Басты бет » Басты жаңалықтар » Бестамақтағы мектеп құрылысы неге бітпей тұр?

Бестамақтағы мектеп құрылысы неге бітпей тұр?

Кеше облыс әкімі Оңдасын Оразалин жұмыс сапарымен Ойыл ауданында болып, бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, жергілікті тұрғындармен кездесті.

Облыс әкімінің ауданға жасаған сапары Саралжын ауылдық округіне қарасты Бестамақ ауылынан басталды. Мұнда ол жаңадан салынып жатқан 60 орындық мектептің құрылысымен танысты. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 4 285,714 мың теңге қарастырылып, облыстық құрылыс басқармасы арқылы жобалық-сметалық құжаттама жасалған. Мектеп құрылысын жүргізуге жарияланған конкурс бойынша жеңімпаз болып «Техно-С» ЖШС танылыпты. Мектеп құрылысы 2017 жылы басталған. Сол кезде құрылысқа 2,0 миллион теңге бөлінген. Кейін қаражат қарастырылмаған.

Құрылысты үш жылға дейін созып жібергендерің дұрыс емес. Іс басталды ма, аяқталуы тиіс. Болмаса, бастамау керек, халықты алдамау қажет. Өздеріңізді де алдамаңыздар.  Бұл — басында дұрыс жоспарланбаған іс. Олқылықтардың бәрі содан басталады, — деп Оңдасын Оразалин құрылыс компаниясының басшысынан  техникалық мүмкіндіктері мен жұмыс күші жайында сұрады.

Былтыр мектеп құрылысына ауылдағы 4 адам жұмысқа тартылыпты. Компания басшысының айтуынша, тұрақты жұмыста 17 адам еңбек етеді, мамандар жеткілікті.

Техника бар, құрылыс материалдары тасылды. Жетпейтіні кірпіш, оны да әкелеміз, — деген компания басшысы жоғарыдан нұсқау келсе, жұмысқа кірісетіндерін айтты.  Осы жерде облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Нұрлан Иманалин облыс әкіміне Бестамақта мектеп құрылысы жақын аралықта жанданатынын, жұмыс көлеміне қарай қаражаттың аударылатынын айтты. Оның айтуынша, мектеп құрылысын аяқтау үшін 160 миллион теңге қажет. Бұл орайда облыс әкімі Н.Иманалинге құрылысты тұралатпай, бір жыл ішінде аяқтауды тапсырды.

Бұдан кейін облыс әкімі аудан орталығындағы бірқатар әлеуметтік нысандардың жағдайымен танысты. Соның бірі — іргетасы 1963 жылы салынған аудандық мұрағат ғимараты. Ғимараттың жалпы көлемі — 1180 шаршы метр. 2008 жылы 800 мың теңгеге ағымдағы жөндеу жүргізілген мұрағат ғимараты 2017 жылы «Азия эксперт» ЖШС қорытындысы бойынша апаттық жағдайда деп танылыпты.

Ойыл аудандық орталық ауруханасы орналасқан ғимарат та сыр бере бастапты. Аурухананың бас дәрігері Сәндібек Нұрбаев облыс әкіміне денсаулық сақтау мекемесінің ішкі жұмысын таныстырып, қабырғасы сыр берген ғимараттың жоғары қабатын көрсетті. Оның айтуынша, жауын-шашынды күндері, әсіресе қар еріген уақытта төбеден тамшы ағып, қабырғалар суланады. Науқастар бөлмесінен де тамшы ағады. Едендері де тозған. Сарапшылар қорытындысы бойынша, ғимаратта аса қауіп төндіретіндей жағдай жоқ. Алайда күрделі жөндеу қажет.  Бас дәрігердің айтуынша, жөндеу жұмыстарына шамамен 250 миллион теңгеге жуық қаражат қажет. 2003 жылы пайдалануға берілген орталық ауруханада тұрғындар электронды кезекпен қабылдауға келгенмен, бұл жүйе қашықтағы елді мекен халқы үшін әзірге іске асырылмай отыр.

Аудан орталығындағы тұрғындар дәрігердің қабылдауына электронды кезекке  жазылуға үйренді. Күн сайын электронды кезекке 30-40 адам жазылады. Амбулаторияда күніне 200 адамды қабылдауға мүмкіндік бар. Қазір тұрғындарды электронды кезекпен қабылдау көрсеткіші — 90 пайыз. Тұрғындар смартфон көмегімен «Дамумед» қосымшасы арқылы кезекке тұрады. Бүгінгі күні Берсиев және Көптоғай ауылдарындағы дәрігерлік амбулатория осы жүйеге көшіріліп жатыр. Себебі, оларда аз жылдамдықпен болса да, интернетті пайдалануға мүмкіндік бар, — деді аурухананың бас дәрігері.

С.Нұрбаевтың айтуынша, қазір ауданда 15 медициналық пункт пен 6 дәрігерлік амбулатория жұмыс жасайды. Биыл 1 сәуірден бастап барлық дәрігерлік амбулатория электронды тәсілде жұмыс жүргізуге көшірілмек. Ол үшін аурухана «ASTEL» компаниясымен келісімшарт жасасқан.

Жағдайды өз көзімен көрген облыс әкімі бас дәрігерге басқармаға ұсыныстарын беруді, алайда бұл шаруаның бүгін-ертең емес, мәселе ретінде көтерілгесін, оңтайлы шешу жолдарын қарастыратынын айтты.

Сапар аясында Оңдасын Оразалин аудандық ветеринария бөлімі, ветеринарлық станса, №14 өрт сөндіру және төтенше жағдайлар бөлімі ғимараттарын да аралап, мұндағы мамандармен тілдесті.

Ойыл ауданының әкімі Дастан Сағыров облыс әкіміне ветеринарлық қызмет көрсететін ғимараттың әбден тозығы жетіп тұрғанын, нысан салуға мүмкіндік болса, онда құрылысты ауыл сыртында тұрғызуға ықпал етуін сұрады. Себебі бұл бағыттағы шаралардың кешенді жүргізілуіне мүмкіндік береді. Бұл орайда облыс әкімі ветеринар мамандардан жұмысты цифрландыру бағытында қандай шаралардың жүзеге асырылып жатқанын сұрады. Мамандар тұрғындардың электронды өтініш беру ісі әзірге жүзеге асырылмай отырғанын айтты.

Халыққа электронды қызмет көрсету — басты талап. Қазіргі заманның талабына сай жұмыс жүргізілуі керек. Сендердің жасап отырған қызметтерің де, тіршіліктерің де заман талабына сай келмей отыр. Сондықтан бұл істі зерттеу қажет. Осындай жағдайлардан соң, халықтан өкпе-реніш туады. Қазіргі жүргізіп отырған жұмыстарың Елбасы қойған талаптарға сәйкес келмейді, — деген облыс әкімі айтылған ұсыныстың орынды екенін айта келе, мемлекеттік қызметтерді электронды әдіске көшіруде жергілікті билік тарапынан нақты бір әрекеттердің жүргізілмегенін сынға алды.

Ауданға жасаған сапары кезінде облыс басшысы Ш.Бекмұхамбетов атындағы мектеп-гимназияның ескі ғимаратын иеленген аудандық саз мектебінің жағдайын өз көзімен көрді. Жүз жылдан астам тарихы бар ғимарат сыр бере қоймағанымен, күрделі жөндеуді талап етеді. Бұл мақсатқа 42,5 миллион теңге қаражат қажет.

Ойылдың өзінің тарихы ерекше. Жүз жылдан астам тарихы бар бұл ғимарат та ескінің көзіндей. Егер ол әлі де беріктігін сақтап тұрса, онда жөндеу жұмыстарына көмектесуіміз керек. Ғимаратқа  қазіргі заманның талабымен жөндеу жұмыстарын жүргізгенде оның тарихи ерекшелігін сақтау қажет, — деді облыс әкімі.

Бұл жерде облыс әкіміне мектеп-гимназия оқушыларының ҰБТ-дағы жоғары көрсеткіштері де айтылды.

Оңдасын Оразалиннің аудан халқымен кездесуі аудандық Мәдениет үйінде ұйымдастырылды. Әуелі Мәдениет үйінің кең залында жасақталған қолөнер бұйымдарының көрмесі таныстырылды.

Облыстың көрсеткіштері әлеуметтік-экономикалық даму барысында өте жоғары. Бердібек Машбекұлы облысты төрт жылға жуық басқарған кезінде көптеген жұмыстар атқарылды. Соның ішінде әлеуметтік салаға ерекше мән берілді. Облыс орталығы, аудандарға ерекше көңіл бөліп, көптеген құрылыс жұмыстарын атқарған. Әрине, оның барлығы осы жердегі мемлекеттік қызметшілермен қатар, кәсіпкерлер, тұрғындардың бірлесіп жасаған жұмыстарының нәтижесі деп түсінемін. Енді біз облыстың даму қарқынын төмендетпей, әрмен қарай дамыту процестерін ойлануымыз керек. Өмір болғасын, проблемасыз болмайды. Алдымызда әлі де шешімін табуы керек мәселелер тұр. Nur Otan партиясының съезінде Елбасы халықтың әл-ауқатын арттыруға, оның ішінде тұрмыстық жағдайы төмен азаматтарға қолдау таныту, жалпы тұрғындардың өмір сапасын арттыруға байланысты инфрақұрылымдық нысандарды қолға алу  жайында  нақты тапсырмалар жүктеді, — деген облыс әкімі Оңдасын Оразалин аудан халқы алдында Ойылдағы нақты мәселелерге де тоқталып өтті.

Кездесу барысында аудан әкімінің өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші турасындағы баяндамасы тыңдалды. Облыс әкімі ауданда 18 мыңға жуық адамның тұратынын айта келе, аудан басшысынан орташа айлық табыстың мөлшерін сұрады.

Қазіргі статистикалық мәлімет бойынша, орташа айлық табыстың мөлшері — 80962 теңге, — дегені сол еді, облыс әкімі: «Республика бойынша орташа айлық мөлшері — 174 мың, яғни сіздерде бұл көрсеткіш екі есе төмен», — деген Оңдасын Оразалин аудандағы мал санын да сұрады.

Мен мұның бәрін бекерден-бекер сұрап отырғаным жоқ. Ойыл — бұрыннан да ауыл шаруашылығымен күн көріп отырған аудан. Орта мөлшермен сұрап отырғаным, табыс көзі қандай болса, адамның тұрмыстық жағдайы да сондай болады деген сөз ғой, — деді облыс әкімі.

Дастан Сағыровтың айтуынша, ауданның кіріс бөлігі — 341 миллион теңге, ал жалпы шығыс — 4 миллиард 156 миллион теңге.  «Егер табыс көзі болмаса, инвестиция тартылмаса, оны орталықтан талап ететін болсаңыздар, осылай отыра бересіздер. Аудандағы әлеуметтік мәселелерді шешуде, яғни жол салу, газ тарту секілді жұмыстарға облыстан көмектесуге тура келеді. Ауданға келердің алдында талдау жасағанда байқағанымыз, жеке инвестиция тарту, өндірісті ашу, жол бойы қызмет көрсету нысандарын қолданысқа енгізуде бірде-бір жоба жүзеге асырылмаған. Жол бойындағы сервистік қызметтерді ашу жұмыстары биылғы жылда да  жоспарда жоқ. Екінші мәселе — ауыл шаруашылығының кәсіпкерлікті қолдауға  бағытталған мемлекеттік инструменттерді барынша пайдалану. Былтырғы жылы «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында бірде-бір жоба мемлекеттік қолдауға ие болмады. Сіздерде тіркелген кооперативтердің жұмысы мардымсыз. Аудандағы 13 кооперативтің екеуі ісін тоқтатқан. Бұл мысалдарды мен не үшін келтіріп отырмын?», — деген Оңдасын Оразалин аудан басшысына осы бағытта жұмыстарды жетілдіру қажеттігін тапсырды. Атап айтқанда, кәсіпкерлерге жағдай жасау, халыққа табыс жолын көрсету, осы бағытта нақты жұмыстар атқару қажеттігін де атап өтті.  Егер бұл жұмыстар атқарылмаса, бюджет көлемі сол мөлшерде қалып, мәселе оң шешімін таппайды.

Қазір облыста 13400 көпбалалы отбасы болса, соның 452-сі — Ойылда. Облыс әкімі жергілікті билікке көмекке мұқтаж отбасылардың әлеуметтік картасын дайындау, оларға қолдау көрсету шараларын ұйымдастыру қажеттігін де атап өтті. Облыс әкімі бірлігі жарасқан аудан халқының мәдениеті жоғары екенін, халықты ауылдарға тұрақтандыру бағытында да түрлі әрекеттер жасалуы керектігін айтты.

Кездесу барысында облыс әкіміне тұрғындар тарапынан жылы лебіздермен қатар, ұсыныс-пікірлер де айтылды. Зейнеткер Ғазиз Займолдин ауданішілік жолдың жағдайын қараойлықтардың мал, егін шаруашылығымен айналысатынын айтып, ауылға барар жолдың 70 пайыздан астамы жарақсыз күйде екенін тілге тиек етті. Кездесу барысында елді мекендерді газдандыру, ауыл арасына жол салу, Ойылдың Барқын құмы мен қылқанжапырақты ормандарын мемлекет қорғауына алу секілді мәселелер де айтылмай қалмады. Көтерілген мәселелерге қатысты нақты жауап берілді.

Бұдан кейін облыс әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша да қабылдады. Содан соң Ойыл селосының басында биыл тілсіз жаудың салдарынан баспанасыз қалған екінші топ мүгедегі Ержан Еңсегенов пен көпбалалы ана Нұргүл Қаженовалардың жағдайын өз көзімен көрді. Оңдасын Оразалин жергілікті билікке  екі отбасына барлық жағдайды жасап, баспанасын қалпына келтіріп беруді қатаң тапсырды.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Ойыл ауданы.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*