Басты бет » Жастар » Қайырымдылық топқа бөлінгенімен, мейірімділік бөлінбейді

Қайырымдылық топқа бөлінгенімен, мейірімділік бөлінбейді

«Студенттер қауымы еріктілік пен қайырымдылықтың қуатты ресурсы болып саналады. Бұл жас адамдардың еңбек нарығында жедел бейімделуіне және олардың әрі қарай өз жолын табуына септігін тигізеді. Мысалы, халықаралық бағалау бойынша әлемнің ең ірі үш жүз компаниясы қызметкерлерінің үштен бірі апта сайын жұмыс уақытының 1 сағатына жуығын волонтерлік қызметке жұмсайды. Үкіметке волонтерлік қызметпен белсенді айналысатын ЖОО студенттерінің стипендиясын 30%-ке дейін көтеруді тапсырамын. Бұл біздің студенттеріміз үшін елеулі қолдау болады».

 Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев.

XVIII ғасырдағы француз жазушысы Дени Дидроның «Басқаға қуаныш сыйлай білген жан — ең бақытты жан» деген ұлағатты сөзі бар. Расында да өзгеге риясыз мейірімділік көрсетіп, тағдырдың талқысына тап болған адамның жанынан табылу екінің бірінің қолынан келмейтін іс. Оны тек үлкен жүректі шын бақытты жандар ғана жасай алады.

Дегенмен біздің қоғамда адамдар үшін жақсылық жасап, қолынан келгенше сүйеу бола білетін жандар да жеткілікті.

Бүгінгі әңгімеміз жасаған жақсылықтары үшін өтемақы мен материалдық қажеттілікті талап етпейтін, адамға көмектесуді өздеріне парыз деп санайтын «Нұр-Шапағат» еріктілер тобы жайында болмақ.

Болатын бала баспын дер…

«Нұр-Шапағат» қайырымдылық тобы Ақтөбе гуманитарлық колледжі жанынан құрылған. Бүгінгі таңда бірнеше игі істердің бастауына айналған топтың құрамында 50-ден астам адам бар.

Қайырымдылық тобын құру туралы ой менің үш ұйықтасам да түсіме кірмепті. Бірде әлеуметтік желіден қайырымдылық жасаған адамдардың бейнеролигін көріп қалып, босқа жүргенше осындай іспен айналысуға болады екен ғой деген ой келді. Кейін достарым арқылы Ақтөбедегі волонтерлік топтарды іздей бастадым. Бірақ олар маған топ мүшесі болуға жасымның сәйкес келмейтінін айтты. Сөйтсем, заң бойынша 18 жасқа толғаннан кейін ғана волонтерлік топтарға мүше бола алады екенсің. Ол кезде мен 16 жаста ғана болатымын. Содан соң неге мен өзім еріктілер тобын құрып, үлкен жүректі адамдардың басын біріктірмеймін деген ой келді. Алғаш құрылған кезінде топтың құрамында өзімнің достарым мен туыстарым ғана болатын. Кейін әлеуметтік желі арқылы өз ниеттерін білдірушілер қатары көбейе бастады, — дейді топтың негізін қалаушы Алтынай Жантөре.

Кейін студент қыз топтың атын ойлап тауып, таныс достары арқылы арнайы логотип жасатып, арнайы парақша ашады.

Топтың атын қою да балаға есім беру секілді үлкен іс. Ұзақ ойлана келе «Нұр-Шапағат» деп қойдым. «Шапағат» сөзі араб тілінен аударғанда «жәрдемдесу» деген мағынаны береді екен. Ал «Нұр» сөзі жүрекке жылы естілетін сөздердің бірі ғой. Сондықтан осылай деп қойып, логотипке күннің шуағы мен бейбітшілік символы көгершіннің суретін бейнеледік, — дейді топтың негізін құрушы.

 Топқа ат беріп, логотипін жасатқан соң, оның бар екенін тарату үшін әлеуметтік желіден арнайы парақша аштық. Бүгінгі таңда бастаған ісіңді жүргізу үшін әлеуметтік желінің маңызы зор.  Қазір мыңнан астам жазылушымыз бар. Әлеуметтік парақшамыз арқылы біздің қатарымыз көбейіп келеді. Әлеуметтік желі арқылы өзіне көмек керектігін айтатын жандар да бар. Ол жағдайда біз олардың үйлеріне арнайы барып, кейін қолымыздан келгенше көмектесеміз, — дейді Алтынай.

Жуырда ғана бір жылдықтарын атап өткен «Нұр-Шапағат» еріктілер тобы құрылған күннен бастап-ақ жұмысын тиянақты атқарып, адамгершіліктің ақ туын көтеріп келе жатқан белсенді топ. Күн санап қатары толып келе жатқан еріктілер тобының өзгелерден ерек тұстары да көп. Өңірдегі еріктілер клубының дені қаладағы жалғызбасты қариялардың ауласын тазалап, көмекке мұқтаж жандарға азық-түлік апарса, бұл топ көп жағдайда қайырымдылық шараларын түрлі мерекелік кештер арқылы жасайды.

— Біздің топ мүшелерінің қай-қайсысы да өнерден құралақан емес. Өткен жылы топ құрылған соң, наурыз айында алғаш рет кең көлемді қайырымдылық концертін өткіздік. Ақтөбе қаласында тұратын көмекке мұқтаж екі сәбиге арнап ұйымдастырған қайырымдылық шарасынан 200 мың теңгедей қаражат түсті. Аталған қаражатты екі сәбиге теңдей қылып бөліп бердік. Әрине, біз жинаған азғантай ақша олардың толық жазылып кететініне кепілдік бола да алмас. Дегенмен шын мұқтаж жанның азғантай болса да керегіне жарап қалар деген адал ниетіміз бар, — дейді топтың негізін қалаушы Алтынай Жантөре.

БҰҰ сараптамасына сәйкес, еріктілер жұмысының үш негізгі белгісін анықтауға болады

1) Еріктілердің жұмысына ақы төленбейді;

2) Еріктілердің қызметі ерікті әрі мәжбүрлеусіз жүзеге асырылады;

3) Еріктілердің қызметі адамдарға немесе жалпы қоғамға және еріктілерге пайда алып келеді.

«Кедергі жоқ емес, бар»

Өзгелердің алғысын алып, қоғам ризашылығына бөленуді басты мақсат санайтын Алтынай еріктілер жолында кедергілердің де жоқ еместігін айтады.

— Өздеріңіз білетіндей, ерікті дегеніміз — мұқтаж адамдардың, жалпы қоғамның мүддесі үшін тегін қызмет ететін адам. Біздің жасап жатқан қайырымдылық шараларымыз үшін бізге ақы төленбейді. Біз оны сұрамаймыз да. Негізінен өңірдегі еріктілердің дені жас студенттерден құралған. Ал өздеріңіз білетіндей студентте ешқашан артық ақша жүрмейді. Осы ретте біз үшін қалада концерт залдарын алу қиынға соғып жатады. Басшылары тегін бергісі келмейді. Мәселен, біз ең алғаш рет қайырымдылық концертін ұйымдастырған кезде қалалық Мәдениет үйінің концерттік залын  30 мың теңгеге жалға алғанбыз. Түскен 200 мың теңгенің он мың теңгесіне билет шығарсақ, отыз мың теңгесін концерт залы үшін төледік. Қалған  азғантай ақшаны екі отбасына теңдей етіп бөліп бердік.

Сондай-ақ түрлі қайырымдылық турнирлерін ұйымдастыратын кезде де осындай мәселелер туындап жатады. Бұл мәселе бірнеше жерде айтылып көтеріліп келеді. Алдағы уақытта өз шешімін тауып жатса, еріктілер үшін үлкен қуаныш болар еді, — деген Алтынай болашақта мемлекеттік мекемелерге оңай кіріп, зал мәселесін шешуде еш кедергі тудырмау үшін арнайы «Еріктілер куәлігі» деген секілді құжат болса дейді.

— Биыл Жастар жылының ашылуында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ерікті жастарға ерекше көңіл бөлуді тапсырды. Бос уақытында қайырымдылықпен айналысып, игі істер жасап жүрген ерікті жастардың Елбасы тарапынан қолдауға ие болып жатқандығы бізді, әрине, қуантады. Болашақта біздің қаламызда да ерікті топтардың басын қосып, жиналатын қарашаңырағы «Еріктілер үйі» салынып жатса, нұр үстіне нұр болар еді, — дейді Алтынай Жантөре.

Алтынаймен сөйлесіп отырып ұққанымыз, топ мүшелерінің қай-қайсысы да жеке басының пайдасын ойламай, өзгелерге қамқорлық жасауды әдетке айналдырған. Түрлі мерекелік шаралармен қатар жәрмеңкелер, акциялар жиі өткізіп тұрады.

Р.S. Облыстық жастар саясаты мәселері басқармасы берген мәліметке сәйкес қазіргі таңда өңірде жоғары оқу орындары мен кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарының білім алушыларынан және жұмысшы жастардан құрылған құрамында 1000-нан астам жас бар 20 еріктілер топтары қызмет етеді. Олардың 8-і облыс орталығында болса, 12-сі — аудандарда.

«Ақтөбе қайырымды жандар», «Нұр-Шапағат», «Д.А.Р.» және «Жүректен жүрекке»  еріктілер тобы жүйелі түрде мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау, жалғызбасты қарттар, мұқтаж жандар мен жетімдер, қарттар, аналар үйлеріне материалдық, рухани, қоғамдық көмектер көрсетіп отырса, «Мейірім» волонтерлар тобы мен «Қызыл жарты ай» қоғамының волонтерлары «Репродуктивті денсаулық», «Алғашқы медициналық көмек» бағытында қызмет атқарады.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*