Басты бет » Білім » Білім: оқушылар саны жылына 3-4 мыңға өсіп отыр

Білім: оқушылар саны жылына 3-4 мыңға өсіп отыр

Ақтөбеге жұмыс сапарымен келген  Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова облыс орталығындағы шараларға қатысқан соң Қобда ауданына барды. Исатай Тайманұлы атындағы Қобда гимназиясында К.Шәмшидинова,  облыс әкімінің орынбасары М.Тоқжанов, облыстың білім басқармасы басшысы Л.Оразбаеваның қатысумен балабақша меңгерушілері, мектеп және колледж директорлары, көпбалалы педагог аналармен кездесу өткізілді.

К.Шәмшидинова Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Nur Otan партиясының кезекті XVIII съезіндегі баяндамасында айтылған мақсат-міндеттерге тоқталды.

—  Елбасы сөзінің негізгі түйіні — ел азаматтарын қолдау, қорғау, жұмыстардың барлығы халықтың әл-ауқатын арттыру үшін жасалады. Сәуір айынан бастап аз қамтылған, әсіресе, көпбалалы отбасыларға әлеуметтік көмек мөлшері 70 пайызға дейін көбейтіледі. Бір балаға бұрынғыдай 14 849 теңге емес, 20 789 теңге төленетін болады. Әлеуметтік көмек тағайындау рәсімдері жеңілдетіледі, тапсыратын құжаттар саны да аз, сондай-ақ отбасының табысын есептеген кезде мемлекеттік жәрдемақылар алынып тасталады, — дей келе министр көпбалалы, мүгедек бала асырап отырған және толық емес отбасылар үшін жылдық екі пайыз үстемемен несиеге тұрғын үй алу, ауылдағы мұқтаж отбасылар үшін кәсіпкерлікпен айналысуға гранттар тағайындау, әлеуметтік жұмыс орындарын ашу секілді мәселелерге қатысты біраз мағлұмат берді. Кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын бұл жұмыстардың маңыздылары биыл сәуір-мамыр айларынан бастап қолға алынады.

Бұдан соң тақырып білім саласына ауысты. Облыстық білім басқармасы басшысы Л.Оразбаева облыстағы білім саласының бүгінгі жағдайы туралы ақпарат берді. Оның айтуынша, Ақтөбе облысы өңірлер арасында білім саласының көптеген көрсеткіштері бойынша жақсы нәтижелерге ие. Облыс бюджетінің 40 пайызы, яғни 86 миллиард теңге көлеміндегі қаражат білім саласын қаржыландыруға жұмсалады. Соның нәтижесінде мектепке дейінгі ұйымдар желісін арттыру, балабақшаларға қолжетімділікті кеңейту, жаңа талаптарға сай орта білім беру ортасын құру, жаңартылған білім беру мазмұнына көшу мақсатында инфрақұрылым сапасын арттыру, білім алуға тең қолжетімділікті қалыптастыру, қиын жағдайға тап болған балаларға әлеуметтік және психологиялық қолдау көрсету секілді жұмыстар нәтижелі атқарылып келеді. Десек те, проблемалар да бар. Оның бірі — үш ауысымдық және апаттық  жағдайдағы мектептердің жайы.

— Былтыр орын тапшылығын, апатты мектептерді жою, үш ауысымды мектептер мәселесін шешу мақсатында 27 мектептің құрылысы жүргізіліп,  15 жаңа мектеп қолданысқа берілді. Нәтижесінде 2  апатты,  2  орын тапшылығы бар мектептің, 1  ескі, 9 үш ауысымды мектептің мәселесі шешіліп, Кірпішті ауылындағы жыл бойы жұмыс жасайтын лагерьдің оқу корпусы салынды.

Ақтөбе  облысы — тұрғындар саны бойынша жоғары қарқынмен өсіп келе жатқан аймақтардың бірі. Осының нәтижесінде мектеп оқушыларының саны жылына тұрақты түрде орташа есеппен 3-4 мыңға өсіп отыр. Ал бұл мектептерде орын тапшылығының туындауына, үш ауысымдық мектептердің пайда болуына әкеліп соғып отыр. Қазіргі таңда облыста үш ауысымды және апатты мектептер проблемасы бар. Қазақстан Республикасы  Білім және ғылым министрлігінің инвестициялық жобалар тізбесіне 1840 орындық 5 жаңа нысан енгізу үшін бюджеттік өтінім берілді. Жобалардың жалпы құны — 5,8 миллиард теңге. Алайда, бұл жобалардың біреуі ғана қолдау тапты, — деді білім басқармасы басшысы.

Білім министрінің айтуынша, барлық мәселе қаржыға келіп тіреледі. Елімізде тәуелсіздік алғалы бері 1972 мектеп салынған. Соңғы үш жылдың ішінде 190 мектеп тұрғызылған. Бұл ең алдымен апаттық жағдайдағы және балалар үш ауысымда оқитын мектептердің мәселесін шешу мақсатында салынды. Қазір Ақтөбе облысында құрылысы жүргізіліп жатқан сегіз мектеп те осы мақсатта салынып жатыр.

Білім саласы қызметкерлерінің жалақысын көтеру мәселесі де айтылды.  Жалақысы ең төмен мамандардың еңбекақысын 30 пайызға дейін көтеру қарастырылып отыр. Олардың қатарында балабақша тәрбиешілері, тәрбиешілердің кіші көмекшілері, балабақша психологтары, іс жүргізушілер секілді мамандар бар.

— Жалпы, білім саласы мамандарының жалақысы, әсіресе, мектеп мұғалімдерінің жалақысы жүйелі түрде көтеріліп келеді. Мәселен, 2009 жылы — 25 пайызға, 2010 жылы — 25 пайызға, 2011 жылы — 30, 2014 жылы — 10, 2016 жылы 20 пайызға өсті. Ендігі жерде мұғалімдердің жалақысы олардың кәсіптік шеберлігіне байланысты болады. Еңбек өтілі кемінде 15 жылдан кем емес жоғарғы санатты ұстаздар кемінде 180 мыңға дейін жалақы алуы тиіс. Егер мұғалім 18 сағаттық ставкамен жұмыс істесе, ауылдық жерде оның орташа жалақысы 150-160 мың теңге болса, қалада 120-130 мың теңгенің көлемінде болды. Ендігі жерде мұғалім ауылда 180-190 мың теңге алатын болса, қалада 155-160 мың теңге көлемінде жалақы алуы керек, — деді министр.

Жиында білім сапасына қатысты да айтылды. Министрдің айтуынша, білім сапасы ең алдымен мұғалімнің біліктілігіне, кәсіби шеберлігіне байланысты. Сондықтан елімізде 2012 жылы басталған мұғалімдерді қайта даярлау курстары жетілдіріледі. Алдағы үш жылдың ішінде 144 мың мектеп мұғалімі қайта даярлаудан өткізіледі. Бұл қатарға енді мектеп психологтары мен сынып жетекшілері де кіреді.

— Тағы бір мәселе — жоғарғы сыныптарда химия, биология, физика, информатика пәндерін ағылшын тілінде оқыту мәселесінде асығыстық танытпауымыз керек. Мектепте сабақты ағылшын тілінде өткізуге мұғалім дайын болған жағдайда ғана оны біртіндеп енгізуге болады. Қазір республика бойынша 150-ден астам мектеп осындай бағытта жұмыс істей бастаған. Оны да зерттеп, зерделеуіміз керек. Егер қиындықтар кездессе, сабақтарды ағылшын тілінде оқытуға асығыстық танытпауымыз керек, — деді министр.

К.Шәмшидинова балаға берілген білімнің қоғамда қаншалықты сұранысқа ие болатынына мән беру қажеттігін тілге тиек етті. Бала мектепте алған білімін кейін пайдалана ала ма, жоқ па — сол маңызды.

— Сондықтан балаға білім бере отырып, оған қоғамда болып жатқан жайттарды талдауға, жіктеуге, сараптауға, өз бетімен қорытынды жасауға үйретуіміз керек. Себебі болашақты болжау оңай емес кезеңде өмір сүріп жатырмыз, егер бұрын 30 жылда жаңа мамандықтар шығатын болса, қазір екі-үш жылдың ішінде жаңа мамандықтар пайда болып жатыр. Нарыққа нақты қандай маман керек екенін зерттеу керек. Қазір қол күшімен атқаратын жұмыстардың көпшілігін машина ауыстырды, жасанды интеллект пайда болды. Балаларды осындай өзгерістерге лайықты тәрбиелеу маңызды. Қазір мұғалімнің алдына қойылатын талап басқа: білім беру аз, енді баланы ізденімпаздыққа тәрбиелеу керек! Блум әдістемесі бойынша, яғни проблема арқылы, сұрақ қоя отырып, сұраққа жауап іздету арқылы оқыту әдістемесі секілді теориялар қажет қазір. Біз стандарт жасаған кезде Ыбырай Алтынсарин, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсыновтардың еңбектерін көп қарадық. Дәл бүгінгі айтылып отырған мәселелерді бұл кісілер сонау ХХ ғасырдың басында айтып кеткен. «Жеңілден — күрделіге, практикадан теорияға» секілді тақырыптарды жіліктеп көрсеткен. Оқып отырғанда өзің таңғаласың. Қай қоғамда да мектеп, оқу орындары өндірістік революцияның, еңбек нарығының талабына сай өзгеріп отыруы тиіс. Мысалы, ауыл шаруашылығы дамыған аграрлық кезеңде капитал жер болды, қазіргі заманда капитал —  адам, оның денсаулығы, білімі. Сол себепті қазіргі кезде ата-аналарды, бізге тілекші, бірге ұйымдастырушы ретінде оқу-тәрбие процесіне араластыру маңызды болып отыр, — деді министр.

Шара қатысушылары министрге білім саласындағы өзекті мәселелер, оның ішінде нормативтік-құқықтық құжаттардағы сәйкессіздіктер, педагогтардың ағылшын тілі курстарынан өтуі, көптілділік туралы сұрақтарын қойып, лайықты жауаптарын алды.

— Балаға сапалы білім мен саналы тәрбие беру — үлкен жауапкершілік. Біз баланың алдындағы, баласын жетектеп біздің алдымызға алып келген ата-ананың, қоғамның, мемлекеттің алдындағы жауапкершілігімізді ұмытпауымыз керек. Осы мамандықты өзіміз таңдап келгеннен кейін осы саланың ыстығына да, суығына да төзуіміз керек, — деді министр сөзінің қорытындысында.

Кездесуден кейін К.Шәмшидинова аудан тұрғындарын қабылдады. Сондай-ақ Қобда көпсалалы колледжінің жұмысымен танысты.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.  

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*