Басты бет » Басты жаңалықтар » Тұрақтылық игілікке жол ашады

Тұрақтылық игілікке жол ашады

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев Ақтөбе рельс арқалығы зауыты акт залында кәсіпорындардың, аумақтық кәсіподақтардың, облыстық басқармалар мен департаменттердің басшыларымен кездесті. 

— Мемлекет басшысы өзінің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында басты байлық — адамды дамыту маңызды мәселе екендігіне тоқталды.

2019 жылдың қаңтар айынан ең төменгі еңбекақы бір жарым есеге көтерілді. Біздің ортақ міндетіміз — еңбекақы төлемі бойынша қарыздың өсуіне жол бермеу. Еңбек дауларына талдау көрсеткеніндей, олардың үштен бірі осындай себептен туындайды. Екінші мәселе, инфляцияға байланысты еңбекақыны тұрақты көтеріп отыру қажет, — деп атап көрсетті Гүлшара Әбдіқалықова.

Қызметкерлердің еңбек құқығын сақтау мақсатында биылғы жылдың 1 наурызына Ақтөбе облысында 8 696 кәсіпорында ұжымдық келісімшартқа қол қойылды, ол

130 мың жұмысшының құқығын қорғайды. 

Меншіктің барлық формасындағы ірі кәсіпорындар бойынша ұжымдық келісімшартпен қамту  94,8%, ал орташа субъектілер бойынша — 97,8% құрайды.

Ол бюджеттік сала қызметкерлерінің еңбекақысы мерзімді түрде көтеріліп отырғанына назар аударды. Алдағы шілде айында ең төменгі жалақы алатын қызметкерлердің жалақысы өседі, өндірісшілер мен бизнесмендер де осы үрдісті жалғастыруы тиіс. Сондай-ақ қысқартуға жол беруге болмайды, мұның өзі қоғамның ахуалына әсерін тигізеді. Жұмыспен қамту көп жағдайда халықтың әл-ауқатын анықтайды.

— Қазіргі уақытта біздер шын мәнінде көмекті қажет ететін аз қамтылғандарды қолдау мүмкіндіктерін жасауымыз керек. Мысалы, үш балалы мүгедек ананың күйеуі қайтыс болған. Өз отбасын қамтамасыз етудің тиімді жолдарын мейлінше ұсына алатын адамдар да бар. Үйінде жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болып, табыс таба алатын әйелдер үшін шағын жобалар қажеттігі түсінікті болды,— деп сөзін жалғастырды Гүлшара Әбдіқалықова.

Бұл тақырыпты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев жалғастырды. Ол ақтөбеліктердің ел басшылығының үндеулерін ылғи да қолдап отыратындығын, бір-бірін жолда қалдырмауымен ерекшеленетіндігін атап айтты.

— Қазіргі уақытта да біз әлеуметтік толқуларға жол бермеуіміз керек. Еңбек заңдылығын сақтаған жөн. Еңбек даулары мен жанжалдардың туындауына жол бермес үшін кәсіпорындар өзінің ауқымына қарамастан, ұжымдық келісімшарттардың барлық талаптарын орындауы тиіс, — деп атап көрсетті министр.

Ол бүгінгі күні облыс аумағында еңбекақы қарызы 80 миллион теңге құрайтынын, оның негізінен банкроттарға қатысты екенін хабарлады.

Талдау көрсеткеніндей, ірі және орташа кәсіпорындарда еңбек ететін көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың 70 пайызы тұрғын үйге мұқтаж. Мемлекет таяу жылдары кезекте тұрған 28 мың көпбалалы отбасының тұрғын үйге қажеттілігін қанағаттандыруды көздеп отыр.

— Бұдан басқа, кезекке тұрмағандар да бар. Біз кеше Жаңажолда жұмыс істейтін «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ қызметкерімен кездестік. Мүгедек, баласын жалғыз өзі тәрбиелеуде, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы жалға берілетін пәтер алу үшін бастапқы жарнасымен өзі еңбек ететін кәсіпорынның көмегіне есеп жасап отыр, — деп Бердібек Сапарбаев мұнай компаниясы басшылығын құлағдар етті.

Жыл басынан бері жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғау туралы кәсіпорындар басшыларымен 1 мыңнан астам меморандумға қол қойылды. Меморандумдарда жазылған міндеттемелердің бірі — өндірістік қызметкерлердің еңбекақысын көтеру болып табылады. Бүгінгі күні 1400-ден астам кәсіпорын 30 мыңнан астам жұмысшының еңбеаақысын орташа есеппен 15,5%-ға көтерді.

Содан кейін бірқатар кәіпорындардың басшылары өз қызметкерлерін әлеуметтік қорғау бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар етті. Мысалы, «Қазхром» ТҰК президенті Арман Есенжолов Ақтөбе ферроқорытпа зауытында және Дөң тау-кен байыту комбинатында 12 мың адам еңбек ететінін айтты. Өткен жылы еңбекақыны көтеру 4-тен 11 пайызға дейін, ал аса қардар мамандықтар бойынша 18 пайызға дейін жеткенін тілге тиек етті. Ақпан айында орташа еңбекақы 219 мың теңге құраған. Ұжымдық келісімшартта әлеуметтік кепілдіктер жиынтығы, оның ішінде адам басына 120 тың теңгеге тегін медициналық көмек қамтылған. Өткен жылы қызметкерлер мен жұмысшыларға 60 миллион теңгеге қайтарымсыз материалдық көмек көрсетілді, оның ішінде 12 миллион теңге тұрғын үй құрылысына бөлінді. Мұнда көпбалалы отбасылар да ескерілді.

Бұдан басқа, компания Ақтөбе қаласында 90 пәтерлік және Хромтау қаласында 120 пәтерлік тұрғын үй салып берді. Жиында атап өтілгендей, «Қазхром» «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасында ұсынылған жаңалықтарды ескере отырып, өздерінің тұрғын үй бағдарламасына түзетулер енгізді.

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-да қазіргі уақытта алты мыңнан астам адам еңбек етеді. Компания бас директорының бірінші орынбасары Тахталифум Есенғұлов хабарлағандай, жаңа жылдан бастап қатардағы мұнайшылардың еңбекақысы

25 пайызға, инженер-техникалық қызметкерлердің жалақысы 20 пайызға көтерілді. Нәтижесінде орташа еңбекақы 234 мың теңге құрайды.

Өткен жылы жетім балалардың болашақта өз тұрғын үйі болуы үшін 13 миллион теңгеден астам қаржы аударылды, бұл жұмыстар биылғы жылы да жалғасады.

«Нектар» өндірістік кооперативінің төрағасы  Шамиль Каспранов өздерінің жыл сайын 50 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беріп отырғандықтарын айтты. Қазіргі уақытта құрылыс компаниясы сегіз тұрғын үй салуда, оның ішінде 30 пәтер өз қызметкерлері үшін қарастырылған, одан алтауы қарапайым жұмысшыларға беріледі. Құрылысшылар орта есеппен 170 мыңнан 200 мың теңгеге дейін жалақы алады.

— Біз ертең жеті баласы бар өз қызметкерімізге жаңа пәтердің кілтін табыстаймыз.

90 шаршы метр тұрғынжай оған тегін беріледі, — деп өздеріндегі жақсы жаңалықпен бөлісті Шамиль Каспранов.

«Ақтөбемұнайгаз» ЖШС директоры Серік Естемісов кәсіпорынның жұмысшысы Қанат Садықовқа үй сатып алып беретіндіктері туралы айтты. ҚР Вице-премьері Гүлшара Әбдіқалықова осының алдында ғана осы көпбалалы отбасында, сондай-ақ тағы да сондай төрт шаңырақта болған еді.

— Садықовтар осыдан алты жыл бұрын Қазақстанға көшіп келген болатын. Оралмандар осы уақытқа дейін үй жалдап тұрып келді. Біз оларға аумағы 140 шаршы метр болатын жеке үй сатып алып беруге шешім қабылдадық. Биылғы жылы екі отбасыға үй құрылысына үш миллион теңгеден қаржы береміз,— деп хабарлады Серік Естемісов.

— Адамдарға деген мұндай қатынас еңбек ұжымдарындағы тұрақтылықты орнықтырады. Мұндай жағдайда кім болса да бар ынтасымен жұмыс істейді,— деп қорытындылады кездесуді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.

Жанат СИСЕКЕНОВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*