Басты бет » Басты жаңалықтар » «Бақытты отбасы» жобасы: Ақтөбеде  бірнеше отбасы қоныстойын тойлады

«Бақытты отбасы» жобасы: Ақтөбеде  бірнеше отбасы қоныстойын тойлады

Біздің облысқа жұмыс сапарымен келген Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев «Нұр Ақтөбе» шағын ауданына барды. Мұнда Мәулен Әшімбаев пен облыс әкімі Оңдасын Оразалин  мүмкіндігі шектеулі адамдарға, аз қамтылған, көпбалалы және жас отбасыларға пәтер кілттерін тапсыру рәсіміне қатысты. Мұндай ізгі іс «Бақытты отбасы» жобасы аясында жүзеге асырылып отыр. Бұл жоба партия Төрағасының кезекті XVIII съезде берген тапсырмасына сәйкес қолға алынған болатын.

Жиында алдымен сөз алған Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары мемлекет тарапынан халықтың әл-ауқатын, өмір сапасын көтеру мақсатында жасалып жатқан ізгі істер туралы айтты.

— Халықтың әл-ауқатын одан әрі арттыру — Елбасы саясатының негізгі басымдығы. Бұл істе баспанамен қамтудың да маңызы зор.  Жалпы елімізде халықтың тұрмыс-тіршілігін, әлеуметтік жағдайын көтеруді мақсат еткен жұмыстар бірнеше бағыттар бойынша жасалуда. Біріншіден, еңбекақыны көтеру. Екіншіден, баспанамен қамтамасыз ету. Үшіншіден, әлеуметтік салалар — денсаулық сақтау және білім беру жүйесін дамыту. Тұңғыш Президенттің тікелей тапсырмасымен осы бағытта көптеген игі іс тындырып, жетістіктерге қол жеткізіп жатырмыз. Жақында  Nur Otan партиясының ХVІІІ съезі өткені белгілі. Съезде Тұңғыш Президентіміз Үкіметке, партияға, әкімдіктерге, құзырлы органдарға халықтың әл-ауқатын арттыра түсу бағытында нақты тапсырмалар жүктеді. Осы съездегі міндеттер, Тұңғыш Президенттің Жолдауы және әлеуметтік жаңғыру жолындағы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуі сайып келгенде Қазақстанның жаңа әлеуметтік доктринасының негізін қалайтын құжаттар болды.  Осы бағыттағы жүйелі жұмыстардың жүзеге асуына біздің партиямыз — Nur Otan партиясы тікелей атсалысуда. Баспаналы болу — әр отбасы үшін үлкен мереке. Бүгін, міне, бірнеше ақтөбелік қоныстойын тойлайды. Осындай игі шараға қатысқаныма қуаныштымын. Бұл, әрине, Тұңғыш Президентіміздің сарабдал саясатының нәтижесі, облыс әкімінің ел үшін, халық үшін жасап жатқан еңбегінің жемісі. Жалпы, осы бағыттағы жұмыстарды партиямыз Үкіметпен, әкімдіктермен бірлесіп жалғастыра беретін болады, — деп Мәулен Әшімбаев пәтерге ие болған отбасыларға ақ тілегін жеткізді.

Nur Otan партиясының ХVІІІ съезінде Елбасы «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында 2025 жылға дейін көпбалалы және жағдайы төмен отбасылар үшін

40 мыңнан астам жалдамалы пәтер салуды тапсырған болатын. Соған байланысты біздің облыста көлемі 23 мың шаршы метр болатын жалға берілетін тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары қолға алынды. Салынған пәтерлердің 60 пайызы көпбалалы, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған және жалғызбасты аналарға берілмек. Сондай-ақ, биыл аталған бағытта республикалық бюджет есебінен Мәртөк, Хромтау аудандары мен Ақтөбе қаласында сатып алу құқығынсыз жалдамалы тұрғын үйлер бой тіктейтін болады. Сонымен қатар жергілікті бюджет есебінен Қобда, Мұғалжар және Ойыл аудандарында жалдамалы-коммуналдық тұрғын үйлер (60 пәтер) салу жоспарланып отыр.

Баспанаға қол жеткізгендердің бірі көпбалалы ана — Анжелла Қазтуғанова.

Қуанышымда шек жоқ. Балаларым да мәз болып, қуанып жатыр.

Төрт баланы өзім тәрбиелеп, өсіріп отырмын. Бұған дейін пәтер жалдап, әркімнің үйіне көшіп-қонып жүретін едік. Сол қиын күндердің бәрі артта қалғанына қуанамын.

Елімізде халықтың әлеуметтік жағдайын, тұрмысын түзеуге байланысты кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соның арқасында бұрын қолжетпес армандай болған баспанаға ие болдым. Үлкен қолдау, көмегі үшін Тұңғыш Президентімізге алғысым шексіз, — деді көп балалы ана.

Айта кету керек, пәтерге мұқтаж азаматтарға баспана «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы берілді.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*