Басты бет » Басты жаңалықтар » «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының жұмысын күшейтуді тапсырды

«Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының жұмысын күшейтуді тапсырды

Сенбі күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин «Ақтөбе» индустриялық аймағын аралап, «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының есебін тыңдады.

Алдымен индустриалды аймақты аралап шыққан облыс әкімі «Фаэтон» A-класс сауда-логистикалық орталығының, «Поливест» ЖШС полиэтилен өнімдерінің,  «Ақтөбе ТОPSА Пласт» ЖШС антифризді және химиялық реагенттерінің, «TALAN Technology» шиналарын жою цехтарының жұмыстарымен танысты. Сонымен қатар «FIBC KAZAKHSTAN» ЖШС ірі қаптарының шеберханасының және «Зерде-Керамика Ақтөбе» ЖШС керамогранит және керамикалық плиткалар өндіретін зауытты іске қосу дайындығын жоғары бағалады.  

«Поливест» ЖШС қызметкерлері облыс әкіміне тез құрастырылатын әмбебап рамалық шатыр ангарларын жабық спорт залдары ретінде шығару туралы жоспарларын  айтты. Бұл құрылымның басты артықшылығы — шығыны аздығында, сондай-ақ құрылысты жылдамдатады.

Облыс әкімі бұл технологияның ауылдағы мәдени-сауықтыру және спорттық нысандардың желісін кеңейту үшін белсенді түрде қолданылу керектігін атап өтті.

— Бұл спортпен айналысуға ғана емес, қажет болса, концерт қойылуы үшін көпқұрылымды нысан болуы керек. Әкімшілік блокты, әртүрлі жас санаттарына арналған үйірме залдарын қамтитын жаңа жоба жасаңыз. Егер шығындар көңілге қонымды болса, біз оны өңірде іске асырамыз, —  деді Оңдасын Оразалин.

Бұдан соң «Ақтөбе» ӘКК басшысы Әнуарбек Махановтың есебін тыңдаған өңір басшысы корпорацияның 2019 жылға арналған жоспарларымен танысты. Облыс әкіміне биылға арналған құны 23,3 млрд теңгені құрайтын 8 жоба жайында егжей-тегжейлі баяндалды.

Баяндаманы тыңдаған облыс әкімі индустриалды аймақтың негізгі операторы ретінде жобаларды іске асырудың айқын жоспарлары мен мерзімінің жоқтығы, жоғары технологиялық өндірістерге инвестиция салуға дайын инвесторларды тарту бойынша әлсіз жұмысы үшін корпорация жұмысын сынға алды.

Есептің қорытындысы бойынша облыс әкімі барлық бағыттар бойынша жұмысты күшейту жөнінде бірқатар тапсырмалар берді.

— Инвесторлар үшін ең қолайлы жағдай жасау керек. Олар үшін мемлекеттік қызметтерді алу мүмкіндігінше оңай болуы тиіс. Мен бизнеспен айналысатын барлық мемлекеттік органдарға ескертемін, егер сіздердің тарапыңыздан тосқауылдар жасалғандығы туралы кем дегенде бір шағым жасалса, сұраныс қатал болады. Кәсіпкерлікті дамыту, инвестицияларды тарту — бұл Елбасының орындалуы тиіс басты тапсырмаларының бірі, — деді Оңдасын Оразалин.

Облыс әкімінің сенбі күнгі жұмыс сапары полигон аумағында орналасқан тұрмыстық қатты қалдықтар сұрыптайтын кешен жұмысымен, сондай-ақ облыс орталығының ағынды суларды тазарту қондырғыларын жаңғырту жобасын жүзеге асыру барысымен жалғасты. «Ақбұлақ» АҚ президенті Асан Ыбраевтың айтуынша, бұл жобаның жалпы құны 16,8 млрд теңгені құрайды. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу жұмыстары жалғасуда. Оны жүзеге асыру бес жылға жоспарланған.

Облыс әкімі «Ақбұлақ» АҚ басшылығына экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету — өмір сапасының ең маңызды көрсеткіші екеніндігін айтып, уәкілетті мемлекеттік органдарға қаланың экологиялық жағдайын жақсарту жөніндегі шараларды күшейтуді, соның ішінде Ақтөбедегі жағымсыз иіс көздерін жоюды ерекше тапсырды.

Сондай-ақ ол Асан Ыбыраевқа «Ақбұлақ» АҚ қызметіне қатысты азаматтардың шағымдарын қанағаттандыру бойынша жұмысты күшейту керектігін айтты.

Соңғы күндерде әлеуметтік желілерде қаланың түрлі аудандарындағы суық судың жоқтығы туралы 3 шағым жарияланғанын ескерткен аймақ басшысы барлық коммуналдық қызметтер мен мемлекеттік органдардың облыс тұрғындарының шағымдарына барынша тезірек жауап беруге міндетті екенін атап өтті.

Бұдан өзге, сенбі күні облыс әкімі «Ақтөбе Стройтехнология» автоклавты газдалған зауытында болып, кәсіпорынның қызметіне оң бағасын берді.

 Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*