Басты бет » Басты жаңалықтар » Оңдасын ОРАЗАЛИН: Ірі шаруашылықтар еңбек өнімділігін арттыруы қажет

Оңдасын ОРАЗАЛИН: Ірі шаруашылықтар еңбек өнімділігін арттыруы қажет

Кеше облыс әкімі Оңдасын Оразалин жұмыс сапарымен Қобда ауданына барды. Облыс басшысы бірқатар әлеуметтік ғимараттарды аралап, жұртшылықпен кездесті, тұрғындарды жеке қабылдады.

АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ 80 ПАЙЫЗЫ — ЖАСТАР

Облыс әкімінің сапары И.Құрманов атындағы ауылдық округке қарасты Егіндібұлақ ауылына барудан басталды. Бұл жерде облыс әкіміне мектеп жанындағы интернат үйінің жұмысы таныстырылды. Қазір мұнда 25 бала тәрбиеленіп жатыр. Интернатта балаларға барлық жағдай жасалған, төрт мезгіл тамақтанады, жатын бөлмесі таза, қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Балалардың дені — әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасынан шыққан, шалғай ауылдарда тұратын оқушылар. Олар үйлеріне екі апта сайын жіберіледі. Ол үшін арнайы тасымал ұйымдастырылған. Оңдасын Оразалин балалармен сөйлесіп, сабақ үлгерімдері жайында сұрады. Олардың асхана, жатын бөлмесін де аралап көрді. Соңғы екі-үш жылдақта интернатта жатып, білім алушылардың қатары елу баладан асқан. Қазір бала санының азаю себебін сұраған Оңдасын Оразалинге ондағылар: «Көпшілік ата-аналар балаларының орталықта оқығанын қалайтын сияқты. Бізде білім сапасы жақсы. Былтыр мектеп бітірген 15 баланың 13-і грантқа түсті. Бұрын Ойылдан балалар келіп оқитын. Қазір көрші ауданнан да балалардың келуі азайды», — деді мектеп директоры.

Қобда ауданының әкімі Мейрамбек Шермағамбетовтің айтуынша, Егіндібұлақ ауылы тұрғындарының 80 пайызы — жастар.

Жастар жылында Егіндібұлақта бірқатар жобалар жүзеге асырылмақ. Жастар қалашығы ауыл ретінде ашылса деген ойымыз бар. Биыл осы жерде ауыл шаруашылығы, оның ішінде суармалы егіс алқаптарын кеңейтуге күш салмақпыз. Ол үшін 40 гектар алқапқа көкөніс егілмек. Сонымен қатар 5 гектар алқапқа алма бағын тамшылатып суару әдісімен жүзеге асырмақпыз, — деді аудан әкімі.

Қазір Егіндібұлақта 72 отбасы, 324 адам тұрады. Ауылда 2 мыңнан астам ірі қара бар. Бір өкініштісі — ауылда көгілдір отын жоқ. Алайда халықты тұрақтандыру бағытында шаралар жүзеге асырылып жатыр. Жыл сайын ауылда 1-2 жаңа үй тұрғызылады.

Содан соң облыс әкімі мектеп-интернат жанынан бой көтерген Жастар үйін де аралап көрді. Бұл жерде Оңдасын Оразалин ауылдағы шаруашылық иелерімен кездесіп, олардың көктемгі егіске дайындығын сұрап білді.

Жастар үйінде ауыл тұрғындарына, жалпы жастарға барлық жағдай жасалған. 4700 кітап қоры бар кітапхана мен мұражай да жұмысын жүргізіп отыр. Бір әттеген-айы — интернет желісі жоқ. Оңдасын Оразалин аудан басшысына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруға қатысты жұмыстардың өңірде мардымсыз орындалуын осындай істерден-ақ көріп, байқауға болатынын атап өтті.  «Егер байланыс жүйесі болмаса, интернет жұмыс жасамаса, онда біз жастарға қазіргі заманның технологиясын қалай меңгертеміз?», — деген облыс басшысы аудан, ауылдарда электронды кітапхананы іске асыру қажеттігін айтты.

Ауылдағы оқушылар әдістемелік-сауықтыру кешенінің құрылысы да облыс әкіміне таныстырылды.

ҚОБДАЛЫҚ ЖАСТАР КҮРКЕТАУЫҚ ӨСІРЕДІ

Ауданға жасаған сапары кезінде облыс әкімі Мәдениет үйінде жергілікті тұрғындармен кездесті. Кездесуге дейін Мәдениет үйінің кең залында облыс әкіміне ауданның ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік саласы бағыттарында атқарылып жатқан жұмыстары жайында айтылды. Жастар жобасы да түсіндірілді. Биыл қобдалық жастар күркетауық өсіріп, құс шаруашылығын дамытуды қолға алмақ. Бұл мақсатқа мемлекеттен 1,5 миллион теңге несие алу үшін құжаттар да рәсімделіпті.

Облыс әкімінің жұртшылықпен  кездесуі кезінде М.Шермағамбетов ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысы турасында баяндады. Аудан басшысының айтуынша, аудан бюджетінің көлемі 4,5 миллиард теңге болса, соның он пайызы — кіріс мөлшері. Бүгінде аудандағы орташа табыс көрсеткіші — 84 мың теңге.

Кездесу барысында О.Оразалин өңірде партияның съезінде айтылған нақты тапсырмаларды орындауға, халықтың әл-ауқатын арттыру, тұрмыс сапасын жақсартуға ден қою қажеттігін айтты. Әсіресе, ауыларалық жолдарды қалпына келтіру, кәсіпкерлік саласын дамыту, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы, мал басын асылдандыру, оны көбейту шаралары, өңірге инвестиция тарту секілді жұмыстарды жандандыруға күш салу қажеттігін атап өтті. Халықты еңбекке тарту, масылдықтан арылу, мемлекеттен төленетін жәрдемақыға ғана қарамай, өз бетінше жұмыс жасау секілді жұмыстарға жұмылу үшін жұртшылықтың назарын аудартты. Оңдасын Оразалин өз сөзінде жиналғандарға мысал ретінде Алға ауданының Бестамақ ауылында 5 мың қаз өсіріп отырған жігіттің кәсібін көпке үлгі ретінде де атап өтті. Бұл орайда ол жастарды ауылға тұрақтандыру бағытында жұмыстарды жетілдіру қажеттігін айтты.

Қазір Қобда ауданының 75 пайызы ауызсумен қамтылған. Бүгінде ауданда 370 адам үй кезегінде тұрса, соның 44-і — көпбалалы аналар.

Кездесу барысында Әлия, Бұлақ ауылдары мен Абат-Байтақ, Исатай батырдың жерленген жеріне туристік бағыт орнату ісіне қатысты да сөз болды.

МҰРАЖАЙ МӘСЕЛЕСІН ШЕШЕМІЗ

Кездесу барысында облыс әкімі тұрғындардың сауалына да жауап берді. Нақтырақ айтсақ, зейнеткер Любовь Исмағамбетова облыс әкімінің жаңа қызметіне сәттілік тілеп, аудандық мұражайдың әкімдік ғимаратының бір бөлмесіне орналасқанын, алдағы уақытта осы мәселенің оң шешімін табуына ықпал етуін сұрады.

Қобда — киелі, қасиетті жер. Бұл — батырлар елі. Бұл өлкенің тарихын өздеріңіз жақсы білесіздер. Сол себепті мұражайға қатысты көтерілген мәселе өте орынды. Аудан әкімдігімен бірлесіп, келешекте осы мәселені шешуді қарастырамыз, — деді облыс әкімі.

Биыл Қобда ауданының құрылғанына 90 жыл толмақ. Зейнеткер Сәрсен Әмірғалиев осыған байланысты ауылдарды, аудан орталығын абаттандыру мәселесін көтеріп, Жиренқопа бағытында жасалып жатқан жол құрылысын соңына дейін жүргізуге қолдау танытуын сұрады. Облыс әкіміне жастар тарапынан да бірқатар сауалдар қойылды. Соның бірі — облыс деңгейінде жастарға арналған тиімді жобаларды қамтамасыз ету.

Елбасы өз сөзінде ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігін екі есеге арттыруды тапсырған болатын. Бүгінде халық ауыл шаруашылығы арқылы күнін көріп отыр. Себебі қазіргі таңда бұл жерде ірі өндіріс орны пайда болмайды. Қазір ауданның негізгі саласы ауыл шаруашылығы бағытында болғасын, еңбек өнімділігін арттыру қажет. Бұл іспен майда-шүйде емес, ірі шаруашылықтар айналысуы керек, — деп сөзін қорытындылады облыс әкімі.

Кездесуден кейін Оңдасын Оразалин тұрғындарды жеке қабылдады.

Облыс әкімінің ауданға жасаған сапары Қобда ауылындағы «Мәңгілік ел» саябағын көріп, дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен И.Тайманұлы атындағы Қобда гимназиясының жұмысымен танысумен аяқталды.

Арайлым НҰРБАЕВА,

Қобда ауданы.  

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*