Басты бет » Жаңалықтар » Алғада алты баланың анасы үш бөлмелі пәтерге ие болды

Алғада алты баланың анасы үш бөлмелі пәтерге ие болды

Үкіметтің жұмыс тобы құрамындағы Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы  Мархабат Жайымбетов кеше Алға ауданында болып, бірқатар құрылыс нысандарын аралады.

Алғадағы өндірістік аймақ саналатын бұрынғы химия зауыты территориясында жалпы ауданы 230 гектар аумақ қауіпті қалдықтарды жою, топырақ құнарлылығын қалпына келтіру жұмыстарын талап етеді. Бүгінде осындай жұмыстарды жүзеге асырудың негізінде аталған аймақта шағын және орта бизнесті дамытудың, әсіресе, инвестор тартудың мүмкіндігі зор. Комитет төрағасы Марат Жайымбетовке Алға ауданының әкімі Нағымжан Алдияров өндірістік аймақта алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар турасында айтты. Оның айтуынша, қазір зауыт аумағында 7 кәсіпорын өз жұмысын жүргізіп отырса, 9 кәсіпорынның ісі тоқтап тұр. Мұндағы басты бағыт — экологиялық мәселелерді ретке келтіру.

Ауданға жасаған сапары аясында М.Жайымбетовке өткен жылы «Энергия ХХІ» ЖШС мердігерлік компаниясы жалпы құны 388012,8 мың теңгеге салған бес қабатты 60 пәтерлік жалдамалы тұрғын үйдің жанында тұрғызылып жатқан дәл осындай құрылыстың барысы таныстырылды. Облыс әкімінің орынбасары Серік Төленбергеновтің айтуынша, жоспар бойынша алдағы уақытта осы аймақта тағы да осындай үш үйдің құрылысы салынып, шағын аудан жасақталмақ.

Комитет төрағасы былтыр халық игілігіне берілген жалдамалы үйдің құрылысымен де танысты. Жергілікті билікке алдағы уақытта жобалық-сметалық құжат әзірлегенде көппәтерлі үйлерге мүмкіндігі шектеулі жандардың кіріп-шығуына ыңғайлы болуы үшін пандус орнатуды басты назарда ұстау қажеттігін ескертті.

Он екі жылдан бері пәтер алу кезегінде тұрған «Күміс алқа» иегері Айман Төлеуова осы үйден үш бөлмелі пәтерге ие болды. М.Жайымбетов көпбалалы анаға жаңа пәтердің кілтін табыстағанда, Айман қуаныштан көз жасына ерік берді. Бұған дейін Алға қаласындағы жеке үйлердің бірінде уақытша тұрған Айманның алты баласы бар. Өзі — жұмыссыз.

Елбасының саясатының арқасында осындай пәтерге ие болып жатырсыз. Мемлекетімізде әлеуметтік саланы дамытуға айрықша мән берілген. Әсіресе, жетімдерге, мұқтаж жандарға, өзіңіз секілді көпбалалы аналарға қолдау көрсетуде ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр. Бұрын елімізде осындай көпбалалы отбасыларға 600-700 пәтер беруге мүмкіншілік болса, биыл республика бойынша 6 мың пәтер табысталмақ. Одан басқа, әлеуметтік топтағы отбасыларға 2-3 пайыздық үстемеақысымен жеңілдетілген несие негізінде баспана алудың мүмкіндігі қарастырылды. Еліміз бойынша 100 мыңға жуық көпбалалы отбасы мемлекет тарапынан нақты қолдауға ие болмақ, — деген М.Жайымбетов Айманға  жаңа пәтерге ие болғандардың алғашқыларының бірі екенін айтып, жылы лебізін білдірді.

Бұдан кейін астаналық мейман биыл жаңа оқу жылында пайдалануға берілген Алға мектеп-гимназиясының ішін аралап көрді. Мектеп директоры Гүлмира Есенованың айтуынша, 600 орынға арнап салынған мектепте 597 бала білім алады. Мектеп-гиназия ғимараты жанында 100 орындық интернат та жұмыс жасайды. Қазір мұндағы 65 тәрбиеленушіге барлық жағдай жасалған. Олардың дені — әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы балалары.

Ауданға жасаған сапары кезінде М.Жайымбетов жаңа мектеп-гимназияда жергілікті тұрғындарға жеке қабылдау жүргізді. Аудан тұрғындарының көпшілігі комитет төрағасына жеке мәселелерін, әсіресе, баспанаға қол жеткізу мүмкіндігін сұрады. Азаматтарды қабылдау кезінде Қарағаш ауылына су тарту мәселесі де көтерілді.

Арайлым НҰРБАЕВА,

Алға ауданы.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*