапалы әрі дер кезінде орындауымыз керек

Nur Otan партиясының кезекті ХVIII съезінде ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы, партия Төрағасы Н.Назарбаев халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған төрт әлеуметтік жобаны анықтап, партия мен Үкіметке нақты тапсырмалар берген болатын. Кеше Ақтөбеге іссапармен келген Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев осы тапсырмалардың орындалу барысы туралы талқыланған жиынға қатысты.

Партияның облыстық филиалы конференциясы аясында алдымен филиал төрағасы сайланды. М.Әшімбаевтың филиал төрағалығына облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің кандидатурасын ұсынуын қатысушылар бірауыздан қолдады. М.Әшімбаев жақында ғана Елбасының Жарлығымен Ақтөбе облысына әкім болып тағайындалған О.Оразалиннің алдағы жұмысына сәттілік тілеп, партияның облыстық филиалы төрағасының куәлігін тапсырды.

— Партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың маған сенім артқанына, сіздердің қолдауларыңызға ризашылығымды білдіремін. Елбасымыз қазіргі таңда партия мүшелері алдына үлкен мақсат-міндеттер қойып, тапсырмалар жүктеді. Осы тапсырмаларды сапалы әрі дер кезінде орындау үшін ауызбіршілікте жұмыс істейміз деп сенемін, Елбасының тапсырмаларын облыста тиімді жүзеге асыра отырып, еліміздің көркеюіне барынша үлес қосамыз, — деді О.Оразалин.

М.Әшімбаев жақында ғана президенттік өкілеттілігін тоқтатқан Елбасы Н.Назарбаевтың жүргізген саясаты туралы пікірін білдірді:

— Қазақстан халқы үшін Елбасының есімі қашанда мемлекеттілік, егемендік және Тәуелсіздік сияқты аса маңызды құндылықтармен бірге айтылады. Еліміздің барлық жеңістері мен жетістіктері Тұңғыш Президентіміздің есімімен тығыз байланысты. Елбасы партия Төрағасы ретінде жұмысын одан әрі жалғастыра береді, біз партия Төрағасының алдымызға қойған мақсат-міндеттерін, тапсырмаларын сапалы орындауға тиіспіз, — деді М.Әшімбаев.

Партия Төрағасының бірінші орынбасары алда атқарылар жұмысты бірнеше бағытта ұйымдастыру керектігін алға тартты. Басты талап — партияның ХVIII съезінде айтылған халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жобаларды дер кезінде орындау. Сапа — бірінші орында.

—  Елбасының тапсырмаларын орындау үшін алдағы үш жылда қазынадан қосымша 2 триллион теңге қаражат бөлінеді. Нұрсұлтан Әбішұлы аз қамтылған отбасылардың табысын арттыру, кірісі аз азаматтарға тұрғын үй алуға қолжетімділікті арттыру, білім және денсаулық саласын жетілдіру, аймақтардағы инженерлік-әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту секілді бағыттарды айқындап берді. Ол әрбір қазақстандық жүргізіліп жатқан реформалардың оң ықпалын қазірден бастап сезінулері тиіс екендігін айтты. Партия мүшелері бұл тезисті өз жұмысында күн сайын басшылыққа алып отырулары тиіс, — дей келе М.Әшімбаев «Бақытты отбасы», «Халыққа көмек», «Ауыл — ел бесігі», «Құтты мекен» секілді жобаларды жүзге асыру бағытында партия билікпен, үкіметтік емес ұйымдармен, бизнес қауымдастығымен тығыз жұмыс істеу қажеттігін алға тартты. Бүгінде Ақтөбе облысында «Бақытты отбасы» партиялық жалпыхалықтық  жобасы аясында кәсіпкерлер тарапынан көпбалалы мұқтаж отбасыларға пәтер алып беру үрдісі қолға алына бастады.

— «Құтты мекен», «Ауыл — ел бесігі» жобалары аясында да партия мүшелері белсенді жұмыс істеуі керек. Ел азаматтарының күнделікті мәселелерін шешуге көмектесу мақсатындағы «Халыққа көмек» жобасы бойынша партия облыстарда қоғамдық қабылдауды жандандыруы керек. Себебі Nur Otan — халықтың мүддесін қорғайтын және Елбасы тапсырмаларының орындалуына бақылау жүргізетін басты институт. Осы ретте «Халыққа көмек» жобасының маңызы зор. Ақтөбеде бірыңғай әлеуметтік терезе жүйесі бойынша қызмет көрсетіп отырған қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұмысымен таныстым. Жұмыс жақсы жүргізіліп жатыр, оны әрі қарай жетілдіре түсу керек, — деді М.Әшімбаев.

Айта кету керек, әлеуметтік терезе жүйесінің жұмысы жақында ғана басталды, қазірдің өзінде 80-нен астам көпбалалы отбасының өкілдері осы терезе арқылы өтініш берген. Соның 30 пайызы жедел шешімін тапса, қалған өтініштер бойынша тиісті жұмыстар қолға алынған.

Мәулен Әшімбаев Nur Otan партиясының кәсіпкерлік, білім мен ғылым, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, индустриялық-инновациялық даму, жастарды қолдау, жалпы айтқанда халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында жасаған жұмыстарын тілге тиек ете отырып, партия мүшелеріне осы жұмыстарды одан әрі жалғастыруға, партияның кезекті ХVIII съезінде ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы, партия Төрағасы Н.Назарбаевтың алға қойған тапсырмаларын орындау мақсатындағы атқарылар жұмыстарға Ақтөбе облыстық филиалы белсенді қатысады деген сенім білдірді.

Облыс әкімі О.Оразалин Елбасы тапсырмаларына, оның орындалуына толыққанды түсінік беріп, партия мүшелеріне сенім білдірген М.Әшімбаевқа алғысын білдірді: «Филиал мүшелері өз жұмысында осы тапсырмаларды басшылыққа алады және барлық міндеттерді сапалы әрі дер кезінде жүзеге асыру үшін бар күш-жігерін аямайды», — деді.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*