Басты бет » Басты жаңалықтар » Қаламгерлер «Ақтөбе Медиаға» келді

Қаламгерлер «Ақтөбе Медиаға» келді

Ақын, «Ақтөбе» газетінің бас редакторы  Бауыржан Бабажанұлының 50 жылдық мерейтойына келген бір топ ақын-жазушы Баспасөз үйінде «Ақтөбе Медиа» ЖШС ұжымымен кездесті.

Көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері,  Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, белгілі жазушы,  Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов, қазақ әдебиетінің классигі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері,   «Жазушы» баспасының директоры  Есенғали Раушанов, талантты жазушы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат, көрнекті  ақын, Қазақстан Республикасы кітап палатасы директорының орынбасары Маралтай Райымбекұлы, белгілі ғалым, Алматы қаласындағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрының директоры Берік Жүсіп секілді тұлғалар әуелі «Ақтөбе Медиа» ғимаратын толық аралап шықты. Музейге бас сұғып, бір кездері өздері тұтынып, бүгінде жәдігерге айналған баспасөз құралдарын көріп, сүйсінді. Екі облыстық газеттің тарихына үңілді.

Ұжыммен кездескен сәтте Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет журналистерді жаңа қонысқа көшулерімен құттықтады. Көп облыстарда бұндай ғимараттың жоқ екенін айтты.  Қазақстан Жазушылар одағы атқарып жатқан жұмыстарды баяндады. Мереке Құлкенов пен Есенғали Раушанов та әдеби процесс, жастар шығармашылығы туралы өз ойларын ортаға салды.

«Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин қонақтарға Баспасөз үйіне арнайы келгендері  үшін алғыс айта отырып, жасалып  жатқан шаруалармен  таныстырды. Былтыр «Актюбинский вестник» газетінің 100 жылдық мерейтойы аталып өткенін, биыл «Ақтөбе» газетінің 95 жылдық мерейтойына дайындық жүріп жатқанын жеткізді.

Емен-жарқын әңгіме түрінде өткен жылы кездесу екі жаққа да жағымды әсер қалдырды.

                                                                                                            Кәмшат ҚОПАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*