Басты бет » Жаңалықтар » Тұңғыш Президенттің тарихтағы рөлі

Тұңғыш Президенттің тарихтағы рөлі

Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде «Елбасының тарихи рөлі» атты жиын өтті.

Жиынға университет ректоры Бауыржан Ердембеков, Ақтөбе облыстық ҚХА мүшелері, оқытушылар мен жас ғалымдар қатысты.

— Екі алып империяның ортасында отырған қазақтың басына небір ауыр, алапат замандар төнгені белгілі. Біздің ел ретінде сақталып қалып, тәуелсіздік алуымыз — тағдырдың аса зор сыйы. ХХ ғасыр басында қазақтан озық, «өнер, білім бар жұрттар» қатарында болған кейбір халықтардың өздері мұндай бақытқа жете алмады. Бірақ тәуелсіздікке жеткен шақта алдымызда өтпелі кезеңдерге тән көптеген қауіп-қатерлер, қиын асулар тұрды. Елбасымыздың дана басшылығы арқасында сол қауіп-қатерлердің бәрінен аман өтіп, әлемге танылған мемлекет атандық. Елбасы — КСРО күйреген күрделі тұста жаңа мемлекеттің негізін қалап, елімізді барша әлемге мойындатқан тұлға, — деді Бауыржан Ердембеков жиынды аша отырып сөйлеген сөзінде.

Ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ елінің тәуелсіздігін баян ету жолындағы — ұлтаралық қақтығыстардың алдын алу, сырттағы ағайынды тарту, көршілес елдермен шекараны айқындап, бекіту, экономиканы көтеру, т.б. бағыттардағы ұшан-теңіз еңбектеріне тоқталды.

Ал Қазақстан корейлері Ассоциациясы Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Константин Цхай:

— Елбасының өз өкілеттігін тоқтататындығы туралы Үндеуі бәріміз үшін күтпеген жағдай болды. Бұл, әрине, үлкен өкініш тудырды. Өйткені біз жас мемлекетіміздің жеткен барлық табыстары мен жетістіктерін Елбасының есімімен байланыстырамыз. Еліміздің сан ұлттан құралған халқы бір үйдің баласындай ынтымақ-бірлікте өмір сүріп жатыр. Біздің ең үлкен байлығымыз саналатын бұл ынтымақ-бірлік — Елбасының бәрін алдын ала және жан-жақты ойластырып отыратын көреген саясатының жемісі. Елбасымыз саясаттан біржола кетпейді. Ол Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы ретінде еңбек ете береді. Бұл бізді қуантады, — деп атап өтті.

Жиында сөйлеген ғалымдар Елбасының тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің негізін қалаушы ретіндегі тарихтағы рөлін жоғары бағалайтындарын жеткізді.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*