Басты бет » Жастар » Студенттер үшін тегін тренинг ұйымдастырылды

Студенттер үшін тегін тренинг ұйымдастырылды

11-13 наурыз аралығында ақтөбелік студенттер үшін компьютерлік және бизнес сауаттылығын арттыруға арналған тренинг өтті. Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен өткен шараға MediaNet Халықаралық журналистика орталығы мен Конрад Аденауэр атындағы Қордың Қазақстандағы өкілдігінің мамандары қатысты.

Тәжірибелі тренерлер жастарға үш күн бойы интернет арқылы жұмыс іздеудің оңтайлы әдістері, өңірлердегі негізгі салалардың дамуы мен өз бизнестерін бастау мүмкіндіктері және дуальды білім беру туралы ақпарат беріп, әдіс-тәсілдерімен бөлісті.

Бірінші күнгі тренингке Конрад Аденауэр атындағы Қордың Қазақстандағы өкілдігінің директоры Томас Хельм қатысып, Германияның білім беру мекемелерінің мысалдары негізінде дуальды білім беру жөнінде мәлімет берді.

— Мемлекет басшысының жастарға аударып отырған ерекше назары мен олардың дамуы үшін түрлі бағдарламаларды іске асырып отырғанын және Жастар жылын ескере отырып, бұл тренингтің өңірді цифрландыруға, орта және шағын бизнесті дамытуға қосар үлесі орасан екені анық. Үш күндік шараға өңірдің 4 жоғары оқу орнында оқып жатқан 40-тан астам студент қатысып, өз біліктіліктерін арттырды. Қазақ және орыс тілдерінде өткен тренинг бірнеше деңгейден тұрады, — дейді облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Нұрлан Күнтуов.

Шара Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің базасында өтті.

— MediaNet Халықаралық журналистика орталығы — 2004 жылы құрылған үкіметтік емес ұйым. Бірнеше жылдан бері белсенді жұмыс жасап келе жатқан ұйым жүзден астам жобаны жүзеге асырды. Орталықтың негізгі бағыты — медиа саласындағы білімді дамытып, қоғам мен БАҚ арасында тиімді байланыс орнату. Ақтөбеде өткен үш күндік шара барысында біз өзіміз білетін дүниелермен барынша бөлістік. Тренингке қатысушылар ғаламтор мүмкіндіктерімен танысып, түрлі бағдарламалар бойынша жұмыс жасау түрлерін үйренді, — дейді медиа тренер Жансерік Тілеухан.

Айта кетейік, MediaNet Халықаралық журналистика орталығы мен Конрад Аденауэр атындағы Қордың Қазақстандағы өкілдігі өткен жылдан бері ұзақ мерзімді «Дуальды білім беру және цифрландыру» жобасын жүзеге асыруда. Бұған дейін тренерлер жоба аясында еліміздің бірнеше қаласында болып, 200-ге жуық жасты түрлі деңгейлер бойынша оқытты.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*