Басты бет » Ауыл » Оңдасын ОРАЗАЛИН: Ауылшаруашылық саласы — күнкөрістің ғана емес, табыстың көзі

Оңдасын ОРАЗАЛИН: Ауылшаруашылық саласы — күнкөрістің ғана емес, табыстың көзі

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің аудандарды аралап, жергілікті тұрғындармен кездесу мақсатындағы жұмыс сапары Қарғалы ауданында жалғасты.

Алдымен Шәмші Қалдаяқов ауылына барған облыс басшысы ондағы «АкТеп» ЖШС-ның көкөніс сақтау қоймасының жұмысымен танысты.  5 мың тоннаға дейін картоп сақтайтын қойма өткен жылы пайдалануға берілген. Жалпы құны 443,0 миллион теңгені құрайды. Қоймада 22 адам жұмыс жасайды.

Былтыр Германиядан гала, белороза тұқымдарын әкеліп 10 гектар жерге егіп, 317 тонна өнім алдық. Биыл картоп егетін аумақты екі есеге көбейтуді ойлап отырмыз. Өнім өзіміздің «Анвар» сауда желілеріне жіберіліп, ірі дүкендерге барады. Сондай-ақ облыс тұрғындары базарлардан да сатып алып біздің өнімді тұтынатын болады, — дейді қойма директоры Боранбек Ақтайлақов.

Одан кейін Қосестек ауылындағы «Тас Арман-Ақтөбе» ЖШС қиыршық тас өндіру кәсіпорнына барған облыс әкімі кәсіпорын басшысынан тас өндіруде қандай қиындықтардың бар екенін сұрады.

2014 жылы іске қосылған кәсіпорынның директоры Владимир Рудневтің айтуынша, ешқандай мәселе жоқ. Былтыр 278 мың тонна қиыршық тас өндірген кәсіпорын биыл жоспарды 300 мың тоннаға жеткізуді көздеп отыр. Оған мүмкіндік те бар. Шетелден арнайы әкелінген техникалар сағатына 260 тонна тас өндіреді. Өнім негізінен құрылысқа, жолға және тауарлы бетон шығаруға пайдаланылады.

Түстен кейін Бадамша аудандық Мәдениет үйінде тұрғындармен кездесу болды. Аудан әкімі Асқар Жүсібалиев екі айдың қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық даму барысы туралы баяндады.

Астықты аудан биыл іргелі жұмыстарды қолға алған. Желден қуат алатын электр станциясының жұмысы басталып кетті. Жобаның жалпы құны — 33 млрд теңге. Ауданда 22 ЖШС, 14 ауылшаруашылық өндірістік кооперативі және 178 шаруа қожалығы бар. Биыл егіс алқабы 163 мың гектарға дейін көбейеді. Қарғалы ауданында туризмге сұранып тұрған жерлер бар. Қарғалы су қоймасы туристік нысан ретінде әзірленуде. Сонымен қатар үлкен құрылыстар жүреді. Аудандық бюджет есебінен 5 қабатты 60 пәтерлік және 2 қабатты 8 пәтерлік жалдамалы-коммуналдық тұрғын үйлердің жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда. Осы жылы 550 адамды тұрақты жұмыспен қамту көзделген.

— Әзірге 100 адам жұмысқа орналастырылды. Жоспарды толық орындаймыз. Ауданда көпбалалы 110 отбасы бар. Оның 45 отбасындағы 166 адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Жергілікті демеушілердің тарапынан көпбалалы отбасыларға 2 миллион теңге материалдық көмектер бердік. Жұмыс мұнымен тоқтамайды. Әлі де анықтау үстіндеміз. Біз бұл мәселені де жоспарға сай толық аяқтаймыз, — деді аудан әкімі.

Жиында істелген шаруалардан гөрі алдағы жасалатын жұмыстар туралы ұсыныстар қозғалды. Тұрғындардың айтуынша шешімін күткен шаруалар көп. Ащылысай ауылының тұрғыны Лариса Ильчевская жобалық-сметалық құжаты дайын тұрған көгілдір отынның тез келуін айтса, Ақкенже Байсеуіпова жаңа мектептің керектігін жеткізді. Одан кейін тұрғындардың сауалдары мен талап-тілегі ауданның ортақ жайы болды. «Кудря» шаруа қожалығының басшысы Иван Кудряның көтерген сұрағы жалпы барлық аймаққа ортақ таныс проблема. Ол — ауыл жастарының жаппай қалаға  ағылып, ауылдағы кәсіп  көздерінің кенже қалуы. Жастардың ауылда бизнеспен айналысуына жағдай жасау.

Тұрғындардың тілегіне құлақ түрген облыс әкімі әр сауалдың иесіне жеке-жеке жауап берді.

— Бұл — сұрақ емес, проблема. Сіздер көтеріп отырған мәселенің бәрі орынды. Жергілікті жастар қалаға кетеді. Ал қалалықтар кәсібін жүргізуге ауылдан жер сұрайды. Біз осыны реттеуіміз керек. Жастардың қалаға негізсіз шоғырлана беруі тиімсіз. Оған қоса көбі ауылшаруашылық мамандықтарын таңдамайды. Ауылшаруашылық саласы — күнкөрістің ғана емес, толағай табыстың көзі. Ауылдағы әлеуметтің әл-ауқатын жақсартып, тұрғындардың сапалы өмір сүруі үшін барлық мүмкіндіктер жасалып жатыр. Бұл — Президент тапсырмасы, — деді облыс басшысы О.Оразалин.

Жиында айтылған тұрғындардың өтініштері кезең-кезеңімен іске асатын болады. Биыл 14 көшенің су құбыры жаңарып, көшені жарықтандыру жұмыстары жалғасады.

Шеткі көшеде тұратын Жаңагүл Тәжібаева көктем-күз айларында көшенің балшығы шығып, балалардың сабаққа баруы қиын болатынын айтты. Бұған жауап берген аудан әкімі А.Жүсібалиев асфальт салынғанша қиыршық тас төселе тұратынын айтты.

Ауыл жастарының атынан сөйлеген Асхат Түлкібаев жастардың бос уақытын тиімді өткізетін спорттық-сауықтыру кешені тезірек аяқталғанын қалайды.

Аудан әкімінің айтуынша, кешеннің құрылысына тағы 195 миллион теңге бөлініп, биыл аяқталмақ.

— Ақтөбе облысы Президент тапсырмасын орындауда өзге облыстармен салыстырғанда қай сала болмасын жоғары көрсеткіштерге ие. Байқап отырмын, бүгінгі жиында бірде-бір жұмыс сұраған адам болмады. Жеке бастың мәселелері, әрине,  жетерлік екені белгілі. Бірақ оны ешкім қозғамай елдің ортақ жайын айттыңыздар. Мен бұған риза болып отырмын. Бұл деген елге, туған ауылға деген жанашырлықты көрсетеді. Бұл жергілікті халықтың тәрбиелілігін, мәдениеттілігін білдіреді. Жастар мен үлкендердің ортасы алшақтап бара жатыр. Жастар қазір смартфон, интернет, әлеуметтік желілерді қолданғалы үлкендер оқшау қалды. Біз екі ортаны үзбеуіміз керек. Сондықтан ауылға жастар баратын спорттық алаңдар мен үлкендер бас қосатын орындарды ұйымдастыруымыз тиіс, — деп қорытты сөзін облыс әкімі Оңдасын Оразалин.

Жиыннан соң облыс әкімі жеке қабылдау өткізді.

Аудан орталығындағы негізгі проблеманың бірі — мектептің аздығы. Орталықта екі-ақ мектеп болса, оның бірі үш ауысыммен оқиды. Соңғы жылдары салынған  150 орындық №1 Бадамша орта мектебінде 317 бала оқиды. Сапар барысында білім ошағына арнайы барған облыс әкімі бұл жағдаймен таныс екенін, алдағы уақытта жаңа мектептің бой көтеруіне күш салатынын айтып тұрғындарды қуантты.

Облыс басшысы сапарының соңында шаруашылықтың аты ауылдың атымен аталатын «Степной» жауапкершілігі серіктестігіне барды.

Бұл іргелі серіктестік ауылшаруашылық өнімдерімен облыс тұрғындарына жақсы таныс. Онда ұн, нан, макарон, шұжық секілді тағамдардың бірнеше түрі өндіріледі, көптеген көкөніс түрлері өсіріледі. Егіс көлемі — 52 мың гектар. Қазіргі таңда 240 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.

Компанияның бас директоры Аманғос Төлеуов Мемлекет басшысының шалғай ауылдарды дамыту жөніндегі тапсырмаларын мүлтіксіз орындап, кәсіпорындардың әлеуметтік жауапкершілігіне қатысты міндеттерді қалтқысыз жүзеге асырып келеді. Нақтылап айтқанда, белгілі кәсіпкер жергілікті балабақша балаларын тегін тамақтандырады. Ауылдың әр шаруасына атсалысып, үнемі демеушілік көрсетеді. Қоғамдық ғимараттарды жөндеуден өткізу, ауылды абаттандыру, көшелерге асфальт төсеу секілді істерге үнемі қаржы бөліп отырады. Сонымен қатар өзге аймақтан келген отбасы мүшелеріне еңбекақысы жеткілікті жұмыс тауып беріп, сонымен қатар көмекке мұқтаж отбасыларды тұрғын үйлермен қамтамасыз етеді.

Облыс әкімі шаруашылық басшысымен бірге шаруашылықты аралап, жұмысымен танысты.

— Президентіміз үнемі атап көрсететіндей, ауыл шаруашылығын, мал өнімдері кәсіпорнын және аграрлық секторды дамыту — маңызды міндеттердің бірі, — деді облыс басшысы кәсіпкерге ризашылығын білдіре келіп. — Осы бағытты жетілдіруді ұдайы назарда ұстап, ауылдарға қамқорлық жасауды жан-жақты жүргізе беруіміз керек.

 Самат НАРЕГЕЕВ,

Қарғалы ауданы.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*