Басты бет » Басты жаңалықтар » Бибі-ана Бекішовтер әулетіне үй сыйлады

Бибі-ана Бекішовтер әулетіне үй сыйлады

Белгілі жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Бибі-ана» қайырымдылық қорының президенті Бибігүл Иманғазинаның қамқорлық істерде оқ бойы озық жүретіні көпке аян.

Бойжеткен бұла шағынан өмірдің тауқыметін арқалаған қайсар қыздың туған жеріне деген құрметі әсте бөлек. «Тауқымет» романында бір кейіпкердің өмірін баяндау арқылы күллі қазақ қыз-келіншектерінің тағдырына алаңдаған қарымды қаламгердің, әсіресе, мүгедек аналардың проблемасына келгенде жүрегі байыз  таппайды.

Оның осындай қайсар қасиетіне жақында жерлестері де куә болды. Ұзақ жылдардан бері баспана қиындығын көріп келген Шалқар қаласындағы Бекішовтер әулетіне ол 7 бөлмелі жер үйді сыйға тартты. Құны 6 миллион теңгеге бағаланған үлкен үй ауызсумен, көгілдір отынмен қамтылған және бірнеше сарайлары, ауласында шегенделген құдығы бар, мал ұстауға қора-жайлары сақадай сай.

— Осыған дейін баспана қиындығын бір кісідей көріп келдік. Отағасы Алдаберген екеуіміз кезінде «Шетырғыз» кеңшарында мал шаруашылығында еңбек еттік. Ол совхоздың тракторын жүргізді, мен малшыларға жәрдемші, шөпшілерге аспаз сияқты жұмыстарды атқардым. 2000 жылы аудан орталығына көшіп, бала-шағамызбен 3 бөлмелі үйде 17 жылдай тұрдық, табыс мардымды болмағасын оны кеңейте де, жөндей де алмадық. Бертін келе ол да апатты жағдайға тап болды. Жергілікті жерде баспана кезегіне тұрғанымызбен, заң талаптарына сай жақын арада қол жеткізу мүмкін болмады.  Біздің осы мұқтаждығымыз «Бибі-Ананың» назарына ілігіп, мінеки, жерлес апамыздың арқасында сан жылдар бойғы отбасылық арманымыздың орындалған сәтіне куә болып отырмыз, — дейді қуанышын жасыра алмаған отанасы, «Алтын алқа» иегері Бағила Бекішова.

Алдаберген ағай мен Бағила апай өмірге 7 қыз, бір ұл әкеліп, олардан 15 немере сүйіп отыр. Кенжесі Гүлшат — І топтағы туабітті мүгедек. Жалғыз ұлы Сағыныштың жүрегіне ота жасалған, ауыр жұмысқа жарамсыз. Бағила апайдың да денсаулығындағы кінәратына байланысты ІІІ топтағы мүгедектік тағайындалған. Әзірге бұл әулетке кіретін тұрақты кіріс көзі осы екі санатпен берілетін жәрдемақылар ғана.

—Шүкіршілік етемін. Ең бастысы, баспанаға қол жеткіздік. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, зәулім үй алып берген Бибігүл  апаға отбасымыздың атынан шынайы алғысымызды білдіреміз. Деніне саулық, істеріне береке берсін! — дейді риза кейіппен көпбалалы ана Бағила.

Дегенмен жұмыссыздық мәселесі бұл шаңырақтың да босағасынан «сығалап тұр». Балалардың ішінде дипломдары бар бір-екеуі: «Бізге енді тұрақты жұмыс болса екен…» — деген тілегін айтып қалды. Арбаға таңылған кенжесін бағып-қағатын аналары «отбасымызға тамшыдай болса да кіріс болсын» деп соңғы кезде тары салып, сатуды кәсіпке айналдырған. Ауладағы кең қазан үйде тары қуырып, түйіп, елеуге үйдегі балалардың барлығы көмектесіп жатқанына біз де куә болдық.

— Қайырымдылық жасап, бір-бірімізді демеп, жығылғанға таяныш болу — әркімнің де қолынан келетін іс. Ол үшін адамға алдымен пейілдің кеңдігі, жүректің жомарттығы қажет. Бекішовтер әулетіне алып берген бұл үйдің қаржысы өзімнің жылдар бойғы халыққа қайта басылып, таратып келе жатқан «Тауқымет» романының таза қаламақысынан құралды. Қайырымдылықтың қадір-қасиетін көріп, санама түйіп өскен адаммын. Күні бойы арбада отырсам да, қол-аяғы бүтіндерден қалмауға тырысып, маңдай тірегенге шама-шарқымша көмектесуді парыз санаймын. Осы кезге дейін өзім тағдырлас 580-дей баланың жоғары оқу орнына түсуіне септескен екенмін. Соны көңіліме үлкен медеу тұтамын.

Маған халықтың алғысынан артық баға жоқ. Кішісі сыйлап, үлкендері батасын беріп жатады,  құрметтің осы түрінен өзім қуат аламын, — дейді бізбен тілдескен Бибігүл Қабиқызы.

«Бибі-Ана» қоры басшысының еліміздің әр аймағында тұратын шын мұқтаждарға жасап жатқан көмегі көп. Енді туған жері Шалқар қаласының орталығынан мүгедек балаларды сауықтыру орталығын салуды  көздеп отыр.

Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар ауданы.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*