Басты бет » Мереке » Наурыз мерекесі: 63 киіз үй. 12 мың литр наурыз көже. 9 тонна бауырсақ

Наурыз мерекесі: 63 киіз үй. 12 мың литр наурыз көже. 9 тонна бауырсақ

Наурыз мейрамына орай облыс көлемінде  1000-нан аса шара өткізу жоспарланып отыр. 22 наурыз күні «Қазақ халқына мың алғыс стелласы» алаңында «Ақтөбе деген қала бар» атты театрландырылған қойылым өткізіледі. Алаң аумағында 7 киіз үй тігіледі. Оларға «Аналарға тағзым», «Отбасы академиясы», «Ақтөбе қаласына 150 жыл», «Ақтөбе газетіне 95 жыл», «Биыл жастар жылы», «Ұлы даланың жеті қыры», «Наурыз — жыл басы» атты тақырыптық атаулар беріліп, әр киіз үйде тақырыпқа сай мерекелік көрмелер ұйымдастырылады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен баспасөз мәслихатында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаева айтты.

Мерекені кең көлемде тойлау мақсатында «Наурыз мейрамы-2019» атты тұжырымдама бекітілген. Соған байланысты мерекелік іс-шаралар  бір ай бойы (14 наурыз-14 сәуір аралығында) ұйымдастырылады.

Ұлыстың Ұлы күніне арналған алғашқы шара — «Көрісу күні» 14 наурызда басталды.

Театрларда «Көжектің көжесі» атты балаларға арналған ертегі, «Нарқыз» тарихи дастаны сахналанады, Өнер орталығында «Достық сазы» фольклорлық ансамблінің мерекелік концерті өтіп,  кітапханалар мен музейлерде «Ұлы даланың қол өнері», «Шарықтаған өнер», «Наурыз-көктем» тақырыптық көрмелері жасақталмақ.

Облыс бойынша ұйымдастырылатын 1000-нан астам шараның  65-і Ақтөбе қаласында  өткізіледі. Жалпы шараларға 300 мың адам  қамтылатын болады.

 —  Басты шара 22 наурыз күні «Қазақ халқына мың алғыс» стелласының алаңында  өтеді. Мұнда жиналған жұртшылық «Наурыз — құт-береке бастауы» атты  театрландырылған  көріністі,  мерекелік бағдарламаларды тамашалайды. Сондай-ақ, қазақ күресі, арқан тартыс, гір көтеру, күш сынасу және де тағы да басқа ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізіледі, — деді М.Қорғанбаева.

21-22 наурыз күндері шаһардағы үлкен алаңдарда мерекелік шаралар өткізіледі.

21 наурыз күні  қаланың 6 ашық  алаңында — «Мәңгілік алау» алаңы, «Денсаулық» саябағы, «Батырлар» аллеясы, «Ғашықтар» сквері, «Кең дала» аллеясы және  Абай даңғылы бойындағы аллеяларда басқарушы компаниялар мен мектептердің қатысуымен мерекелік бағдарламалар қойылады.

22 наурыз күні 8 жерде  — «Қазақ халқына мың алғыс стелласы» алаңында, ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев атындағы орталық мәдениет және демалыс саябағында,  «Керуен-сити» ойын-сауық орталығында, «Ретро» демалыс саябағында, А.Пушкин атындағы демалыс саябағында, Астана ауданы «Қоныс» спорт сарайы, Алматы ауданы № 60 орта мектеп, Ақтөбе қалалық Мәдениет үйі алаңында киіз үйлер тігіліп, концерттік бағдарламалар ұйымдастырылады.

Қала тұрғындарына мерекелік ас мәзірін ұсыну үшін ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев атындағы орталық мәдениет және демалыс саябағындағы сахна алаңында және  Ту тұғыр алаңында жалпы саны 20 киіз үй тігіліп, қаламыздың 150 жылдығына орай кәсіпкерлік субъектілеріне 150 орын бөлінеді. Аталған орындарда: 4 мың литр наурыз көже, 7 тонна палау, 7,5 тонна бауырсақ дайындалып, таратылады.

Жалпы шараға 200-ден астам кәсіпорындар, мекемелер және жеке кәсіпкерлер мен бизнес субъектілерінің қатысуымен қала бойынша 43 орынға 63 киіз үй орнатылады. Киіз үйлерде 12 мың литр наурыз көже,  11 тонна палау, 9 тонна бауырсақ пісіріледі.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*