Басты бет » Басты жаңалықтар » Кремльде Димаштың концерті өтеді

Кремльде Димаштың концерті өтеді

22 наурыз күні Ресейдің астанасы Мәскеу қаласының төрінде әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайбергеннің жеке шығармашылық кеші өтеді. Ресейлік композитор, әнші Игорь Крутой мен «Димаш Али» шығармашылық орталығы бірлесіп ұйымдастырып жатқан Димаштың концертіне әлемнің түкпір-түкпірінен бекзат өнерді сүйетін қауым ағылатыны анық: Мемлекеттік Кремль Сарайының  алты мыңға жуық адам сиятын Үлкен залында өтетін концерт үшін мекеменің ресми сайты арқылы билеттің барлығы сатылып кеткен. Тіпті Мемлекеттік Кремль Сарайының ресми сайтын айнытпай қайталап, алаяқтық жолмен билет сатушылар да шыққанға ұқсайды, себебі https://kremlinpalace.org сайтында көрерменге алданып қалмау үшін арнайы ескерту де жарияланған…

Кремль Сарайы — Ресейдің басты сахнасы һәм әлемдегі ең беделді театр-концерт алаңдарының бірі. Үлкен залға алты мыңға жуық адам сияды. «Мұндағы дыбыс жүйесі әлемдік стандарттарға сай келеді, сондай-ақ ең заманауи жарық түсіру жабдықтары қойылған. Сондықтан Үлкен залдың сахнасынан әлемдік деңгейдегі танымал өнер жұлдыздарын жиі көруге болады», — делінген Сарайдың сайтында.

Аталған сайтта Димаштың концерті туралы ресми ақпарат берілген. Шығармашылық өмірбаяны аз уақыттың ішінде миллиондаған тыңдарман арасында танымал болып үлгерген Қазақстанның жас әншісі Димаштың жеңістері тұтас әлемнің алақанында. Ресейліктер Димаштың Қытайдан алған «Top Chinese Music Award» жүлдесін музыкалық «Грэмми» жүлдесімен парапар қойып отыр. «Тембрі — лирикалық тенор. Әнші бельканто техникасын шебер меңгерген, бұл Димаш Құдайбергеннің әншілік талантын толық көрсетуге мүмкіндік береді», — деп жазылған ресми хабарламада. Мұнда Димаштың әлемнің түкпір-түкпіріндегі фанаттары жатқа білетін шығармашылық өмірбаяны толық жазылыпты. Алты жасында ұлттық «Айналайын» байқауына қатысып, алғашқы жүлдесін алғаннан кейінгі жолы оны әншіліктің соқпағына түсірді. Қазақстанда, Украинада, Қырғызстанда, Қытайда, басқа да елдерде өткен деңгейі жоғары шығармашылық байқаулардың жүлдесі Димаштың қоржынында. Дүниені өз өнерімен «жаулап» келе жатқан Димаш 2016 жылы «Славян базары-2016» байқауының ашылуында ән салып, орыстілді көрерменін, 2017 жылы Қытайда «I am a singer» жобасына қатысып, миллиардтарды тәнті етті. Өткен жылы Димаш Лондон қаласындағы айтулы концерт залдарының бірі — Royal Festival Hall ғимаратында концерт берді. Биыл АҚШ-тың Лос-Анжелес қаласындағы CBS каналының  «The World’s Best»  аталатын әлемдегі талантты адамдар туралы телебағдарламасына Қазақстанның атынан қатысқан Димаш Құдайбергеннің талантына қазылық жасап отырған өнер майталмандары көзін жұмып, аузын ашып, таңдай қақты. Белгілі актриса, продюсер Дрю Бэрримор: «Егер мен әнді көзімді жұмып отырып тыңдағанда, сахнада 8-10 адам ән айтып жатыр деп ойлар едім», — деп ерекше таңғалды. Ал актер Ру Пол: «Димаш нағыз хас талант. Ән орындау кезіндегі кәсіби деңгейдің жоғарылығы мен әншінің әнге деген құмарлығы бірден байқалады», — деді. Сочиде өткен «Новая волна» халықаралық байқауында ән салған Димаштың өнеріне орыстар өз эстрадасының королі атайтын Филипп Киркоров, әншілер Игорь Крутой мен Ани Лорактар орындарынан тұрып қол соқты. Кейін әншінің талантына «Ғажап!» деп таңғалған Игорь Крутойдың «Любовь уставших лебедей» әнін орындады Димаш. Осы әнмен былтыр қараша айында Мемлекеттік Кремль Сарайының сахнасына бірінші рет шыққан болатын.

Димаштың аталған Сарайда өтетін жеке шығармашылық кеші үш сағатқа созылады. Үзіліссіз! Мұнда ол қазақ, орыс, испан, ағылшын, француз және басқа тілдерде ән айтады. Бастапқыда Димаштың Мәскеудегі концерті бір күнге ғана жоспарланған екен. Алайда, ресейлік тыңдарманының, әлемнің түкпір-түкпірінен келетін жанкүйерлерінің өтініші бойынша ән кеші енді екі күн қатарынан — 22-23 наурыз күндері өтетін болды. Өйткені, 22 наурыз күнгі концерттің билеттері пышақ үстінен үлестіргендей сатылып кеткен, көптеген тыңдарман билет алуға үлгермей қалыпты.

— Димаштың «Д-Династи» деп аталатын концерттік турының басталғандығын көзіқарақты тыңдармандар біледі. Ресейде, Еуропаның басқа да мемлекеттерінде өтетін концерттеріне қазір дайындықтар жүріп жатыр. Америкалық, ресейлік, қытайлық, қазақстандық көптеген композиторлармен, ақындармен жұмыс жүргізіліп жатыр. Әр елдің менталитетіне, талғамына, танымына сәйкес әндер жазылатын болады, — дейді Димаштың әкесі Қанат Айтбаев  ақпарат құралдарына берген сұхбатында.

Димаштың әлемдік деңгейдегі турнесі  Ресейден кейін басқа да елдерде жалғасуы мүмкін. Әншінің анасы Светлана Айтбаеваның айтуынша, Канада, Корея, Жапония, Франция, Германия, Түркия мен Қырғызстан, Өзбекстан, жалпы ТМД елдерінен концерт беруге шақыру түскен. Алайда, алдымен Димаш биыл Астана күні қарсаңында «Астана Арена» алаңында «Арнау» атты жеке концертін ұйымдастырмақ.

— Алда жоспарлап отырған жеке концертімді Астана күніне сыйлық ретінде барлық қазақ халқына арнағым келеді. Мен мұны бұрыннан жоспарлап жүр едім, енді соны жүзеге асырудың мүмкіндігі туып отыр, — дейді Димаш.

Концерттерге дайындығымен қатар Димаш өзі орындайтын әндерге бірнеше клип түсіріп те үлгерді. Оның бірі — ақын Михаил Гуцериевтің сөзіне жазылған Игорь Крутойдың «Любовь уставших лебедей» әніне түсірілген бейнебаян. Испанияда түсірілген бейнебаянның режиссері —  шоу-бизнес саласының білгірі Алан Бадоев. 8 наурыз мерекесі қарсаңында  Димаш «Аққуым» әніне түсірілген тағы бір жаңа бейнебаянын көрерменіне ұсынды. Бұл шығарманың авторлары — ақтөбелік Орал Байсеңгір мен Аймұрат Мәжікбаевтар. Бүгінде «Аққуым» әнін Димаштың шетелдік жанкүйерлері қазақ тілінде орындап, интернет желілеріне жариялап жатыр…

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*