Басты бет » Мәдениет » Елбасының сүйікті әндері шырқалды

Елбасының сүйікті әндері шырқалды

Ақтөбе қаласындағы Өнер орталығы концерт залында Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың авторлық және сүйікті әндері шырқалған «Үш қоңыр» атты кеш ұйымдастырылды.

Кеште А.Жұбанов атындағы халық аспаптар оркестрі, Қазақ камералық хоры және Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония әншілері Елбасының әндерін, сондай-ақ ол сүйіп тыңдайтын халық әндері мен өзге де авторлардың туындыларын орындады. Оның ішінде Ұлт көшбасшысының «Үш қоңыр», «Елім менің» әндері, әнші Ұлан Досмұратовтың орындауында «Үш қоңырдың қыраны», Б.Отарбаеваның өлеңіне жазылған Орал-Қосай Байсеңгірдің «Қазағым» әндері шырқалды.

Әрине, Елбасы туралы жазылған әндер өте көп. Солардың бірі Нұртас Омаровтың орындауындағы Орал-Қосай Байсеңгірдің «Ақтөбенің ақ тілегі» әні де бүгінгі кеште шырқалды. Бұл ән былтыр Нұрсұлтан Әбішұлы Ақтөбеге келгенде алғаш рет орындалған болатын. Сол сәтте Елбасы өзінің жақсы бағасын берді. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, дирижер Айтқали Жайымовтың «Тәуелсіздік қарсаңында» атты шығармасы орындалды.  

Өздеріңіз білетіндей, Ақтөбедегі Өнер орталығы ғимаратын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев келіп ашқан болатын. Бұған дейін қаламызда мұндай өнер ордасы болған жоқ. Елбасымыз мемлекетті 30 жылға жуық басқарып, бейбіт заман орнатты. Зәулім-зәулім мәдениет сарайлары салынды.

Бүгінде Өнер орталығында өтетін оркестрдің немесе хордың концерттеріне көрермендер толық жиналады, — дейді Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның директоры Елубай Кенжалиев.

Айта кетейік, 23 наурызда облыстық филармония ұжымы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында Наурыз мерекесіне орай Бельгияда концерт өткізуді жоспарлап отыр.

 

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.     

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*