Басты бет » Басты жаңалықтар » Жастарға пәтер кілті берілді

Жастарға пәтер кілті берілді

Кеше облыс әкімі Оңдасын Оразалин бастаған атқарушы билік өкілдері мен кәсіпорын басшылары, сондай-ақ әртүрлі салада еңбек ететін жас мамандардың қатысуымен жастар ісі жөніндегі кеңес өтті. Басқосу барысында жастарды жұмыспен қамту мәселесі талқыланып, «Жастар» бағдарламасы аясында баспаналы болған әлеуметтік салада қызмет ететін жігіттер мен қыздардың екінші легіне пәтер кілттері табыс етілді. Олар аталған тұрғын үйге арнайы бағдарлама бойынша қол жеткізіп отыр.

— Жастармен осылай кездесуім бірінші рет болып отыр. Жастарды жұмыс орнына орналастыру — басты мақсат болғандықтан, кездесуді өндіріс орнында өткізіп, кәсіпорын басшыларын қоса шақырып отырмыз. Әрі биыл Жастар жылы екенін білесіздер. Сондықтан бәріміз жастарға баса мән беруіміз керек. Олардың мәселелерін шешуге, әлеуметтік жағдайын жақсартуға мүдделі болуымыз тиіс. Өйткені, Тұңғыш Президентіміз атап өткендей, Қазақстанның болашағы — жастардың қолында.

Жоғары оқу орнын тәмамдаған жас мамандардың небары 70 пайызы жұмысқа орналасады екен. Неліктен бұл көрсеткіш әлі де төмен, соны талқылайық деп жиналып отырмыз. Сосын бәсекеге қабілетті, барлық талаптарға жауап беретін мамандарды даярлау ісіне мән берген жөн, — деп шараның басында сөз сөйлеген Оңдасын Оразалин одан соң белсенді жастардың ой-пікірін тыңдады. «Жас Отан» Жастар қанатының облыстық филиалының төрағасы Асылжан Бүркіталин цифрландыру жұмысының жастарға қандай деңгейде маңызды екеніне тоқталса, Ақтөбе политехникалық колледжінің оқушысы Көркем Исатаева орта арнаулы, жоғары оқу орнын тәмамдаған жастардың жартысы ғана мамандығы бойынша қызметке орналасатынын, жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесінің өршіп тұрғанын атап өтті. Оның ойынша, жастардың өндірістік іс-тәжірибеден өтуіне өңірдегі ірі компаниялар кең көлемде қолдау көрсетуі керек. Магистрант Нарқозы Қартжан да Жастар жылына қатысты жалынды сөзін ортаға салып, замандастарына бақ-дәулет, еңбекте табыс тіледі.

Ал «Қазхром» ТҰК» АҚ президенті Арман Есенжолов жыл сайын өндірістік тәжірибеден 160 студенттің  өтетінін, зауытта еңбек ететін жастардың үлес салмағы біршама екенін айтса, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ бас директоры Юйсян Вэй, «Ақтөбе рельс-арқалық зауыты» ЖШС бас директоры Валерий Обилецтер кәсіпорында жастар ұйымдарының барын, олардың шынымен қозғаушы күш екенін жеткізді. Өз кезегінде Оңдасын Сейілұлы өндірістегі терминдерді, түсініктерді мемлекеттік тілге тәржімалау, тиісінше оны жас мамандардың жаппай қолдануына жағдай жасау керектігі жөнінде басшыларға тапсырма беріп, қаракөздеріміздің өзі бұл іске ниетті болса, мәселенің оңды шешілетініне сенім білдірді. Кейіннен облыстағы 6 ірі компания мен университет, колледж басшылығы арасында меморандумға қол қойылды. Мақсат — дипломын енді алған жастардың жұмыспен қамтылып, екі қолға — бір күрек таппай, бос жүріп қалмауына сеп болу.

Жиынның соңында әртүрлі салада еңбек ететін 50 ақтөбелік жасқа пәтердің кілті табысталды. Олар — жергілікті билік пен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ бірлесіп жүзеге асырған «Жастар» бағдарламасы аясында баспаналы болғандар. Жігіттер мен қыздарға «Нұр Ақтөбе» шағын ауданындағы бір бөлмелі пәтердің құнын ұзақ мерзімге бөліп төлеуге мүмкіндік берілген.  Бұл — мемлекеттік қызметкерлерге Жастар жылы аясында жасалып отырған қамқорлық.

Баспаналы болғандардың арасында «Ақтөбе Медиа» ЖШС қызметкерлері Нұргелді Айладиров пен Гүлзат Ерлан да бар.

— Бір бөлмелі пәтерді несиеге алып жатқаныма қуаныштымын. Жастарға жасалатын жағдай алдағы уақытта одан сайын жақсара түссе, керемет болар еді. Өйткені болашақ — жастардың қолында. Жастар жылында осындай жақсылықтарға өзге де замандастарымның кенелуіне тілекшімін, — дейді Гүлзат.

Жастарды осынау қуанышымен құттықтаған облыс әкімі жылы лебізін білдіріп, естелік суретке түсті.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*