Басты бет » Басты жаңалықтар » Жиі қойылатын он сауал

Жиі қойылатын он сауал

Атаулы әлеуметтік көмек

Атаулы әлеуметтік көмек аз қамтылған азаматтарға және табысы төмен деңгейдегі отбасыларға, оның ішінде көпбалалы жанұяларға берілетін ақшалай төлем. Биыл 1 сәуірден бастап елімізде қолдауға аса мұқтаж және көпбалалы отбасылар атаулы әлеуметтік көмек алады. Әлеуметтік жәрдемақы мөлшері қалай өзгереді? Осы жайында оқырмандарымызды мазалайтын негізгі он сауалға жауап төмендегідей.

1) Атаулы әлеуметтік көмектің жаңартылған форматына өтініштерді қабылдау қашан басталады? Қай жерге жүгіну қажет?

— Жаңартылған атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге өтініштерді қабылдау 2019 жылдың 1 сәуірінен басталады. Ол үшін азаматтар тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту немесе халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгінуі қажет. Егер отбасы ауылдық жерде тұрса, онда кент, ауыл, ауылдық округ әкімдеріне жүгінеді.

2) Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау үшін қандай құжаттар қажет?

— Өтініш беру  және сәйкестендіру үшін тек жеке куәлікті ұсынуы қажет. Басқа құжаттар қажет емес.

3) Жәрдемақыны толық мөлшерде алу үшін құжаттарды айдың басында беру қажет пе?

— Жоқ, міндетті емес. Атаулы әлеуметтік көмек өтініш білдірген айдан бастап тағайындалады. Ол өтініш берген күнге байланысты емес. Мысалы, егер сіз құжаттарды уәкілетті органға 20 сәуірде тапсырсаңыз, онда төлемді де толық көлемде бір ай үшін ала аласыз.

4) Атаулы әлеуметтік көмек алу үшін тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркеу болуы шарт па?

— Иә, қажет. Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін тұрғылықты мекенжай бойынша тұрақты немесе уақытша тіркеудің болуы қажет.

5) Жәрдемақыны есептеген кезде бірге тұратын туыстардың да барлық табысының есепке алынатыны рас па? Бұл норма қайта қарала ма?

— Атаулы әлеуметтік көмекті 2019 жылдың 1 сәуіріне дейін тағайындаған кезде отбасында бірге тұратын, ортақ шаруашылық жүргізетін барлық мүшелері есепке алынды. Алайда министрлік  «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Заңға отбасы құрамын нақтылау бөлігінде толықтырулар енгізуде. Осылайша, 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап отбасының құрамында тек жақын туыстар, яғни ата-ана, балалар, бала асырап алушылар, асырап алынған бала, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек бауырлар мен апа-қарындастар, ата-әже, немерелер есепке алынады.

6) Жәрдемақы алу үшін отбасының бір мүшесінің табысы қанша болуы тиіс? Жәрдемақының мөлшері қандай?

— Егер отбасының бір адамға шаққандағы айлық табысы 20 789  теңгеден аспаса, отбасыға атаулы әлеуметтік көмек төленеді. Бұл ретте кәмелетке толмаған балаларға 20 789 теңге мөлшерінде, ал ересектерге отбасының жан басына шаққандағы табысы мен атаулы әлеуметтік көмек критерийлерінің мөлшері арасындағы айырма төленеді.

Мысал ретінде екі ересек ата-ана мен алты кәмелет жасқа толмаған баладан тұратын отбасын алайық.

Ай сайынғы табысы:

1) Әкесінің жалақысы — 150 000 теңге;

2) Көпбалалы отбасыға берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы — 10 504 теңге;

3) «Күміс алқа» алқасымен марапатталған көпбалалы анаға берілетін мемлекеттік жәрдемақы — 16 160 теңге.

Отбасының ай сайынғы табысы — 176 664 теңге. Отбасының жиынтық табысын есептеу кезінде көпбалалы отбасыларға берілетін арнаулы мемлекеттік  жәрдемақы мен «Күміс алқа» жәрдемақысы алынып тасталды. Отбасы мүшелерінің жан басына шаққандағы орташа табысы келесідей есептеледі: 150 000 теңге 8 адамға бөлінеді = 18 750 теңге. Тиісінше, отбасы атаулы әлеуметтік көмек көрсету критерийлеріне сәйкес келеді.

Балаларға атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін есептеу: 20 789 теңге*6 бала = 124 734 теңге.

Ата-аналар үшін атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін есептеу: 20 789 теңге – 18 750 теңге = 2 039 теңге; 2 039*2 = 4 078 теңге.

Атаулы әлеуметтік көмектің жиынтық мөлшері 124 734 теңге + 4 078 тг = 128 812 теңге.

Егер бұрын отбасы атаулы әлеуметтік көмек көрсету критерийіне сәйкес келмесе, онда 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап 128 812 теңге мөлшерінде атаулы әлеуметтік көмек алуға құқылы. Осылайша, жаңа атаулы әлеуметтік көмекті ескере отырып, отбасының жалпы табысы: 176 664 теңге + 128 812 теңге  = 305 476 теңге болады.

7) Отбасының жиынтық табысын есептеу кезінде жеке қосалқы шаруашылықтан түскен табыс есепке алына ма?

— Иә, отбасының жиынтық табысын анықтаған кезде жеке қосалқы шаруашылық ескеріледі. Жеке қосалқы шаруашылықтан түсетін табыс Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2009 жылғы 28 шілдедегі №237-ө бұйрығымен бекітілген мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) жиынтық табысын есептеу қағидаларына сәйкес есептеледі. Қағидаларда  ел өңірлерінің климаттық ерекшеліктерін ескере отырып, жеке қосалқы шаруашылықтан  түсетін табысты есептеу нормалары айқындалған. Бұл ретте жергілікті атқарушы органдар жеке қосалқы шаруашылықты табыс көзіне жатпайды деп айқындай алады. Яғни әкімдіктер өз қалауы бойынша жеке қосалқы шаруашылықтан түсетін табысты ескермеуге құқылы.

8) 1 сәуірден бастап отбасының жалпы табысын есептеу кезінде қандай табыс алынып тасталады?

— Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін отбасының жиынтық табысын есептеген кезде мыналар есепке алынбайды:

  1. 4 және одан да көп баласы бар көпбалалы отбасыларға берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы;
  2. «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы;
  3. баланың мүгедектігі бойынша жәрдемақы;
  4. студенттердің шәкіртақысы;
  5. жергілікті атқарушы органдар жүзеге асыратын біржолғы төлемдер.

9) Көпбалалы отбасыларды қолдау бағытында тағы қандай шаралар бар? Бұл туралы толық және дұрыс ақпаратты қайдан алуға болады?

— «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға ай сайын 16 160 теңге (6,4 айлық есептік көрсеткіш) мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Бүгінде 235 мың ана осындай құрметті атаққа ие.

Сондай-ақ, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналар:

– көлік құралдарына салынатын салықты және жер салығын;

– тұрғылықты мекенжайын тіркеу, паспорт, жеке куәлік алу кезінде жасалатын нотариаттық және заң тұрғысынан маңызды әрекеттер үшін мемлекеттік баж салығы, тағы басқа төлеуден босатылады.

Сонымен қатар, 5 және одан да көп бала туып, оларды 8 жасқа толғанға дейін тәрбиелеп отырған аналар 53 жасында зейнетке шығуға құқылы.

Сол сияқты, министрлік азаматтардың ұсыныстарын ескере отырып, әлеуметтік көмек пен қызметтердің бірыңғай пакетін әзірледі. Оны атаулы әлеуметтік көмек  алушыларға жергілікті атқарушы органдар көрсетеді. Әлеуметтік пакетке жергілікті атқарушы органдар есебінен көрсетілетін 11 әлеуметтік қолдау және әлеуметтік қызмет шарасы кіреді, оның ішінде 1-4 сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету, қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүру, балалар лагерьлерінде тегін демалу, тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі арқылы тұрғын үй жағдайларын жақсарту, мектеп формасымен, оқулықтармен және оқу құралдарымен қамтамасыз ету және т.б. бар.

Бірыңғай әлеуметтік пакетті енгізу елдің барлық өңірінде мұқтаж азаматтарға бірдей әлеуметтік көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау және басқа да жеңілдіктер мен жәрдемақылар туралы толық ақпаратты жұмыспен қамту орталықтарынан, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларынан, ауылдық әкімдіктерден, сондай-ақ 111 call-орталығы арқылы алуға болады.

10) Қай жастағы балалар атаулы әлеуметтік көмек ала алады?

— Жаңа механизм бойынша ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызы немесе 20 789 теңге мөлшеріндегі кепілді төлем 18 жасқа дейінгі балаларға, ал орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқуда оқыған жағдайда, білім беру ұйымын бітіретін уақытқа дейін (бірақ 23 жасқа толғанға дейін) төленетін болады.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*