Басты бет » Басты жаңалықтар » Айнұр Елбасымен кездесті

Айнұр Елбасымен кездесті

Биыл Ақтөбедегі «Life4job» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің дирек­торы Айнұр Бақтығалиева Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жылдағы игі дәстүр бойынша Халықаралық әйелдер күні қарсаңында еңбекте сый-құрметке бөленіп жүрген нәзік жандылардың басын қосқан қабылдауында болды. Елбасымен кездесіп қайтқан ақтөбелік кәсіпкерді  әңгімеге тартқан едік.

Бүгінде 200-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған Айнұр Бақтығалиеваның алға қойған жоспарлары көп. Жақында ғана Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің құрамына Ақтөбе облысынан екі адамның  бірі болып енуі кәсіпкер үшін үлкен мәртебе болды. Ал Халықаралық әйелдер күнінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Ақордада өткен «Көктем шуағы» атты салтанатты кездесуге шақырту алуы Айнұр үшін күтпеген сый.

Шынымды айтсам, мұндай тосын сыйды күткенім жоқ. Әрине, бұл жаңалықты естігенімде қуанышымда шек болмады. Ең бастысы — мұндай мәртебеге ие болуымды қоғам үшін жасап жатқан еңбегімнің еленгені деп түсіндім, — дейді А.Бақтығалиева.

Салтанатты шарада нәзік жандылар Елбасыға жылы лебіздерін білдіре отыра, қазіргі атқарып жатқан жұмыстары жайында айтқан еді. Өз кезегінде Айнұр Бақтығалиева Нұрсұлтан Әбішұлына жақында ғана Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің құрамына кіргендігін, мемлекеттің оңтайлы саясаты арқылы шетелде білім алғанын айта келе, қазіргі күні төрт саланы қамтитын отбасылық кәсіпті жүргізіп отырғанын жеткізді.

Бұл  Елбасымен екінші рет жүздесуім. Былтыр күзде Нұрсұлтан Әбішұлының Ақтөбеге жасаған сапары кезінде өңіріміздің бір топ ардагерімен, зиялы қауым өкілдерімен кездесуі ұйымдастырылды. Сол кездесуге мен қоғамдық кеңес мүшесі ретінде қатыстым. Қыз-келіншектер мерекесінде Ұлт Көшбасшысына өзіміздің отбасылық бизнесіміз жайында айтып, елімізде кәсіпкерлік саласына барынша қолдау көрсетіп жатқаны үшін алғысымды білдірдім. Себебі, мемлекет өз кәсібін ашқысы келетін жандардың қолын қаққан емес. Мен Елбасымызға қазірдің өзінде де бизнесті автоматтандыруға байланысты елімізде ауқымды көмек көрсетіліп, нақты іс-шаралардың жүзеге асырылып жатқанын айттым. Оның үстіне, «Даму» қоры арқылы субсидия төленіп, жеңілдетілген несиелер беріліп жатыр. Сондықтан да білім алып, кәсібін ашқысы келген жастардың алдында ешқандай кедергі жоқ екенін айтқанымда, Елбасы өз ризашылығын білдіріп, менен серіктестіктің «Life4job» аталуының мағынасын ақтөбеліктер түсіне ме деп сұрады, — деп күлді кейіпкеріміз.

Оның айтуынша, «life4job» — таңдаған мамандығың арқылы рахатқа бөлену деген мағынаны білдіреді. «Бұл сөздің мағынасын жапондықтар «икигай» деп атайды. Мағынасы — таңертең оянуға мәжбүрлейтін «өмір мәні». «Икигай» — сіздің қызығушылықтарыңыз бен сізге қуаныш сыйлайтын әрекеттің толық жиынтығын білдіретін термин. Жапондықтардың түсінігінде, адам бір операцияны он мың сағат жасағаннан кейін, өзін сол істің шебері ретінде санайды. Сол сияқты, олардың түсінігінде, айталық, аула сыпырушы жұмысқа тұрғаннан кейін пәтер иелері кооперативі болмаса басшы боламын деп алдына мақсат қоймайды, қайта сол аула сыпырушылардың арасындағы ең үздігі болуға талпынып, жұмысты барынша сапалы әрі адал жасауға тырысады, — дейді Айнұр.   

А.Бақтығалиева Президентпен кездескен сәтінде Нұрсұлтан Назарбаевтың елімізде көпбалалы аналарға қолдау көрсетуге арналған жаңа ауқымды әлеуметтік шараларды жүзеге асырудың маңыздылығына,  көрсетілетін көмек көлемінің біртіндеп арта беретініне тоқталғанын да зор қуанышпен айтты.

Ақтөбеде кайдзен технологиясымен жұмыс жүргізіледі

«Life4job» серіктестігінде биылдан бастап жапондық «кайдзен» технологиясы негізінде жұмыс жүргізу тәжірибеге енгізеді. Бұл — үнемдік технология. Айнұр қарамағындағыларды осы әдіс негізінде жұмыс жасауға үйретпек.

Кайдзен — жапондықтардың өндірістік процестерді, өндіруді, қосалқы бизнестерді басқаруды, сол сияқты өмірдің басқа аспектілерін үздіксіз әбден жетілдіруге шоғырландыратын тәжірибесі. «Кайдзен» сөзі «тұрақты жақсарту» деген мағынаны білдіреді. Мұның мақсаты — стандартталған әрекеттермен жұмысты жақсарту, шығынсыз өндіріс жүргізу. Былтыр жолдасым екеуіміз жапонның осы технологиясын меңгеру үшін Алматыда білімімізді жетілдіріп қайттық. Мақсатымыз — отбасылық бизнесімізді дамыту, көлемін ұлғайту. Сонымен қатар, осы технологияны тек өз бизнесімізде ғана емес, тұтас елімізде жүзеге асыруға күш салу. Nur Otan партиясының съезінде мен осы мәселені көтеріп, өз ұсыныс-пікірімді білдірген едім. Мұның алдында тиісті министрлікке елімізде үнемді технологияға бағытталған ұлттық орталық ашу турасында ұсыныс-пікірімді жолдаған едім. Биылдан бастап біз өз кәсібімізде осы технология негізінде жұмыс жүргізбекпіз. Қазір серіктестік иелігіндегі оқу орталығында 18 адам білім алып жатыр. Оларға кайдзеннің артықшылықтары мен тиімділігі жайында дәрістер берілуде, — деді Айнұр Бақтығалиева.

Былтыр А.Бақтығалиева басшылық ететін оқу орталығында жұмыссыз жүрген 120 қыз-келіншек тігіншілік кәсіптің қыр-сырын меңгеріп, арнайы курстан өтіпті. Кәсіпкер курс тыңдаушыларының денін оқытып қана қоймай, олардың жұмыспен қамтылуына жағдай жасаған. Бұл жұмыстар биыл да өз жалғасын таппақ.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*