Басты бет » Ақтөбе — 150 » Ақтөбеде даярланған алғашқы дәрігерлер

Ақтөбеде даярланған алғашқы дәрігерлер

Облыстық мемлекеттік архив деректерінде Ақтөбе қаласындағы қазіргі М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің алғашқы түлектері аталған оқу орнын 1963 жылы емдеу ісі мамандығы бойынша 157 түлек тәмамдағанын растайды.

Облыстық мемлекеттік архивтің құжаттарды пайдалану және жариялау бөлімінің қызметкері Сағыныш Төремұратованың ұсынған деректеріне сүйенер болсақ, Негізі 1957 жылы құрылған Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын тәмамдаған алғашқы түлектердің жетеуі — үздік диплом иегерлері.  Олардың қатарында медицина ғылымдарының докторы, профессор, «КСРО медицина ісінің үздігі» белгісінің, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің және «Ұлттық медициналық қауымдастық» республикалық қоғамдық бірлестігінің ең жоғары наградасы — «Алтын дәрігер» төсбелгісінің иегері Есенғос Мәмбеталин,  медицина ғылымдарының докторы, Ресей және Нью-Йорк ғылым академияларының академигі, Н.Гамалеи атындағы Мәскеу ғылыми-зерттеу институтының профессоры Виктор Бондаренко, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Ресейдегі медициналық ғылымдар академиямиясы  онкологиялық орталығының профессоры Мақсұт Ахметов, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасындағы онкологиялық ғылыми-зерттеу орталығы зертханасының меңгерушісі А.Хамзиндер болды.  Сол сияқты, оқу орнын аяқтаған алғашқы түлектердің бірі — Алла Миронова. Ол ұзақ жыл Ақтөбе медициналық училищесін басқарды, осында «Жыл адамы» құрметіне ие болған алғашқы медицина қызметкерлерінің бірі.

Архив деректерінде 1957 жылдың 1 тамызында СССР Министрлер Кеңесінің №2156 ұйғарымымен, ССР денсаулық сақтау министрлігінің 1957 жылдың 10 тамызындағы №833 бұйрығымен Ақтөбе қаласында сол жылдың қыркүйек айында республикада төртінші болып емдеу ісі мамандығы бойынша медициналық институт ашылды. Сол кезде медициналық институттың алдына тек  дәрігер мамандарды  даярлау ғана емес, сондай-ақ Ақтөбе және көршілес облыстардың денсаулық сақтау саласын жетілдіру міндеті де жүктелді.

1957 жылдың 15 қазанында алғаш рет 213 адамнан құралған студенттер аудиториясы Гиппократ антын тыңдады.

Жаңадан ашылған жоғары оқу орнының алғашқы ректоры Алмағанбет Дайыров сол кезде 39 жаста болатын. Оның емдеу ісінде де, ұйымдастырушылық жұмыстарда да мол тәжірибесі болды. Себебі ол соғыс жылдарында жауынгерлерді ажалдан арашалап, кейін облыстың денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы, Алматы медициналық жоғары оқу орнында оқытушы қызметтерін атқарды. Ал Ақтөбе медициналық институтының алғашқы ғылыми және оқу ісі жөніндегі проректоры, сол сияқты факультеттің бірінші деканы А.Сорокин болды.

Өзінің он жылдық мерейтойында институтта бар-жоғы 173 ғылыми қызметкер ғана болды. Оның біреуі — профессор, 41-і — доцент, 63-і — ғылым кандидаттары. Он жыл ішінде Ақтөбе медициналық институтында 1070 маман даярланып, оның  көпшілігі ел аймақтарында денсаулық сақтау саласын жетілдіру жолында дәрігерлік қызмет атқаруға кіріскен.

Бүгінде 60 жылдан астам тарихы бар М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті еліміздің батыс аймағы бойынша дәрігер маман даярлайтын беделді жоғары оқу орындарының біріне айналды.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*