Басты бет » Білім » Республикалық олимпиада

Республикалық олимпиада

72 оқушы жеңімпаз атанды

Кеше Өнер орталығында Ақтөбе қаласында жаратылыстану-математика бағытындағы республикалық олимпиаданың қорытындысы өтті. Салтанатты түрде ұйымдастырылған шараға облыс әкімі Оңдасын Оразалин, Білім және ғылым Вице-министрі Эльмира Суханбердиева қатысты. Сондай-ақ, білім бәйгесінде бақ сынаған 824 жас жиналды.

Жиында алдымен облыс әкімі Оңдасын Оразалин сөз алды.

— Еліміздің әр өңіріндегі 800-ден астам дарынды жастың басын қосқан маңызды шараның Ақтөбеде өтуі — біз үшін үлкен мәртебе. Ақтөбе — киелі мекен. Ақтөбе — халқымыздың қаһарман қызы Әлияның туған жері, күллі әлемді қазақ әнімен таңғалдырған замандастарыңыз Димаштың туып-өскен өлкесі.

Бүгін, міне, бір аптаға созылған сайыс өз мәресіне жетті. Әрине, бәйге тартыссыз болмайды. Сайыс болған соң жеңімпаздар болатыны да заңдылық. Сол себепті, жүлделі орын алмасаңыздар ол үшін көңілдеріңізді түсірмеңіздер. Өйткені республикалық олимпиадаға қатысудың өзі үлкен жетістік. Әр нәрсенің жақсы жағын ғана көріп, жақсы қырынан бағалай білуді үйрену керек. Сіздер осы маңызды шараға қатысу арқылы жер көрдіңіздер, жаңа достар таптыңыздар, — деп облыс әкімі Оңдасын Оразалин жастарға ақ тілегін жеткізіп, білім алу жолындағы ізденістеріне, еңбектеріне табыс тіледі.

Бұдан кейін сөз алған Білім және ғылым Вице-министрі Эльмира Суханбердиева да жастарға сәттілік тіледі. Ол өз сөзінде республикалық олимпиада Ақтөбеде  жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтты.

— Ел көлеміндегі олимпиада 21 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Осы жылдар ішінде бірінші рет биыл кең ауқымды шара барысы көпшілікке жариялы түрде онлайн  режимінде өткізілді. Сондай-ақ, басқа өңірлермен салыстырғанда Ақтөбеде республикалық олимпиада жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Мұнда балалар үшін барлық жағдай жасалды, — деп  Эльмира Суханбердиева облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаеваға, «Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Камила Башароваға, Ақтөбедегі Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Сабыржан Сәдуақасқа Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинованың атынан «Құрмет» грамотасын табыс етті.

Қазылар алқасы мүшелерінің шешімімен 72 оқушы жеңімпаз атанды. Оларға Білім және ғылым министрінің I дәрежелі дипломы және алтын медаль табыс етілді. Сондай-ақ, 112 бала II дәрежелі дипломмен және күміс медальмен марапатталды.  III дәрежелі диплом және қола медальға ие болғандардың саны — 184.

Олимпиаданың «Абсолютті жеңімпазы» және Гүлайым Байжикенова атындағы ақшалай сыйақымен  Айбек Мырзатаев  (9-сынып оқушысы, Атырау облысы), «Олимпиаданың жаңа есімі» және Эдуард Шин атындағы ақшалай сыйақымен — Рауан Қалдыбаев (Республикалық физика-математика мектебі» коммерциялық емес акционерлік қоғамының филиалы), «Ең үздік ауыл оқушысы»  және Ақтөбе облысы әкімінің бағалы сыйлығымен Елдос Жақсылық (Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, мектеп-гимназияның 9-сынып оқушысы), «Ең үздік ауыл мұғалімі» номинациясымен Серік Ниязов (Қызылорда облысы) марапатталды.

«Ең үздік олимпиадалық команда» номинациясын Астана қаласы және «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы командасы жеңіп алды. ІІ дәрежелі дипломмен — Алматы қаласы және Республикалық физика математика мектебі командасы, ІІІ дәрежелі дипломмен Павлодар және Ақтөбе облыстарының командалары марапатталды.

Айта кету керек, жаратылыстану-математика бағытындағы республикалық олимпиадаға 824 оқушы қатысқан болатын. Оның 83-і — халықаралық олимпиадалардың бірнеше дүркін жеңімпаздары мен жүлдегерлері.

Айбек Мырзатаев, республикалық олимпиаданың абсолютті жеңімпазы:

— Жеңіске жеткеніме шексіз қуаныштымын. Мен Атырау қаласындағы білім-инновация лицейінде 9-сыныпта оқимын. Республикалық олимпиада әділ өтті. Онлайн режимінде ұйымдастырылды. Олимпиада тапсырмалары мен үшін қиындық туғызған жоқ. Өйткені бәрі оқушының әзірлігіне байланысты деп ойлаймын. Тыңғылықты, тиянақты дайындалған адам қашанда жетістіктерге жетеді. Болашақта программист болғым келеді.

Олимпиада ұйымдастырылған бір апта тез өте шықты. Ақтөбе қаласы маған қатты ұнады. Шаһардың көрікті жерлері өте көп екен.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*