Басты бет » Спорт » Мәмілесіз кездесулер

Мәмілесіз кездесулер

Премьер-Лига

Екінші тур ойындары да бірінші турдағы секілді мәмілесіз кездесулердің жалғасы болды. Рас, бұл жолы бірыңғай алаң иелері жетістікке жете алған жоқ.

Екінші турды «Ақтөбе» командасы Шымкентте өткізді. Чемпионат басталмай жатып 12 ұпайды шегеріп тастау, оның үстіне жаңа футболшылар тіркей алмау секілді қиындықтар біздің командамыздың еңсесін көтертпеуге тиіс сияқты болып көрінгені де рас.

Дегенмен жігіттер сырт алаңда сыр бермеуге тырысты. Мұны кездесуден соңғы сұхбатында «Ордабасы» командасының бас бапкері Кахабер Цхададзе ашық мойындады. «Тым ауыр, дегенмен лайықты жеңіске қол жеткіздік», — деп бастады ол сөзін. Одан әрі қонақтарға қатысты әңгімесін: «Біз мұны күтіп едік, осындай ойын болатынын білген болатынбыз, екі тараптың да жақсы ойын өрнегін көрдік, жас жігіттер (ақтөбеліктерді айтады) мықтап тырысты, мықтап қорғанды», — деп жалғастырды.

Расында да ақтөбеліктер шымкенттіктерге үш ұпайды тіпті де оңай ұстата қойған жоқ. Қазіргі шабуыл шебіміздің көңілдегідей емес екендігі мәлім болғандықтан біздің командамыз негізінен қорғанысқа көбірек көңіл бөлді. Өйткені қазіргідей жағдайда атышулы командамен өткен сырт алаңдағы тең ойынның өзі көңілді бірлеп алуға аса қажетті стимул болатындығы белгілі. Әйтсе де қақпаны аман сақтап қалудың сәті түспеді. Кездесудің соңына бес минуттай ғана уақыт қалғанда «Ордабасының» шабуылшысы Алексей Щеткин стандартты жағдайда гол соғып кетті. Ал алаң иелерінің футболшысы Мирзад Механович «қызыл қағаз» көрсетілген соң дереу алаңнан қуылғанымен мұның жерлестерімізге тигізген пайдасы болмады.

Қысқасы, «Ақтөбе» тең есепен аяқталғалы тұрған ойында абайсызда жеңіліп қалды. Жасыл алаңдағы әр сәттен қауіп күтпесе болмайтындығының бір дәлелі осы.

Осылайша жерлестеріміз биылғы чемпионаттағы алғашқы екі турда да жеңіліске мойынсынды.

«Ордабасы»-«Ақтөбе» — 1:0

Гол авторы: Алексей Щёткин, 85-миинут (1:0).

Ескерту қағазын алғандар: Мирзад Механович, 65-минут; Алексей Щёткин, 86-минут («Ордабасы») — Жамбыл Көкеев, 27-минут;  Әділхан Таңжарықов, 64-минут;  Әлішер Әжімов, 83-минут («Ақтөбе»).

85-минутта екінші рет ескерту қағазын алған Мирзад Механович жасыл алаңнан қуылды.

«Ордабасы»: Дмитрий Непогодов, Тимур Досмағамбетов, Темірлан Ерланов, Сергей Малый, Пабло Фонтанелло (капитан), Марат Быстров, Абдуллай Диакате, Май Махлангу (Кирилл Ковальчук, 86-минут), Мирзад Механович, Алексей Щеткин (Самат Шәмші, 90+3 минут), Виталий Ли (Тоқтар Жанғылышбай, 46-минут).

«Ақтөбе»: Рамиль Нұрмұхаметов, (Игорь Трофимец, 62-минут), Әділхан Таңжарықов, Саят Жұмағали, Хрвое Милишевич, Виталий Волков (капитан), Антон Шурыгин, Саша Марьянович, Милан Радин (Нұрболат Батырханов, 90+3 минут), Жамбыл Көкеев (Әлішер Әжімов, 75-минут), Асланбек Кәкімов, Абат Айымбетов.

15 наурыз 2019 жыл. Шымкент. Қажымұқан атындағы стадион. 3000 адам.

*   *   *

 Басқа кездесулердің нәтижесі:

«Атырау»-«Ертіс» — 1:3

«Қайсар»-«Жетісу» — 0:1

«Тобыл»-«Тараз» — 4:1

«Астана»-«Оқжетпес» — 2:1

«Қайрат»-«Шахтер» — 2:1

*   *    *

2-тур:

Екінші турда барлығы 17 гол соғылды. Алаң иелері 10 гол соқса, қонақтар 7 доп өткізді. Орта есеппен әр кездесуде 2,83 гол соғылды.

Төрт ойында алаң иелері жеңіп, екі ойында қонақтар басым түсті.

Бір ірі есеп нәтижесі тіркелді. Үш доп пенальтиден соғылды.

22 рет ескерту қағазы көрсетіліп, 1 футболшы жасыл алаңнан қуылды.

Сонымен 6 ұпайдан жинаған «Тобыл», «Жетісу», «Астана», «Ордабасы», «Қайрат» 1-5 орындарға шықса, 6-7 орындарды 3 ұпайдан жинаған «Ертіс» пен «Атырау» бөлісті. Ал еш ұпайсыз «Қайсар», «Шахтер», «Оқжетпес», «Тараз», «Ақтөбе» командалары 8-12 орындарға жайғасты.

*   *   *

3-тур ойындары 30 наурыз, сенбі күні өтеді.

Бұл турда «Ақтөбе» өз алаңымызда алматылық «Қайратты» қабылдайды.

Басқа кездесулер:

«Шахтер» (Қарағанды) — «Тобыл» (Қостанай)

«Жетісу (Талдықорған) — «Астана» (Астана)

«Оқжетпес» (Көкшетау) — «Ордабасы» (Шымкент)

«Ертіс» (Павлодар) — «Қайсар» (Қызылорда)

«Тараз» (Тараз) — «Атырау» (Атырау)

 Ертай АШЫҚБАЕВ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*