Басты бет » Әлеумет » «Құдашадан» сақтан!

«Құдашадан» сақтан!

 Ақтөбе қаласында бірі сексеннің, екіншісі жетпістің үстіндегі ерлі-зайыпты екі зейнеткер қалалық «Қазпошта» бөлімшесіне бірін-бірі сүйреп жеткен, алайда зейнетақылары түспеген болып шықты. Содан араға екі күн салып, ертелетіп тағы күбінді. Үйлері қаланың Батыс-2 ауданының арғы түбінде еді. Күн ашық болғанмен, желкемдеу екен. Қариялардың қалаға қоныс аударғанына да көп болмаған-ды. Отағасы кемпірінің қабақ шытқанына қарамай, тоңамын деп, аяғына байпағын, басына түлкі құлақшынын киді. Содан аялдамаға жетіп, автобусқа отырып, біраздан бері  зейнетақыларын алып жүрген қалалық пошта бөлімшесіне жеткенше, сәске ауып кетті. Бірақ бөлімшеде бұл жолы келушілер аз  екен, ақша қолдарына тез тиді. Зейнетақыларына жаңа жылда аздап қаржы қосылғанын көріп, көңілдері өсті. Отағасының құлағы ауыр еститін-ді. Қуанышын жасыра алмай, дауысын көтеріп сөйлеп, біраз желпінді. Біреу сұрап жатқандай-ақ, үйдегі бала-келіндерін, немерелерін  атап, жолдан дүкенге соғып соларға базарлық, азық-түлік алатынын айтып, поштадан шықпай жатып біраз салдырлап әңгіме айтты. Жоғалтып аларсың деп, қамқорсып, кемпірінің де зейнетақысын  қалтасына салып алғысы келіп ұмсынып еді, ол ыңғай бермеді.

Сөйтіп, екі қария бірін-бірі сүйемелдеп, Әбілқайыр хан даңғылын бойлап көтеріле бергені сол еді, қайдан сап ете түскенін өздері де аңдамай қалды, алдарынан  екі әйел шыға келді. Бірі кейін шегініп тұрып қалып, екіншісі — үстіне басын жауып тұратын көгілдір түстілеу күртеше киген, қырық-қырық бестердің шамасындағы ақсары өңді әйел: «құда, құда!» деп дауыстап, отағасының алдын кес-кестеді.

Отағасы жылы жүзбен, жылы сөйлеп, елпілдеп ұшырасқан адамға бірден қарайлап, тұра қалды. Соны пайдаланып бейтаныс әйел әңгімесін  үдете берді:

— Құда, ұмытып қалдыңыз ба? Мен Айгүлмін ғой. Қолыңыздағы келініңіздің  құдашасы, — деп, құшақтағысы келгендей ыңғай танытты. Отағасы алдындағы адамды есіне түсіре алмады, бірақ кейін де теппеді. Жанында тұрған кемпірі, шалына ма, болмаса көлденең кездесе кеткен адамға ма, реніш білдіріп, «қайдағы құдаша?» деді де, ілгері озып жүре берді. Алайда жолдасы өзіне  ілеспей, кейін қалғасын, ұзамай қайта айналып келді. Келсе, отағасы манағы қалың киімнің ішкі қалтасына салған бар ақшасын қопыратып шығарып тұр екен. Жолшыбай жолыққан «құдашаның» уысында да ірі ақшалар — өңшең 10 мыңдық, 20 мыңдық теңгелер.  Жалма-жан мұның алдынан шығып, құданың ақшасын ірілеп беріп жатырғанын айтып, қайтып оралып келген бұған есеп беріп жатыр. Жүрегі бір жамандықты сезгендей, бұл бірден күдік алып:

—  Мынауың дұрыс ақша ма өзі? — деді жұлып алғандай.

—  Дұрыс ақша, дұрыс ақша! — деп безектеп қоя берді әйел. Сосын бұған бүкіл еңсесімен бұрылып, үйде қалған келінінің есімін тағы да атап:

— Менің  соған 10 мың теңге бережағым бар еді, соны Сізге берейін, ала барыңыз? —  деп 10 мың теңгелік купюрдің біреуін ұстатты. Бейтаныс әйелдің мына қылығы күдігін сейілтті. Оның үстіне осы кезде «құдаша»:

— Құдағи, үйге  бірер жілік ет апарып тастармын дегеніме біраз уақыт болды, сәті түспей соға алмай жүрмін, — деп бір қойды. Мына сөзден кейін бұл кәдімгідей абдырап, түрлі ойға кетті. Ішінен «бұл қай құдаша болуы мүмкін?» деп те ойлап қояды. Өзі он бала тәрбиелеп өсірген «Ардақты ана», солардан қуғанда, шүкір, құда да, құдағи да, құдаша да баршылық. Тіпті немере келіндер  жағынан да болуы мүмкін ғой.  Бірақ мына құдашаны есіне түсіре алмады…

Шалы қалың киімін қайта қымтанып, өзі әлгіндей ойдың жетегінде тұрғанда, құдаша да көзден таса, ғайып болыпты. Сол-сол-ақ екен, мұның басында қайтадан сенімсіздік орнады. Сосын: «Осы тегін емес, өзің толық танымай тұрған адамның ақшасын неге айырдың?» — деді жолдасына. «Ойбой-ау, құда, құда деп, іші бауырыма кіріп тұр ғой. Рас шығар», — деп, ол ақталып жатыр.

«Әйел қапылыста ақыл табады» деген рас екен, ерінен бұрын ол күдікті сейілтудің жолын меңзей қойды.

— Мына «Анвар» дүкеніне кіріп азық-түлігімізді алалық, сонда белгілі болады, —деді.

Дүкен ішін аралап керек-жарақты қамтыған соң, кассаға жақындап, отағасы манағы әйел берген 20 мыңдық теңгенің шетін шығарғаны сол еді:

  • Ата, мынау өтірік ақша ғой! — деп, кассир қыз от басып алғандай ыршып түсті.

Мына хабарды естігенде, ата мен әже оқ тигендей есеңгіреп қалды. Ақсақал ұдайы қан қысымы жоғары жүретін, сырқат адам еді. Бір сәтте одан сайын қан басына шапты ма, екі құлағы шыңылдап, көзі байланып, отыра кетті.

Алаяқ әйел көшірме ақшаларды ұстатып, бұл жолғы 70 мың теңге зейнетақысын түгел әкетіпті. Үйдегі келінінің қарызын өтеуге деп берген 10 мың теңгелігі де жалған болып шықты.

Үйлеріне біріне-бірі ренжіп жеткен қариялар келіндеріне шағынды. Ол бұларды тақыршаққа отырғызған «Айгүл» есімді құдашаны мүлде білмейтін болып шықты. Ешқандай қарыз ақша да бермеген.

Алданғандары анық болды. «Түйесі жоғалмағанның бәрі ақылды», таныстары «Сірә, автобуста,  не көшеде, болмаса ақша алған жерде өзара дауыстап әңгімелесіп отырғанда, келіннің, өздеріңнің қалтақағар әйел жай-күйлеріңізді біліп алған болар» деп жобалайды. Ол да мүмкін. Себебі құлағы нашар естігесін, отағасының ретті-ретсіз айқайлап сөйлейтіні, кейде қажетсіз нәрсені айтып қалатыны да рас. Ағайындар мұндай нәрсені аяқсыз тастауға болмайды дегесін, қалалық полиция бөліміне барып арыз да берді. Дүмді орын жалған құдашаны іздестіріп, сәті түсіп жатса, алдағы уақытта анықтап,  хабарын бермек.

Біз осы оқиғаны естіп, мәселеге араласуға ыңғай танытқанымызда:

— Үлкен кісінің ондай-мұндай сенгіштігі, аңғалдығы болады ғой. Бұйырмаған дүние болса, кетер. Ұят! Газетке аты-жөнімізді жазбай-ақ қойыңыздар, — деп ақсақал кәдімгідей қиналды.

Біз ойланып қалдық. Бірақ қаламызда қарияларымызды қан қақсатып, тал түсте «құдаша» болып, аңқау қариялардың сеніміне кіріп, жалғыз нәпақасы —зейнетақысын қағып алып жүрсе, бұл елеусіз тастайтын оқиға ма? Қала жұртшылығының білгені, сақ болғаны дұрыс емес пе? Мұндай індетпен көпшілік болып күрескенде ғана тосқауыл қоятынымыз  ақиқат.

Осы таяуда қаламыздағы көше бағытының біріндегі автобуста екі әйел жүргіншілердің қалтасындағы ақшасын ұрлап жатқан жерде қолға түсті. Егер автобус жүргізушісі, көлік ішіндегі барлық жүргіншілер бірігіп қимылдамағанда, ұрының құтылып кетуі де мүмкін еді. Жүргізуші дер кезінде автобус  есігін бекітіп, жолаушылар бәрі бір кісідей қарсылық танытып, ұрыларды қимылдатпай ұстап, полиция келгенше күтіп, қолына тапсырған. Әне, сондай қоғамдық қарсылықтың арқасында кәнігі ұрылар қолға түсті.

Осындай  алаяқтар мен қалтақағарларды ауыздықтауда Ақтөбе қаласының полиция бөлімдері бір-екі жылдықта бір ықпалды шараны жүзеге асырды. Қолға түскен 52 ұрының фотосуретін қоғамдық көліктерге іліп қойды. Ал осы шараның  ұрыларды түрмеге қамағаннан да әсері күшті болды. Біраз уақыт қоғамдық көлік ішіндегі ұрлық сап тыйылды. Автобус ішінде жолаушылар  еркін жүретін болды. Неге екенін кім білген, кейін бұл тегеурінді шара ұмыт қалды. Қалтақағарлар көшеде де, қоғамдық көліктерде де қайтадан жандана бастады. Соның бір дәлелі — біз әңгімелеген алаяқ әйелдің, қоғамдық көлікте ұсталған ұрылардың  әрекеттері.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*