Басты бет » Білім » Саудаға түскен бағалар

Саудаға түскен бағалар

Брифинг

Жергілікті университеттер мен колледждерде емтихандық процедураларды өткізу кезінде оң шешім қабылдау үшін студенттерден сыйақы алынатындығы белгілі болды. Бұл туралы облыстың жоғары оқу орындары мен колледждерінің студенттері арасында сауалнама жүргізген  аймақтық арнайы мониторингтік тобының төрайымы Тәттігүл Талаева баспасөз мәслихатында мәлім етті.

Жалпы сауалнамамен 1552 студент қамтылған. Студенттердің айтуынша, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде  заңсыз алынатын сыйақы мөлшері 1000-2000 теңге, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетінде  5000-80000 теңге, С.Бәйішев атындағы университетте 1 500-10000 теңге аралығында болады екен. Кейде оқытушылар баға үшін торт, бәліш немесе «KFC» компаниясының тағамдары түрінде сыйлықтарды сұратқан.

— Студенттерге жоғары оқу орындары  мен арнаулы орта білім беру мекемелеріне түсу кезінде грантқа қабылдау үшін сыйақыға қызметтер ұсынып,   жатақханадан бөлме алу кезінде кедергілер орнатып, оқытушылардың авторлық кітаптарын сатқан, — деді Т.Талаева.

Баспасөз мәслихаты барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департамент басшысы Расул Медетовтің айтуынша, жүргізілген сауалнама мен «құпия сатып алушылықтың» қорытындылары қосымша зерделеу үшін және мәліметтердің дұрыстығын анықтау мақсатында құқық қорғау органдары мен оқу орындарының сыбайлас жемқорлықтың алдын алу комиссияларына жолданды.

— Департамент «Жасырын сатып алушы» әдісімен іс-шара өткізу барысында хабарландыру авторларының біріне телефон соқты. Әңгімелесу барысында дипломдық жұмысты «сатушы» бұрын оқытушылық қызметпен айналысқандығын, дипломдық жұмыстың сапалы жазылуын ғана емес, сонымен қатар жақсы нәтижелерге кепілдік беретіндігін, дипломдық жұмыстың құны 50 000 теңгені құрайтындығын айтты, — деді Р.Медетов.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*