Басты бет » Басты жаңалықтар » Аң стилі — өнердің биік белестерінің бірі

Аң стилі — өнердің биік белестерінің бірі

Ұлы даланың жеті қыры

1992 жылы Ақтөбе қаласы маңындағы көне қорымдардың бірінен қазып алынған жәдігерлер арасында біздің заманымызға дейінгі Х ғасырға жататын аң стиліндегі мүсін болған еді.

Кейіннен Ақтөбе қаласының гербінде бейнеленген бүркітбасты қанатты грифон нақ осы мүсінге ұқсастырылған. 1998 жылы қаланың жаңа гербін бекіту үшін байқау жарияланған болатын. Байқауға келіп түскен 50 жұмыстың ішінен Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Сағынтай Әлімбетовтің жобасы үздік деп танылып, қаланың гербі ретінде таңдап алынды. Герб ресми түрде 1998 жылғы 24 шілдеде өткен қалалық мәслихат сессиясында бекітілді. Осылайша ежелгі заманғы өнердің ғажайып құбылысы саналған аң стилі біздің қаламыздың гербінен де көрініс тапты.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылдың 21 қарашасында жарияланған

«Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында көпқырлы әрі ауқымды тарихымызды дұрыс қабылдай білуіміз керектігін атап өтті. Елбасы бұл мақаласында жаһандық тарихтағы өз рөлімізді айқындауға негіз болатын Ұлы даланың жеті қырына ерекше тоқталды. Солардың бірі — Ұлы даладан таралып, әлемдік өнердің биік белестерінің біріне айналған «аң стилі» өнері.

Түп-тамырына үңілсек, бұл — ата-бабаларымыздың дүниетанымынан, қоршаған ортамен үндестікте өмір сүруге деген ұмтылысынан туындаған өнер.

«Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында Елбасы: «Біздің ата-бабаларымыз қоршаған ортамен етене өмір сүріп, өздерін табиғаттың ажырамас бөлшегі санаған. Бұл басты тұрмыс қағидаты Ұлы даланы мекендеген халықтардың дүниетанымы мен құндылықтарын қалыптастырды. Өз жазуы мен мифологиясы бар Қазақстанның ежелгі тұрғындарының озық мәдениеті болды.

Олардың мұрасының жарқын көрінісі, көркем болмысы мен рухани байлығының айшықты белгісі — «аң стилі» өнері. Жануарлар бейнесін тұрмыста пайдалану адам мен табиғаттың өзара байланысының символына баланып, көшпенділердің рухани бағдарын айқындап отырған», — деп атап көрсетті.

Зерттеушілер аң стилін тотемизм құбылысымен байланыстырады. Әр ру бір жануарды өзін желеп-жебейтін пір бейнесінде көрді. Бұл қолөнерден де көрініс тапты. Мысалы, бұғы бейнесі кең таралды, өйткені ол сақтардың тотемі болып табылады.

Суретте: Ақтөбе жерінен табылған көне жәдігерлер

Сондай-ақ, аң стилі бабаларымыздың айрықша жоғары өндірістік тәжірибесі болғанын да дәлелдейді. Аң стилі де қару-жарақ және ат әбзелдерімен қатар, ежелгі көшпенділер өркениетінің ажырамас бір бөлшегі болып табылады.

Қазақстан жерінің батыс бөлігін мекендеген ежелгі көшпенділердің қару-жарақтары мен діни жоралғылар кезінде пайдаланған заттары скиф-сібірлік аң стилімен безендірілген. Батыс Қазақстан жерінен табылған көне бұйымдардағы аңдардың асқан шеберлікпен бейнеленген сурет-мүсіндерінде көбіне белгілі бір жануарлардың жиі кездесіп отыратынын айта кету керек, бұлар — қасқыр, қыран, қабан, тістерін ақситып тұрған түйе және грифон. Грифон — көп жағдайда бүркітбасты болып келетін қанатты жыртқыш түріндегі мифтік жануар.

Б.з.д. I мыңжылдықтың екінші жартысында көшпелілердің сүйек жону өнерін өте жоғары деңгейде меңгергені белгілі. Қазақстанның батыс өлкелеріндегі көне қорғандардан қазып алынған бұйымдар арасында сүйектен жасалған қасықтар көп кездеседі. Әдетте, ер адамдар жерленген зираттардан садақ, жебе сынды қару-жарақ жиынтықтарымен қатар, сүйек қасықтар да табылып жатады. Кейбір зерттеушілер бұларды қандай да бір діни-ғұрыптық мақсатта пайдаланылған бұйымдар деп те жорамалдайды. Біздің облыстың Елек өзені атырабындағы Сынтас қорымы қорғандарының бірінен табылған қасық та — сондай ерекше олжалардың бірі. Қасық сабындағы күрделі композициялы сурет зерттеушілер назарын аударған: онда киіктің басы, екі бүркіт және азуын ақситқан қасқыр бейнеленген. В. Федоровтың пайымдауынша, Сынтас қорымына мәйітпен бірге жерленген заттарда кездесетін суреттер үндіарийлік мифтегі Сома (Хаома) туралы аңыздармен байланысты болса керек.  Сонымен бірге мифтік жануарлар, әсіресе, грифон, ілбіс, пір ат о дүниеде құбыжықтардан қорғайтын қамқоршы саналған-мыс.

Батыс Қазақстан жерін мекендеген көне жұрттарда әшекей бұйымдар әдетте қола мен алтыннан жасалған. Көне әшекей бұйымдармен қатар, металдан жасалған қару-жарақ, ат әбзелдері, діни-ғұрыптық, тұрмыстық заттар аң стилі арқылы безендірілген және олар жай суреттер емес, өте бір көркем, айшықты шыққан дүниелер екені аңғарылады. Бұл сипаттама Жайық пен оның салалары — Ор, Елек өзендері атырабындағы көне ақсүйек әулеттер өкілдерінің қорымдарынан табылған бұйымдарға да тән.

Аталған қорымдар — б.з.д. І мыңжылдықтың екінші жартысына тән ескерткіштер. Бұл ескерткіштерден табылған қоладан жасалған ер-тұрман бөліктеріндегі қасқыр, жылқы, түйе, қабан, грифон бейнелері, әсіресе, шеберлердің аңдарды жай ғана бейнелемей, үрей тудыратындай ашу-ызалы, сұсты етіп бейнелеуі зерттеушілер назарын аударған жайт болды. Мысалы, қасқырлар мен түйелердің тістерін ақситып, «айбат шегуі», ал қыран-грифондар тұмсығының неғұрлым ауыр, сұстырақ келуі, т.б. Айталық, Бесоба қорымынан қазып алынған бұйымдарда екі өркешті түйенің аузын аша, айбаттанған бейнесі немесе екі түйенің «төбелесі», сонымен қатар, мысықтұқымдас жыртқыштардың тұяқты жануарды жабылып талауы сынды көріністер кезігеді.

Қайткенде де, аңыздардың әсері не басқалай себептерден болсын, көшпелілердің аң стилі өнерінде, негізінен, жыртқыштарға көбірек көңіл бөлінгенін баса айту керек. Жыртқыштар, соның ішінде, мысықтұқымдас жануарлардың құрбанын талап жатқан сәті, азуын ақситқан қасқыр бейнесі қару-жарақта, ат әбзелдерінде, жауынгерлерге тән басқа да заттарда, киімдер мен тіпті олардың түймелерінде де жиі кездеседі. Ғалымдардың пікірінше, бұл аңшылықпен, жауынгерлер кастасымен, сондай-ақ, жас жеткіншектердің ересек өмірге дайындығымен байланысты рәсімдерге қатысты дүниелер болса керек. Болашақ жауынгерлер жыртқыштың бойындағы өжеттік, қайраттылық, сұстылық, төзімділік сынды қасиеттерге еліктеп өсуі тиіс еді.

Сондай-ақ, қыз-келіншектер киімдері — бас киім, көйлек-камзолдардың жаға-жеңдері, аяқ киімдер түрлі пішіндегі алтын жапсырмалармен әшекейленіп, бұларда аң стилімен жануарлар және құстар бейнелері салынған. Жалпы,

М.Қадырбаевтың айтуынша, Оңтүстік Орал мен Солтүстік Каспий маңындағы Ор-Елек өзендерінің аралығында қолөнер өзіндік ерекше сипатта дамыған.

Металл мен сүйек қана емес, тастан қашалған түрлі бұйымдарда да аң стилінің, оған тән ою-өрнектердің іздері «сайрап» жатыр. Ежелгі көшпенділер мәдениетін зерттеген В. Ольховскийдің айтуынша, бұрынғы шеберлер тасты өңдеудің барлық дерлік технологияларын (жару, кесу, безендіру, т.с.с.) меңгерген. Елек атырабындағы көне қорымдардан тастан ойылып жасалған діни-ғұрыптық заттар көп кездеседі. Солардың арасындағы құрбандық шалатын орынға қойылатын тас бұйымдардың аяқтары қасқырдың азуын ақситып тұрған басы түрінде жасалыпты.

Ежелгі сақтардың аң стилі өнері біздің жерімізде жойылып кеткен жоқ. Оның іздері ұлттық ою-өрнектерімізден көрініс тапты. Мысалы, қазақтың қолөнеріндегі негізгі мәнер болып табылатын «мүйіз» өрнегі түрлі жануарлардың мүйіздерін (арқармүйіз, қошқармүйіз, т.б.) мегзейді.

 Алмат ҚАЙДАРОВ,

облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді зерттеу,

қалпына келтіру және қорғау орталығының инспекторы.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*