Басты бет » Тарих » Біз мүсінші Керейді білеміз бе?

Біз мүсінші Керейді білеміз бе?

Қазақстанда туып, Тәжікстанда тамаша сәулет туындыларын қалдырған мүсінші Керей Жұмағазиннің есімін  біз біле бермейміз. Ол — өткен ғасырдың 60-80 жылдарында тәжік мүсін өнерінің дамуына  қомақты үлес  қосқан талант. Өмірбаянынан 1961 жылы Тәжікстан Суретшілер одағына мүшелікке қабылданғанын ғана білеміз.  Ұзақ жылдар бойы сол  жақта тұрды, балалы-шағалы болып, атағы жер жарып тұрғанда, 1984 жылы  кенеттен өмірден озды.  Хромтаудың Қопасынан шыққан жігіттің таулы тәжік жерінен қалай шыққанының өзі бір тарих.

Тәжік  жазушысы Садридин Айни  «Песня камня» кітабында Керей Жұмағазин  Кіндік Азияның  қолданбалы өнеріндегі ұлттық болмысты пластикамен шебер жымдастырған саусақпен санарлық суретшілердің бірі деп баға берген. Ал мүсіншінің өзіндік бағыты —  бағзы заман шеберлерін терең зерттей отырып, өз  туындыларында  Шығыс өнерінің басқаларға ұқсамайтын  ерекшеліктерін сақтап қалуға тырысқандығы.

Керей Жұмағазиннің жиені Н.Сәтенова Хромтау аудандық музей қорына тапсырған біраз деректерден  мынаны білдік. Болашақ мүсінші 1929 жылдың  2 шілдесінде Хромтау (бұрынғы Новоресей) ауданына қарасты Талдысай ауылында дүниеге келген. Әкесі Жұмағазы Ор  бойының Қопа ауылының тумасы, аттың ерін жасайтын өнерімен  ел ішінде аты шыққан. Шеберлік өнер балаға әкесі Жұмағазыдан дарыған болса керек.  Жұмағазы мен Мақпалдан  Қаламқас, Алтыншаш, Керей, Әнес дүниеге келген. Анасы Мақпал кезінде стахановшы болып, Мәскеудегі Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері  (ВДНХ) көрмесіне қатысқан.

Керей бала кезінен бастап-ақ саз балшықтан әртүрлі мүсін  жасауға қатты құмартқан. Ал тәжік жеріне тап болу себебі мынау. 17-дегі жас жігіт соғыстан кейінгі жылдары Тәжікстанда әскери борышын өтеп, елге келіп, саз балшықтан мүсіндер жасай бастайды. Ақтөбеде  А.С.Пушкин, И.С.Сталиннің шағын бюстілерін «өмірге әкеледі». Алайда ол Ақтөбеде көп тұрақтамай, қайтадан Душанбеге жол тартқан. Сөйтіп, тәжік елінің астанасында  белгілі мүсінші Е.Татариновтың шеберханасында мүсін, сәулет өнерімен шындап шұғылдана бастап, көп ұзамай  жеке шеберханасын ашты. Даланың ұлы осылайша таулы өлкенің тамаша таланттарының бейнелерін кескіндеп, тәжік мүсін өнерінің атағын өмірден озғанша айдай әлемге танытты. Алайда  шығармашылық қуаты   шарықтап тұрған шағында 55 жасында кенеттен көз жұмды. Әйел, бала-шағасы сол жақта қалды.

Кеңес Одағы ыдырап, әркім өз ұлттық пәтерлеріне тығылған жылдары  Керей Жұмағазиннің есімі де ұмытылғандай болып еді. 2006 жылы 20-28 сәуір аралығында Тәжікстандағы Қазақстан елшілігі мен «Тәжікстан – Қазақстан» достық қоғамы, Тәжік Республикасының  Мәдениет министрлігінің ұйымдастыруымен Душанбедегі К.Бехзада атындағы Тәжікстан ұлттық музейінде К.Жұмағазиннің көрмесі өтті. Тәжік ұлттық музейінің атшаптырым залына оның өлмес туындылары — «Мирзо Турсын-заде» (1966), «Женская голова» (1963), «Песня Степей» (1963) және хирург З. Ходжаев (1962), балерина С.Маменованың  мүсіндері  (1969) қойылды. Осыдан кейін таулы  өлкенің тасын қашап, адамдарын кескіндеген  қазақ мүсіншісін  қайта тануға деген  құлшыныс пайда болды.

Тәжік халқы жақсы білсе де, өз жерінде ұмытылған Керей Жұмағазин есімін жаңғырту мақсатында ел ішінен деректер жинауды қолға алдық.  Хромтау аудандық тарихи-өлкетану музейі қызметкерлері тыңдауға дайын.

 

                                             Нұргүл АМАНҒАЛИЕВА,

               Хромтау аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры.

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*