Басты бет » Жаңалықтар » Тарихтың жарқын беттері

Тарихтың жарқын беттері

ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ

Қайырқожа ЕЛЕУСІЗОВ, ауыл шаруашылығы саласының ардагері

Тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Үндеуі қазақстандықтарды қатты толқытты. Қазақстан халқы Ұлт көшбасшысының мемлекет пен халық алдындағы орасан зор еңбегін жоғары бағалары хақ. Нұрсұлтан Назарбаев басшылық еткен жылдарда Қазақстан адам танымастай болып өзгерді: осы заманғы нарықтық экономикаға ендік, бірді екі қылатын ілкімді  кәсіпкерлердің буыны өсіп шықты. Осының бәрі бізді болашаққа үмітпен қарауға мүмкіндік береді.

Мен осы өзгерістердің қалай болғанын өз көзімен көргендердің бірімін. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының ортасында облыс әкімінің орынбасары болып еңбек етіп, ауыл шаруашылығы саласында жасалған реформаға қатысты біршама мәселеге жетекшілік еттім. Реформаның бастамашысы және дем берушісі Нұрсұлтан Назарбаев болды. Ол жыл сайын желтоқсан айында бізді жинап, жұмыстың қалай жүріп жатқандығын сұрайтын.

Біздің реформа жүргізудегі тәжірибеміз өте аз еді, сондықтан да әрбір қадамымыз кезең-кезеңге бөлініп, нақты жазылған-ды. Десе де, ауыл шаруашылығындағы реформа өте ауыр жағдайда жүрді. Облыстағы ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнімнің  көлемі 35 пайызға, егіс аумағы үш есеге азайып кетті. Дегенмен 1999 жылы-ақ реформа нақты жемісін бере бастады. Сол жылы аграршылардың несие қарызы 6 миллиардтан 3,3 миллиардқа дейін төмендеді. Бірте-бірте қиындықты еңсере бастадық. Ауылдағы реформа тиімді аяқталды. Нақты меншік иесі пайда болды, төрт түлік саны өсіп, шаруашылықтардың қаржылық жағдайы дұрысталды.

Біздің жас мемлекетіміз көп қиындықты бастан кешті. Көп нәрсені жаңадан бастауға тура келді. Осы жолда Тұңғыш Президент атқарған орасан зор еңбекті санамалап шығу мүмкін емес. Нұрсұлтан Әбішұлы тарих парағына Тәуелсіздіктің жарқын беттерін жазып қалдырды.

АҚТӨБЕ — ЕЛБАСЫНЫҢ БАТАСЫН АЛҒАН ӨҢІР

Келдібай ЕСМАҒАНБЕТОВ,

Бейбітшілік пен келісім кеңесі облыстық филиалының төрағасы:

— Қазақ елінің тәуелсіздік жылдарындағы, небәрі 27 жыл уақыт ішіндегі жетістіктері өте көп. Бұған дәлел ретінде еліміздегі татулық пен бірлікті, Қазақстанның халықаралық аренадағы абырой-беделін, өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелердің уақтылы шешім табуын, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында және «Ұлы даланың жеті қыры» сынды маңызды құжат арқылы өз тамырымызды, тарихымызды тану, тарихи-мәдени мұраны зерттеу бағытында жасалып жатқан қыруар істерді атар едім. Міне, осы табыстардың бәріне біз көшімізді бастаушы тұлға — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясаты мен қажыр-қайраты және халқымыздың, соның ішінде мемлекет құраушы ұлт — қазақтың бірлігі арқылы қол жеткіздік.

Осы жылдар бойы Елбасы бізді жеңісті істерге, елдігімізді нығайту жолындағы маңызды қадамдарға талмай жетелеп, ең қиын кездерде де көңілімізге ертеңге деген сенім ұялата білді. Біз үшін ол дана басшы болды. Сондықтан оның өз өкілеттігін тоқтататындығы туралы шешімін әр қазақстандық үлкен бір қимастық сезіммен, тебіреніспен қабылдағаны анық.

Мен де Елбасымызбен кездескен сәттерді, оның Ақтөбеге келген сапарларын, біздің өңірдің халқына арнаған жылы лебіздерін еске алумен болдым. Елбасы баршамызға өз тілектестігін: «Өсе бер, өркендей бер, құтты мекен — Ақтөбе!»  деген лебізімен жеткізді. Ол Ақтөбе қаласы тұрғындарының саны миллионға жетуін армандайтынын да айтқан еді. Ақтөбе — Елбасының батасын алған өңір.

Елбасыөз өкілеттігін Қасым-Жомарт Тоқаевқа табыстады. Қасым-Жомарт Тоқаев та әлем мойындаған үлкен саясаткер. Қазіргі күні ол Қазақстанның жаңа басшысы ретіндегі өз қызметіне кірісті. Біз алдағы күндерден тек қана жақсылықтар, халқымыздың, еліміздің мерейін өсірер игі істер күтеміз.

БІЛІМ САЛАСЫНА ҚАМҚОРЛЫҒЫ  КӨП БОЛДЫ

Ләззат ОРАЗБАЕВА,

 облыстық  білім басқармасының басшысы.

Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан бастап Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы экономикамен бірге білім  саласын дамытуға айрықша көңіл бөлді. Бүгінгі таңда еліміздің білім жүйесі жаңа заманға лайық әрі халықаралық стандартқа сәйкес дамып, жетіліп келеді және оның отандық үлгісі қалыптасуда десек, мұның барлығы Н.Назарбаевтың инновациялық ой-тұжырымдары мен тікелей қамқорлығының арқасында.

Елбасының тікелей бастамасымен және нұсқауымен елімізде «Білім туралы», «Ғылым туралы» Заңдар, білім беруді дамытудың кезең-кезеңдерге арналған мемлекеттік бағдарламалары өмірге келді. Мемлекет басшысы өзінің жыл сайынғы Жолдауларында бұл салаға арнайы тоқталып, білім мен ғылымның көкжиегін кеңейтуге бастамашы болды. 2018 жылғы қаңтардағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында: «Ең алдымен, білім беру жүйесінің рөлі өзгеруге тиіс. Біздің міндетіміз — білім беруді

эконо­микалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру», — десе, 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында білім саласына қайта айналып тоқталды. Ол халықтың тұрмыс сапасын арттыруда білім беру саласының маңызды рөл атқаратынын айта келіп, мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту, орта білім беру жүйесінде Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесін бірыңғай стандарт ретінде алу, жоғары білім беру ісінде оқу орындарының маман дайындау сапасына қатысты талаптарды күшейту туралы жаңа міндеттер қойды. Әрине, мұның бәрі Елбасының еліміздің білім саласындағы тұрақты жүргізіп отырған сарабдал саясатының нақты көрінісі болып табылады.

Елбасының тікелей қолдауымен «Болашақ» бағдарламасы қолға алынып, шетелдік беделді оқу орын­дарымен бәсекелесе алатын «Назарбаев Университеті» ашылды және елімізде «Назарбаев зияткерлік мектептері» жүйесі құрылды, жүздеген жаңа мектептер мен балабақшалар салынды.

Н.Назарбаевтың инновациялық ой-пікірлері мен қағида-ұстанымдарын басшылыққа алынып, еліміздің білім беру жүйесін жаңаша құрып, жаңа бағытта дамытып, жетілдіруде жасалған алғашқы қадамдар, өзгерістер мен жаңалықтар, білім беруге қатысты реформалар, жаңа технология­ларды енгізудің нәтижелері бүгін өз жемісін беруде. Қазіргі Қазақстанның әлемдік қауымдастыққа ену үдерісін зерделеуде білім жүйесіне енгізілген заманауи өзгерістер мен жаңаша бетбұрыстардың маңыздылығынан деп қорытынды жасауға болады.

Мемлекет басшысының осындай  көзқарасы сапалы адами капитал, экономика мен білім қоғамын құрудың негізіне айналды.

ЕҢБЕГІ ЕШҚАШАН ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

Нұрхан АҒНИЯЗОВ,

Nur Otan партиясының Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының орынбасары.

Еліміздің Тәуелсіздігін тұғырлы еткен Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ елі үшін орны бөлек. Оның есімі ел тарихында алтын әріптермен жазылады. Өз ұсынымен президенттік өкілеттілігін тоқтату — әлемдік билік сахнасында өте сирек кездесетін құбылыс. Бұндай шешім кез келгеннің қолынан келмейді.

Баянды өмірімізді қалыптастырған Елбасы шешіміне абдырап қалғанымыз рас. Дегенмен, бейбіт заманды көксеген, жастарға үлкен сенім артқан Тұңғыш Елбасымыздың саяси шешіміне үлкен сенім артамыз.

Ол еліміз үшін талай қиын кезеңдерде стратегиялық жоспарларын алдын ала даярлап, халық үшін үнемі оң шешімдер қабылдады. Халықтың бірлігін, ынтымағын сақтап қалу үшін бар күшін салып, егемен елімізді бүгінгі күнге жеткізді. Бүгінде Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында Қазақстан әлем таныған мемлекетке айналды. Еліміз тыныш, экономикамыз тұрақты.

Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астананы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне Нұрсұлтан деп атауды ұсынды. Елбасының еліміз үшін еткен еңбегін көрген ел азаматы ретінде бұл шешімді құптаймын.

Елі үшін талай жылын сарп еткен Елбасымызға амандық, елімізге тыныштық тілеймін.

ДАҒДАРЫСТАН АЛЫП ШЫҚТЫ

Еркін ҚҰРМАНБЕКОВ,

 ҚР Мәдениет қайраткері.

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 30 жыл ел басқарған уақытта Ақтөбе облысына бірнеше рет келді. Әр келген сайын облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына көңілі толып, жоғары бағалады. Қызмет бабымен талай күтіп алып, шығарып салу рәсімдеріне қатыстым. Бір сапарында «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша Қобыланды батырға арналған кесене тұрғызылатынын баяндадым. Ол: «Қобыландының кесенесін жақсылап салыңдар» деп қолдау білдірді. Қазір батырдың кесенесі патриоттық тәрбие орталығы болып жұмыстар атқаруда.

Сындарлы жылдарда ел экономикасын аяққа тұрғызуда талай батыл шешімдер қабылдады. Барлығын аяғына дейін жеткізді. Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап қиын тұстарда халықпен бірге болып, дағдарыстан алып шықты. Ол кісінің саясаткерлігінің арқасында Қазақстан әлемнің дамыған елдерінің көшіне ілесті. Дер кезінде шешім қабылдап, соны аяғына дейін жеткізе алатын саяси қайраткер деп білемін. Семей ядролық полигонын жауып, атом бомбасынан бас тарту әлемде болмаған саяси-әскери оқиға еді. Алматыны Астанаға көшірді. Бұл да көптің ойына келмеген, келсе де орындалуы қиын саяси шешім. Қазір Елордамыз өркениетіміздің, дамуымыздың көрінісі болып отыр. Ол — тарихта қалатын тұлға. Президенттік өкілеттілігін мерзімінен бұрын тоқтату — мемлекет басшылары арасында өте сирек кездесетін құбылыс. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев соны істей білді.

АЛҒАШҚЫ ҚАДАМДАР, БАТЫЛ ШЕШІМДЕР

Валентина ДЫННИК,

Ақтөбедегі беларустардың «Алеся»

этномәдени орталығының жетекшісі.

Кеңес үкіметі ыдырап, әрі-сәрі шақ туған уақытта әрқайсысымыздың алдағы тағдырымыз беймәлім күйде болды. Сонау тоқсаныншы жылдардан бастап Нұрсұлтан Назарбаев біздің елімізді басқарды. Ол өзінің ел басқарудағы алғашқы қадамдарынан-ақ тәуелсіз Қазақстан Республикасын құруда батыл шешімдер шығара білді. Сол шақта біз еліміздің қауіпсіз әрі сенімді қолда екенін сезген едік.

Ал қазір біз Қазақстанның тәуелсіз, егемен, жоғары дамыған, толерантты мемлекет екенін сеніммен айта аламыз. Мемлекетіміздің осындай боп қалыптасуына  Ұлт көшбасшысы бола білген Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі ерекше.

Бүгінде елімізде өндіріс, ауыл шаруашылығы саласы қарышты дамып, мемлекетімізде жоғары дамыған технологиялар мен инновациялар пайда болды, білім беру, денсаулық сақтау салаларын жетілдіруге айрықша мән беріліп жатыр. Мұның барлығы — ел-халықтың тұрмыс сапасын арттырып, әл-ауқатын көтеру бағытында атқарылып жатқан шаралар. Ең бастысы — елімізде қоғамдық-саяси жағдай тұрақты. Ұлтаралық және конфессияаралық келісім жағдайларын  қалыптастыруда ауқымды шаралар жүзеге асырылып жатыр. Елімізде бірлік пен татулық орнап, қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуде және осындай іс-шараларды жүзеге асыруда Нұрсұлтан Әбішұлының идеялары үлкен рөл атқарды.

Қазақстан халқы Ассамблеясы институтын құру туралы алғашқы идея да Елбасының көрегендігінің арқасында іске асырылды. Ассамблея мүшесі ретінде менің Тұңғыш Президентіміздің алысты болжай білетін көрегендігі мен ақыл-парасатына таңданбасқа амалым жоқ. Әрбір қазақстандықтың туған тілін сақтап,  өз ұлтының салт-дәстүрі мен мәдениетін дамытып, ұлықтауы жолында барлық қажеттіліктермен қамтамасыз етуге мүмкіндік жасады. Осындай Ұлт көшбасшысы бола білген Нұрсұлтан Әбішұлының еліне жасаған елеулі еңбегі үшін айтар алғысым шексіз.

БЕЙБІТШІЛІК ЖОЛЫНДАҒЫ ДАНА САЯСАТКЕР

Майгүл МҰЗБАЕВА,

Т.Ахтанов атындағы облыстық драм театры актрисасы, «Құрмет» орденінің иегері.

Бұл —  қалай болғанда да, Нұрсұлтан Әбішұлының дана шешімдерінің бірі болар. Мемлекет басшысы ретінде Нұрсұлтан Назарбаев мәңгі тәуелсіз, көпұлтты, бейбіт еліміздің негізін қалаушы Елбасы болып қалады. Ол кісінің сонау еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері мемлекетке, елімізге жасаған ерен еңбегі шексіз, айтып жеткізу мүмкін емес. Көрегенді, дана, кемеңгер ішкі және сыртқы саясатының арқасында Қазақстан әлем танитын, xалықаралық аренада салмағы бар, тұғыры биік мемлекет болып қалыптасты. Бүгінде бір шаңырақ астына топтасқан көптеген ұлт, дін өкілдері бір отбасындай тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Оның үстіне, елімізде  Қазақстан xалқы Ассамблеясы секілді бірегей институттың құрылуы, Мәңгілік ел идеясы —  осындай жемісті қадамдарға нақты мысал бола алады.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Тұңғыш Президенті ретінде, тәуелсіз мемлекетіміздің Ұлт көшбасшысы ретінде — xалқымыздың жүрегінде, тариxтан алар орны ерекше.
Елбасымызға ерен еңбегі, дана саясаты, әсіресе мәдениетіміз бен өнердің дамуына ерекше қолдау танытқаны үшін басымды иемін.

 ҰЛТТАР МЕН ҰЛЫСТАРДЫҢ ОРТАҚ ӘКЕСІ

Хасан САГАЕВ,

Ақтөбедегі шешендердің «Вайнах» этномәдени бірлестігі

ақсақалдар кеңесінің төрағасы.

Ұлт көшбасшысы ретінде Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстан Республикасын қалыптастырудағы еңбегі өлшеусіз. Ол қазақ еліне шоғырланған ұлттар мен ұлыстардың ортақ әкесі бола білді. Себебі, Нұрсұлтан Әбішұлының Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясы саяси, сондай-ақ жаңадан құрылған, тәуелсіз мемлекеттің тұрақты дамуы тұрғысынан туындаған еді. Аталған бастама этносаралық қатынастарды дамыту мәселелерін жоғары деңгейде шешуге мүмкіндік жасай білді, әлемдік тәжірибедегі тың бағыт болып табылды. Ең қиын уақыттарда, яғни тоқырау заманындағы экономиканың құлдырауы, қаржылық дағдарыстардың тұсында, бір сөзбен айтқанда, посткеңестік кеңістікте ол сауатты шешімдер қабылдай біліп, бүгінде елін осындай деңгейге көтере білген Көшбасшы бола білді.

Нұрсұлтан Назарбаевтың басқаруымен бүгінде Қазақстан мемлекеті әлем елдерімен иық түйістіретіндей деңгейге көтерілді. Тек халықаралық аренада ғана емес, ішкі саяси тұрақтылықтың сақталуына да айрықша мән бере білді.

Елбасы ретінде Нұрсұлтан Әбішұлы жаңа қаланы — Астананы тұрғызып, қалыптастыруда зор күш жұмсады.

Кешегі халыққа арнаған Үндеуінде өз еркімен ел басқарудағы өкілеттілігін тоқтатуы оның зиялылығы мен парасаттылығын одан әрі асқақтатып, оның бұл қадамын халқына деген құрметі деп түсінемін.

ТАРИХТА ӨЗІНДІК ОРНЫ БАР ТҰЛҒА

Алтай ТАЙЖАНОВ,

философия ғылымдарының докторы, профессор.

Нұрсұлтан Әбішұлы мемлекетті басқарған жылдарда еліміздің дамуы, Қазақстанның  әлемдік аренаға танылуы үшін қолынан келгеннің бәрін жасады. Соның арқасында мемлекетіміз әлемдік қауымдастыққа танылып, экономикалық, әлеуметтік-саяси, құқықтық тұрғыдан белгілі даму деңгейіне  жетті.

Ол  — әлемге танымал тұлға. Елімізді басқарған 30 жылдай уақыт ішінде еліміздің айтарлықтай жетістіктерге жетуі Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тікелей байланысты.

Нұрсұлтан Әбішұлы ел басқарудағы өзінің үндеуінде Қазақстан халқына оның зиялы қауымына сыйластықпен, үлкен сеніммен қарайтындығына, болашақта Президенттік үлкен лауазымға келетін адамның біздің жетістіктерімізді әрі қарай жалғастыруға қызмет ететініне сенім білдірді. Биылғы жылды «Жастар жылы» деп жариялаған ол болашақ жастардікі екендігіне, алдағы уақытта билік басына, әлеуметтік-экономикалық салалардың тұтқасын ұстауға сол жастардың келетіндігін ескере отырып, оларға зор болашақ пен табыстар тіледі. Өзінің алдағы уақытта да халықпен бірге болатындығын, Қауіпсіздік комитетінің  және «Нұр Отан» партиясының төрағасы ретінде мемлекетіміздің саяси өмірінен тыс қалмайтындығын мәлімдеді.

Ұлт көшбасшысы ретінде Нұрсұлтан Назарбаевтың басқаруы тұсында еліміздің жеткен жетістігін ешкім жоққа шығара алмасы анық. Сондай-ақ оның осы жылдар ішінде әлемге танымал тұлға болғандығы және Қазақстанның жаңа тарихында оның өзіндік орны бар екені талқыға түспейтіні ақиқат.

КЕМЕЛДІК БИІГІНДЕГІ КЕМЕҢГЕР

Халел ҚҰСАЙЫНОВ,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры,

экономика ғылымдарының докторы.

Отыз жыл, бір қарағанда, біршама уақыт болып көрінгенімен, мемлекет үшін қас қағым сәт. Бірақ осы мерзім ішінде жас мемлекетіміз көптеген оң өзгерістерге қол жеткізді.

Кеңес үкіметі тарағаннан кейінгі елдің жағдайын көзіміз көрді. Нұрсұлтан Әбішұлы сол қиын-қыстау заманнан еш тайсалмай, тәуелсіз Қазақстанды бүгінгі күнге жеткізді. Елде тиімді басқару жүйесін құрды. Еліміз ядролық қарудан бас тартты. Осы жылдар ішінде қазақ деген елді әлем таныды. Ең бастысы — халық арасындағы бірлік пен тыныштықты сақтап қалды.

Білім саласында жүрген азамат ретінде оның білім саласына бөлген көңілін ерекше айтар едім. Елбасының ұтқыр саясатының арқасында мыңдаған қазақ балалары шетелде түрлі бағдарламалар бойынша білімін жетілдірді. Талай талапкер жоғары оқу орындарында тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды.

Нұрсұлтан Назарбаев — елдің ертеңі мен бүгінін, келешегін ойлаған кемеңгер көшбасшысы. Ол — кемелдік биігіндегі тұлға. Ол президенттік өкілеттігін тоқтатқанымен, елеулі өкілеттігі бар Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы, Nur Otan партиясының Төрағасы, Конституциялық Кеңестің мүшесі. Яғни бізбен бірге.

Оның ел тарихында салған сара жолы, даңғыл дара жолы келер ұрпақ  үшін тәуелсіз мемлекет тарихының іргетасы іспетті. Біздің ендігі міндет — Елбасы салған сол тура жолды, сол тыныштықты сақтап қалу. Ол үшін біздің ауызбіршілігіміз бір болуы керек. Бір болсақ, қор болмаймыз.

БАСТЫСЫ — КӨПҰЛТТЫ ЕЛІМІЗ ТЫНЫШ

Алина МОЛЧАНОВА,

«Возрождение» неміс этномәдени бірлестігінің өкілі.

Нұрсұлтан Назарбаев — саяси тұлға ретінде көпке үлгі боларлық азамат. Ол ел басқарған жылдарда еліміз бейбітшілігі мен татулығы сақталған көп елге үлгі боларлықтай жағдайда өмір сүрді. Оның тұсында Қазақстан әлем таныған елге айналды.

Мен Елбасыға ең алдымен бақытты балалық шағым үшін алғыс айтқым келеді. Өйткені Елбасымыздың көреген саясатының арқасында біз бейбіт өмір кешіп, терең білім алудамыз.

Бүгінде халық үшін елімізде барынша жағдай жасалған. Экономикалық-әлеуметтік тұрғыда қарағанда тұрғындардың жағдайы жақсы. Оқимын, білім аламын деген жастар үшін білім ордалары жеткілікті. Елімізде алға ұмтылған адамға жол қашанда ашық.

Жұмыс жасаймын дейтін азаматтар үшін жұмыс та жеткілікті.

Бастысы — көпұлтты еліміз тыныш.

Еліміздің даму жолында аянбай еңбек еткен Ұлт көшбасшысына зор денсаулық тілеймін. Ол кісіге қандай құрмет көрсетіп, алғыс айтсаң да көптік етпейді.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*