Басты бет » Ақтөбе — 150 » Наурыз — жаңару мерекесі

Наурыз — жаңару мерекесі

Биыл іргесінің қаланғанына 150 жыл толған Ақтөбе қаласы Наурыз тойына ерекше «жасанды»: көшелеріне ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, тайқазандар көтерілді, қыстан аман шыққан халық қолдарын алысып, төс түйістіріп, бір-бірін елдің аузын аққа, малдың аузын көкке тигізген көктемді ала келген Наурыз тойымен құттықтап, бауырсақ пен наурыз көжеден ауыз тиіп, ән-күйге қосылды. Ақтөбенің 150 жылдығына орай қаланың 150 кәсіпкері 12 мың литр наурыз көже,  11 тонна палау және  10 тонна бауырсақ пісіріп, тегін таратты.

Шараға  облыс әкімі Оңдасын Оразалин де қатысып, жиналғандарды Наурыз мерекесімен құттықтады:

— Ардақты ағайын, қадірлі жерлестер! Кешірім мен мейірімнің, үміт пен сенімнің, еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырысы төгілмес тірліктің бастауы әз Наурыз берекелі де баянды болсын! Халқымыз қашанда «Жаңа жылдан жақсылық күт, келер күннен үмітіңді үзбе» деген. Биылғы Наурыз мейрамы еліміздегі тарихи оқиғамен тұспа-тұс келіп отыр. Мереке қарсаңында ел тәуелсіздігін бекіткен, қазақ елін жалпақ әлемге танытқан Елбасымыз тарихи шешім қабылдап, өкілеттігін тоқтатты. Өздеріңіз жақсы білесіздер, Елбасының қазақ халқына сіңірген еңбегі өте зор. Қазақстан әлемдік өркениет көшінде өзіндік бет-бейнесі бар іргелі елге айналды. Әлем Қазақ елін тыныштықтың тілекшісі ретінде таниды. Осындай сәтте барымызды бағалап, ауызбіршілігімізді сақтап, елдің одан  әрі өркендеуіне күш салуымыз керек. Мерейлі мереке қарсаңында баршаңызға амандық, отбастарыңызға бақ-береке тілеймін. Игі істеріңіз табыс әкелсін. Ұлыстың ұлы күні құтты, ақ мол болсын! — деді облыс әкімі.

Салтанатты шара Қобыланды батыр атындағы стадион жанындағы түрлі ұлттық салт-дәстүрлерге қатысты көрмеден бастау алды. Мұнда бірнеше киіз үйлер тігіліп, арқан тартыс, асық ату сынды ұлттық ойындар, тазылар көрмесі, қолөнер бұйымдары бұрыштары ашылып, концерттік шара өткізілді. «Қазақ халқына мың алғыс» стелласы жанында да бірнеше киіз үй тігілді. Ол киіз үйлердің әрқайсысының тақырыптық атаулары да бар екен: «Ақтөбе қаласына — 150 жыл», «Биыл — Жастар жылы», «Ұлы даланың жеті қыры», «Наурыз — жыл басы», «Отбасы академиясы», «Аналарға тағзым», «Ақтөбе» газетіне — 95 жыл» атты тақырыптық атаулар берілген киіз үйлер атына заты сай безендіріліп, көрмелер ұйымдастырылды.

Облыс әкімі киіз үйлерге арнайы кіріп, жұртшылықпен кездесіп, дәм ауыз тиді.

* * *

Биыл «Ақтөбе Медиа» ЖШС  «Ақтөбе» газетінің 95 жылдығына орай арнайы киіз үй тікті.  Мұнда 95 жыл бойы облыс жылнамасы ретінде жарық көріп келе жатқан басылымның тарихына қатысты құнды деректер қойылған: әр жылдарда жұмыс істеген газет қызметкерлері пайдаланған алғашқы құралдар — баспа машиналары, телефондар, диктофондар мен фотоаппараттар, газеттің алғашқы сандары, серіктестіктің ұйытқы болуымен басылып шыққан газет-журналдар мен кітаптар да осында.

Киіз үй алдындағы ескі линотип машинасы да жұрттың қызығушылығын туғызды. 1981 жылы Ленинградта жасалған машина  қазір пайдаланудан шықты, сондықтан сирек кездесетін жәдігерлер қатарында. Кезінде «Ақтөбе» газеті осы баспа машинасында терілген. «Ол кезде «Ақтөбе» газеті «Коммунизм жолы» деп аталды. Әр әріпті қорғасынмен құйып, беттеуге жіберетін едік. Мен баспаханаға 20 жасымда келдім, осы құралмен 20 жыл бойы жұмыс істедім», — дейді баспашы Гүлжамиға Беренқұлова.

Осында келген облыс әкімі Оңдасын Оразалинге «Ақтөбе-Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин «Ақтөбе» газетіне — 95 жыл» көрмесін таныстырды.

Облысқа белгілі өнер иесі Орал Байсеңгір арнау айттып, жырдан шашу шашты. Журналистика ардагері, ақын Жақсылық Айжанұлы ақ тілегін білдіріп бата берді. Ал киіз үй сыртында ұлттық киім киген жастар жұртшылыққа облыстық газеттердің мерекелік номерін таратты.

* * *

Басқа киіз үйлер де тақырыпқа сай безендірілген. Іскер әйелдер қауымдастығы көтерген «Отбасы академиясы» атты ағаш үйдің ішінде ұлттық бұйымдармен қатар ұлттық киімдер, ағаштан жасалған ыдыс-аяқ ерекше үйлесіммен орнатылған. «Қауымдастық құрамында 60-қа жуық іскер әйел бар, барлығымыз ұйымдасып, жыл сайын Наурыз тойында осындай ерекше киіз үй тігеміз», — дейді қалалық мәслихат депутаты Алтынай Мұқанова.

«Биыл — Жастар жылы» аталатын киіз үйдің ішінен жастықтың «иісі» шығады: «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясының жұмысшы жастары мен облыстық жастар саясаты басқармасы, жастар ресурстық орталықтары бірлесіп көтерген шаңыраққа қойылған бұйымдардың барлығын жастар өз қолымен дайындапты. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясының жас инженері, осы мекемедегі жастар кеңесінің төрағасы  Ержан Ұзақбаев пен облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Гүлнар Қабиева киіз үйдің ішімен таныстырды. Бір шетте «Жас прожект» жобасының жеңімпаздары, екінші бір шетте колледж студенттері әзірлеген ерекше бұйымдар бар.

«Ұлы даланың жеті қыры» — Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті көтерген киіз үйдің тақырыбы. Тарихшы, университет проректоры Рақым Бекназаровтың айтуынша,  киіз үйді бұлай атаудағы мақсат — Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасын халыққа насихаттау. Киіз үйде атқа міну мәдениеті, аң стилі өнері, басқа да ежелгі дала өркениеті мен түркі тарихына қатысты мағлұматтар қойылған. Сондай-ақ қыштан бұйымдар жасау, ағаштан ұлттық аспаптар жасау, зергерлік өнерге қатысты жастарға арнайы шеберлік кластары өткізілді. Аталған университеттің ардагер ұстаздары, белгілі ғалымдар Амангелді Айталы мен Нұртаза Абдоллаевтар ақтөбеліктерге тілегін арнады. «Қазақ елінде Наурыз 14-інде Амал мерекесінен бастап тойланады. Зерттеушілердің айтуынша, парсы халықтары бұл мерекені осыдан 6 мың жыл бұрын тойлай бастаған. Бұл мереке — тек табиғаттың ғана емес, біздің ғылым-біліміміздің, мәдениетіміздің, саяси-экономикалық тұрғыда жаңаруымыздың басы болсын. Елімізге жаңа басшы келіп жатыр, бір дәуірден өтіп, екінші дәуірге аяқ басқалы отырмыз, осы істердің барлығы елімізге берекелі болсын!» — деді А.Айталы.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин осы киіз үйлерге арнайы кіріп, ардагерлермен, түрлі кәсіпорындар ұжымдарымен, студент жастармен кездесті.
«Ақтөбе облысы республика көлемінде экономикалық-әлеуметтік дамуы бойынша алдыңғы қатарда келеді. Соңғы жылдары облыста қыруар жұмыстар жасалды. Осы біткен істердің нәтижесінде елге аянбай қызмет еткен алдыңғы буын аға-апаларымыздың, сіздердің зор үлестеріңіз бар. Биыл сүйікті Ақтөбеміздің 150 жылдығы. Бұл үлкен шаралардың бастауы деп білемін. Жыл ішінде әлі де талай кездесулер болады. Еліміздің ауызбіршілігін сақтау жолында сіздердің орындарыңыз өте ерекше. Жастарға дұрыс бағыт беріп, қай жерде жүрсеңіздер де елдің дамуына тәжірибелеріңізбен бөлісіп, ақыл-кеңестеріңізді айтып жүріңіздер. Осындай сәттерде елге жанашырлықтарыңыз бен тілектестіктеріңіз керек»,  —  деді облыс әкімі ардагерлермен кездесуінде.
Оңдасын Оразалин мерекелік шарада ұлттық салт-дәстүріміз бойынша тәй-тәй басқан кішкентай баланың тұсауын кесіп, ақ батасын берді.
Киіз үйлерден бөлек саябақ алаңында спорттық шаралар, соның ішінде қазақ күресі, арқан тартыс, гір көтеру, күш сынасудан жарыстар өткізілді.
ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев атындағы орталық мәдениет және демалыс саябағындағы сахна алаңында және тутұғыр алаңында да 20 шақты киіз үй тігілді. Ақтөбенің 150 жылдығына орай 150 орында кәсіпкерлер 4 мың литр наурыз көже, 7 тонна палау, 7,5 тонна бауырсақ тегін таратты. Сондай-ақ, алаңдарда ұлттық салт-дәстүрлерді жаңғырту, насихаттау мақсатында сахналық қойылымдар көрсетіліп, ұлттық ойындардан сайыстар ұйымдастырылды.

* * *

Наурыз мерекесінде «Нұр Ақтөбе» шағын ауданындағы барлық көп қабатты үйдің ауласында киіз үй тігіліп, тұрғындар Ұлыстың ұлы күнін ерекше сән-салтанатпен атап өтті.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин мен қала әкімі Ілияс Испанов бастаған жергілікті билік өкілдері шағын аудандағы №28 үйдің киіз үйінде болып, тұрғындарды Наурыз мерекесімен құттықтады.

Мемлекеттік бағдарлама бойынша пайдалануға берілген 9 қабатты үйде барлығы 234 пәтер бар. Жақында көшіп келген тұрғындар бір-бірімен танысып, Жастар жылы аясында баспаналы болған жас отбасылар да Наурыз мерекесімен қатар қоныстойын тойлады.

Мерекеде аулаға жас-кәрінің бәрі шығып, көтеріңкі көңіл күймен ән шырқап, би биледі. Үлкен киіз үйдің ішінде мерекелік дастарқан жайылып, көпшілікке наурыз көже мен қуырдақ, ұлттық тағамдарымыз ұсынылды. Мейірім мен молшылықтың мейрамында қариялар бата беріп, ақ тілектерін жаудырды.

Облыс әкімі тұрғындарды төл мерекемізбен құттықтап, әр отбасына амандық, шадыман шаттық тіледі. Сондай-ақ мереке күні бесінші сәбиі дүниеге келген осы үйдің тұрғыны Ерлан Бөлекбаевты құттықтап, ұлының жақсы азамат боп өсуіне тілектестігін білдірді.

— Бұл ауданға көшіп келгенімізге екі жылға жуық уақыт болды. Көршілеріміз Наурызды тойлау бастамасын көтеріп, ұйымшылдық танытты. Үлкендерімізді төрге шығарып, балаларымызға бұл мерекенің мән-маңызын ұғындырып жатырмыз.

Бүгін біздің отбасымызда қос бірдей қуаныш тойланып отыр. Бесінші балам дүниеге келіп, есімін Нұрдин деп қойдық. Бұл күннің осындай ұлттық мерекемен тұспа-тұс келуін жақсылыққа баладым, — дейді Ерлан Бөлекбаев.

* * *

22 наурыз күні қаланың басқа  да ірі алаңдарында көпшіліктің көңілінен шыққан мерекелік шаралар ұйымдастырылды. Қобыланды батыр атындағы орталық стадион алдындағы алаңда да бірнеше киіз үй тігіліп, кемінде екі мың адам наурыз көже мен бауырсақтан, палаудан ауыз тиді. Сахнада ән-күй төгіліп, тамашалауға келгендер де биге қосылды. Спорттық ойындар да ұйымдастырылды.

Облыстық дін істері басқармасы мен Қазақстан халқы Ассамблеясы тіккен киіз үйде облыста тұратын түрлі конфессия өкілдері және ақсақалдарымен облыс әкімі Оңдасын Оразалин кездесіп пікірлесті.

Спорт саласына жауапты мемлекеттік қызметкерлер де мерекеге ерекше дайындықпен келіпті. Олар баланың тұсауын кесу дәстүрін бар сән-салтанатымен көрсетті. Сәбидің тұсауын ата-анасы ырым қылып Қазақстанның спорт шебері Гүлнар Абдулинаға кестірді. Сондай-ақ мереке барысында тұрғындардың қатысуымен арқан тарту, гір көтеруден жарыстар болды. Тіпті көпшіліктің ортасынан қойды да бұйым құрлы көрмей, арқасына өңшеріп алған білекті һәм жүректі жігіттер де табылды.

—  Наурыз — тұтас табиғаттың жаңаруымен келетін әдемі мереке. Күн мен түн теңесіп, жер бусанып, айнала ерекше нұрға бөленіп тұр. Бұл жыл еліміз үшін берекелі болғай, — деп тілегін білдірді ардагер спортшы Зейнолла Төлеутаев.

Спортшылар тіккен киіз үйдің іші де ерекше. Мұнда ағаштан жасалған ескі бұйымдар, келі-келсап, басқа да заттар қойылған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұйымдардың кейбірі арнайы ауылдардан әкелінген. Италиядан келген қонақтар киіз үйдің ішін ерекше қызығушылықпен тамашалап, бұйымдар, жергілікті салт-дәстүрлер туралы сұрап, ұлттық тағамдардан ауыз тиді.

Тазы ұстаушылардың қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған бағдарламаны тамашалауға келгендер де көп болды. Жұрттар көрмеге әкелінген құмай тазылармен жарыса суретке түсіп жатты.

«Керуен сити» ойын-сауық, сауда орталығының алдында да жылдағы дәстүр бойынша киіз үйлер тігілді. Аталған орталықтың және «Жаңа Әлжан» ұн комбинаты ұжымы көтерген киіз үйдің дастарқаны наурыз көже мен бауырсаққа толды. Кәсіпорын келушілерге 200 литр көже мен 100 келі бауырсақ таратты. «Керуен сити» АҚ 500 адамға жетерлік дәм дайындаған. Төрге озған соғыс ардагерлеріне, ақсақалдарға мерекелік ас ұсынылды.  Сондай-ақ қонақтарға арнайы концерттік бағдарлама да ұсынылды.  «Жандос и К» ЖШС-ның киіз үйіне кемінде 300 адам қонақ болды.

Шара барысында жұртшылық облыстық ғылыми шығармашылық орталығы ұйымдастырған «Қош келдің, Наурыз!» атты театрландырылған көріністі тамашалады.

YURTA паркінде ардагерлерге ақ дастарқан жайылды.  Келушілерге арналып бауырсақ шоу, домбыра пати, батырлар сайысы секілді түрлі шаралар өткізілді. Белсенді қатысқандарға бағалы сыйлықтар үлестірілді.

— Келушілер үшін барынша қызықты шаралар өткізуге тырыстық. Тұрғындар біздің дастарқанымыздан дәм татып, спорттық ойындарға қатысты. Ешкімді де елеусіз қалдырмауға тырыстық, — дейді «Нұрай Инвест групп» ЖШС директоры Жанна Ізімбетова.

Мұнда тұрғындарды құттықтау үшін облыс әкімі Оңдасын Оразалин де бас сұқты. Кәсіпкер аймақ басшысына алдағы атқарылар шаралармен, қалалықтардың жазғы демалысын қызықты өткізу үшін жасалып жатқан жұмыстармен, жоспарларымен бөлісті.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ,

Ақбота ҚАЛДЫБЕК,

Алина СҮЛЕЙМЕНОВА.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*