Басты бет » Басты жаңалықтар » Құнды құжаттар «қоймасы»

Құнды құжаттар «қоймасы»

Ұлы даланың жеті қыры

«Бабаларымыздың өмірі мен олардың ғажап өркениеті жөніндегі көптеген деректі құжаттар, әлі де болса, ғылыми айналымға түскен жоқ. Олар әлемнің бүкіл архивтерінде өз іздеушісі мен зерттеушісін күтіп жатыр. Сондықтан ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне елеулі іргелі зерттеулер жүргізу үшін «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасын жасауымыз қажет деп санаймын.  Бұл жобаны жүзеге асыру барысында тарихшылардан, деректанушылар мен мәдениеттанушылардан құрылған арнайы топтардың отандық және шетелдік ірі архивтермен өзара жүйелі әрі ұзақ мерзімді ықпалдастықта болып, іздеу-зерттеу жұмыстарын жүргізуіне баса мән беру керек.

Архив деректерін тек жинақтап қана қоймай, барлық мүдделі зерттеушілер мен қалың жұртшылыққа қолжетімді болуы үшін оларды белсенді түрде цифрлық форматқа көшіру қажет».

Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ

«Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласынан.

Облыстық мемлекеттік архивінің бүгінгі тынысы қалай?

Ақтөбедегі байырғы мекемелердің бірі — облыстық мемлекеттік архивінің қорында бүгінде 700 мыңнан астам құжат бар. Соңғы жылдары мұндағы жәдігерлер һәм жазба деректерді жаппай цифрлық форматқа көшіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өйткені ғасырға жуық тарихы бар өңірдегі мұрағат қызметіне жүгінушілердің арасында шетелдіктер де кездеседі екен, ал олар қалаған мәліметін ғаламтор арқылы табуға құлықты. Сондай-ақ қазіргі таңда мәдениет нысанында ерекше қызығушылыққа ие болып отырған жеке тектік қор туралы айтпай кетуге болмайды. Аталған бөлімде қай ақтөбелік танымал азаматтардың жеке заттары, құжаттары мен фотоестеліктері көздің қарашығындай сақтауға алынған? Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында да тарихи сананы жаңғыртуға баса мән беріп, «Архив — 2025» бағдарламасын жасауды ұсынғанын ескерсек, бұл жұмыстардың бір-бірімен сабақтас екенін байқауға болады.

Ұлттық байлық — құнды құжаттар мен өңіріміздің тарихы, сондай-ақ белгілі тұлғалардың өмірі мен қызметіне қатысты жәдігерлерді, жалпы тұрғындар жайлы мәліметтерді жинақтап отырған облыстық мемлекеттік архивінің жай-күйі мен шешімін таппаған мәселелерін газет тілшісі біліп қайтқан еді.

«Архив — 2025»:

Арнаулы топ Орынборға барады  

Облыстық мемлекеттік архивтің директоры Марат Төлебайдың айтуынша, 3 бөлімнен құралған ұжымда 48 адам еңбек етеді, оның 24-і — архив ісінің маманы. Әр саладан қамтитын ұзын саны 700 мыңнан астам құжатты қорда жинақтап отырған мекемеден 1860 жылы жарық көрген шіркеу кітаптарынан бастап, қазіргі уақытқа дейінгі деректерді табуға болады. Негізінен өңірімізбен байланысты құжаттарды сақтап, есепке алумен, сонымен қатар, ұлттық архив қорын жинақтау мен сараптаумен айналысатын мекемеде Ақтөбенің жылнамасына қатысты көптеген мәліметтер бар. Оған жыл сайын халықтан орташа есеппен алғанда әртүрлі деңгейдегі 7500 сұраныстың түсетіні дәлел. Мұнда келушілер көбіне-көп зейнет демалысына шығу үшін еңбек өтіліне қатысты анықтамаларды алу, жерге байланысты құжаттарды жаңғырту, ұрпақ шежіресін қалпына келтіру, т.б. сұрақтар бойынша жолығады екен. Аталған мемлекеттік қызметтер мекеме ғимаратында ғана емес, халыққа қызмет көрсету орталығы мен электрондық үкімет порталы арқылы көрсетілетінін айта кету керек. Архивтің алдағы бағдарламасы турасында:

— Мәселен, архив мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жаңарту қажет. Өйткені біз қорымызға жаңадан құжаттарды қабылдай алмай отырмыз — орын жоқ. Бұл облыс орталығындағы ғимараттарға ғана емес, аудандағы бөлімшелерімізге де қатысты. Тіпті, жеке баспанасы болмай, ғимаратты жалдап отырғандар да бар. Сосын біздегі материалдарды электрондық форматқа ауыстыру үшін техникалар кемшін боп тұр. Тағы бір мәселе — архив ісі мамандарының әлеуметтік жағынан қорғалмауы. Соның ішінде шаң-тозаңның арасында жұмыс істейтін қызметкерлердің жалақысының аздығы. Архивтің қоры молайса деген тілегімізді де ортаға салдық, — дейді мекеме басшысы.

Жоспар бойынша ақтөбелік бір топ өлкетанушы, тарихшы, басқа да сала мамандары «Архив — 2025» жобасы аясында маусым айында көршілес Ресей Федерациясының Орынбор облысына, Башқұртстан Республикасының Уфа қаласына ғылыми-іздестіру экспедициясына аттанғалы отыр. Мақсат — аталған өңірлердің мемлекеттік архивтерінде Ақтөбеге қатысты тың деректерді табу, ондағы құжаттардың көшірмесін елге әкелу. Марат Төлебай бұл үшін жергілікті бюджеттен 3,5 миллион теңге қаражатқа сұраныс білдіргенін атап өтті.

Бәрі ойдағыдай іске асса, алдағы жылдары архив мамандары мұндай жолсапарларды Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларында жалғастырмақ.

Әзірге 5 мың құжат электрондық форматқа көшірілді

Облыстық мемлекеттік архивтің қорында 128 мың аса құнды құжат сақталған. Соларды электрондық форматқа көшіру үшін соңғы екі жылда кең көлемде жұмыс істейтін бір данадан сканер құрылғысы сатып алыныпты. Бүгінге дейін аталған топқа жататын 5 мың құжат электрондық форматқа көшірілген екен.

— Біздің негізгі мақсатымыз — электрондық архив құру. Өйткені жыл өткен сайын кез келген мәліметті интернеттен алу ерекше сұраныстағы қызметтердің біріне айналып отыр. Алыста отырып-ақ анықтама алғысы келетіндер де баршылық. Осының бәрін ескере келе, жергілікті бюджеттің есебінен 2017 жылы 4 миллион теңгеге, ал былтыр 10 миллион теңгеге үлкен сканер техникаларын алдық. Соның арқасында алдымен жүз жыл бұрынғы 5 мың құжатты өте ұқыптылықпен цифрлық форматқа көшірдік. Ең бастысы — жұмыс атқарылып жатыр. Көлемді молайту үшін бізге тағы да кемінде 4-5 осындай жабдық керек, — дейді Марат Төлебай.

Айтпақшы, әңгімелесушімізден алғашқылардың бірі боп әуелде «Кедей» деген атаумен шыққан қазіргі облыстық «Ақтөбе» газетінің байырғы номерлерінің электрондық форматқа көшірілгенін білдік. Сол сияқты өңірдің құрылу тарихы, тұңғыш басшылары туралы мәліметтер де «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында электрондық үлгіге аударылыпты.

Көпшілікке ыңғайлы болу үшін электрондық мәліметтерді енді облыстық архивтің ресми сайтына орналастыру көзделіп отыр.

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА

Облыстық мемлекеттік архиві ең алғаш Ақтөбе губерниялық мұрағат бюросы деген атаумен 1923 жылы құрылды.

Қазіргі таңда Ақтөбеде барлығы 13 архив мекемесі бар, оның 12-сі ауданда, 1-еуі облыс орталығында орналасқан.   

37 ақтөбеліктің жеке тектік қоры бар   

 Мекеме қорының құнды бөліктерінің бірі — жеке тектік қор. Аталған бөлімде елге белгілі, өз саласында әртүрлі жетістікке жеткен ақтөбелік азаматтардың жекелей жәшіктері орналастырылған. Ал оның ішінде сол тұлғаның жеке бұйымдары, құжаттары, фотосуреттері, басқа да құнды жәдігерлері бөгде адамдар кіре алмайтын жерде сақталады. Қажет болған жағдайда қордағы заттар музейге табысталады. Соңғы жылдары жеке тектік қорға өзінің материалдарын тапсырып жатқан жерлестеріміз де бар екен.

— Қазіргі таңда Ақтөбе облысының мемлекеттік архивінің осы бөлімінде 1330 сақтау бірлігінен тұратын 37 жеке және жүздеген адамның деректерінен құралған 5 топтама бар. Барлығы — 182 ақтөбеліктің мәліметтері. Олар өз ішінде «Кеңес Одағының Батырлары», «Қазақстан Кеңес ұйымының билігін орнатушылар», «Ұлы Отан соғысына қатысушылар», «Еңбек ардагерлері», «Социалистік Еңбек Ерлері» сынды топтарға бөлінген. Мысалы, бізден атақты тарышы Шығанақ Берсиевтің жеке тектік қорын таба аласыз. Онда тары дақылын өсіруде дүниежүзілік рекорд орнатқан әйгілі диқанның жазған хаттары, өзі өсірген бір шөкім тарысы сақталған. Одан бөлек, батыр қызымыз Әлия Молдағұлованың туысқандарына жазған хаттары, тұтынған бұйымдары қорда жинақталған. Топтамаға кейін келіп қосылғандардан қоғам қайраткері Амангелді Айталы, тарихшы Зәкіратдин Байдосов, журналист Идош Асқарларды атап өтуге болады. Олар өздеріне қатысты құжаттарды, авторлық кітаптарын, тарихи фотосуреттерді тапсырып, осылайша, жеке тектік қор жұмысының одан әрі дамуына үлесін қосып жатыр, — дейді облыстық мемлекеттік архивінің қызметкері Бақытгүл  Ешмұратова.

P.S. Облыстық мемлекеттік архиві директорының сөзінше, қорды жинақтау, оны электрондық форматқа көшіру жұмысы, осылайша, қарқынды жүргізілу үстінде. Өйткені әр күн — тарих. Ал келер ұрпақтың біз сияқты өткен күнді саралайтыны хақ…

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*