Басты бет » Спорт » Алғашқы тур тең ойынсыз өтті

Алғашқы тур тең ойынсыз өтті

Премьер-Лига

Иә, осылай болды. Алты команда ұтты, алты команда ұтылды. Турнир кестесі де солай түзілді: алты команда алға шықса, алты команда екінші бөлікке ығысты.

Алғашқы турды «Ақтөбе» командасы Астанада өткізді. Әрине, сүйікті командасын ешуақытта қолдаусыз тастамайтын ақтөбелік жанкүйерлер де мол мөлшерде жиналып, «Астана Аренаны» жаңғырықтырды да отырды.

Ойын, күткендегідей-ақ, «Астананың» шабуылдарымен басталды. Бұл түсінікті де болатын. Күні кеше ғана Суперкубок үшін болған кездесуде «Қайраттың» ұнжырғасын түсірген, әбден іріктелген құрамды елордалық бас бапкердің сол күйі осы ойынға да қатыстыруы бұлардың тек жеңіске ұмтылатынын анық байқатты.

Дегенмен алғашқы голды астаналықтар емес, небары 3-минутта ақтөбелік Абат Айымбетов соқты. Асланбек Кәкімов алаңның орта тұсында жүріп, қарсыластар ойыншысының аяғындағы допты шеберлікпен қақшып түсті де, іркілместен ілгері тартты. Астаналық қорғаушыларға дес бермей тура жортып, дәл қақпаның маңайына таялғанда ол өзінің сол жақ қапталында құлдырай жүгіріп келе жатқан Абатты байқап қалды да, допты шабуылшының аяғына қарай ысыра салды, ал Абат қателескен жоқ, Ненад Эричті жер соқтырды — 0:1.

Шамданған астаналықтар, әрине, шабуылды үдете түсті. Қақпашы Игорь Трофимец пен қорғаушыларымыз қаншама қорғанып баққанымен мығым қарсыластар қайта-қайта лап берумен болды. Сондай сәттердің бірінде, 20-минуттың шамасында зырылдай ұшқан доп Асланбек Кәкімовтің қолына тиіп кетті де, қақпаның қарсы алдынан, айып алаңының сызығына таяу тұстан айып добы белгіленді. Марин Томасовтың соққысына И.Трофимец толық төтеп бере алмады, қақпашының қолына тиген доп бәрібір айналып барып қақпаға еніп кетті — 1:1.

Екінші допты да астаналықтар стандартты жағдайда енгізді. 33-минутта бұрыштамадан әуелете тасталған допты Юрий Логвиненко шалт баспен соғып, қақпаның сол жақ бұрышына шеберлікпен сүңгітіп жіберді — 2:1.

38-минутта Марин Томасов өзінің екінші голын соқты. Ол алаңның орта тұсына таяу маңнан кенеттен шірене соққан доптың жолына қорғаушылар да, қақпашы да кедергі бола алмады, жер бауырлай зуылдаған доп оң бұрышқа домалай кірді де кетті — 3:1.

Бірінші тайм осы есеппен аяқталды.

Екінші таймда, обалына не керек, ақтөбеліктер қарсы шабуылдарды көбірек ұйымдастырып, «Астана» қақпасына бірнеше рет шүйілді. Дегенмен, әрине, «Астана» біздің қақпамызға одан әлденеше есе көп қауіп төндірумен болды. Сонда да болса тайм соңына дейін дерлік, 95-минутқа дейін қақпашымыз Трофимец те, қорғаушыларымыз да елордалықтардың есепті ұлғайтуына мүмкіндік бермей қойды. Әйтсе де қосымша уақыттың соңғы минутында жерлестеріміз бәрібір қателесті, жасыл алаңға ойынның соңғы минуттарында шыққан Юрий Перцух гол соғып кетті — 4:1.

«Астана» тәрізді бас командадан ұтылу жаңа футболшыларды тіркей алмай отырған тап қазіргі «Ақтөбе» үшін орасан зор кемшілік емес шығар. Дегенмен біздің футболшыларымыздың алдағы кездесулерге қажетті біршама сабақ алғанына және дау жоқ.

«Астана»-«Ақтөбе» — 4:1

Гол авторлары: Абат Айымбетов, 3-минут (0:1); Марин Томасов, 20-минут (1:1); Юрий Логвиненко, 34-минут (2:1); Марин Томасов, 39-минут (3:1); Юрий Перцух, 90+5 минут (4:1).

Ескерту қағазын алғандар: Юрий Логвиненко, 90+2 минут («Астана») — Саят Жұмағали, 18-минут; Абат Айымбетов, 55-минут, Антон Шурыгин, 66-минут («Ақтөбе»).

«Астана»: Ненад Эрич (капитан), Дмитрий Шомко, Марин Аничич, Евгений Постников, Антонио Рукавина, Иван Маевский, Юрий Логвиненко, Дорин Ротариу (Юрий Перцух, 88-минут), Марин Томасов (Абзал Бейсебеков, 90+1 минут), Роман Муртазаев, Джуниор Кабананга (Рангело Янга, 65-минут).

«Ақтөбе»: Игорь Трофимец, Әділхан Таңжарықов, Саят Жұмағали, Хрвое Милишевич, Виталий Волков (капитан), Антон Шурыгин (Әлішер Әжімов, 89-минут), Саша Марьянович, Милан Радин, Жамбыл Көкеев (Ардақ Сәулет, 67-минут), Асланбек Кәкімов, Абат Айымбетов (Нұрболат Батырханов, 79-минут).

10 наурыз 2019 жыл. Астана. «Астана Арена» стадионы. 10 000 адам.

*   *   *

 Басқа кездесулердің нәтижесі:

«Қайсар»-«Атырау» — 0:1

«Жетісу»-«Оқжетпес» — 5:1

«Тобыл»-«Ертіс» — 3:0

«Ордабасы»-«Шахтер» — 3:0

«Қайрат»-«Тараз» — 2:0

*   *    *

1-тур:

Алғашқы турда барлығы 20 гол соғылды. Алаң иелері 17 гол соқса, қонақтар 3 доп өткізді. Орта есеппен әр кездесуде 3,33 гол соғылды.

Бес ойында алаң иелері жеңіп, бір ойында ғана қонақтар басым түсті. Төрт ірі есеп нәтижесі тіркелді.

Бұл турда ең көп жанкүйер «Астана»-«Ақтөбе» кездесуіне жиналды: 10 000 адам.

Чемпионаттағы алғашқы голдың авторы — Абылайхан Махамбетов («Жетісу»).

Ең шапшаң голдың авторы — Дәурен Мәжитов, 2-минут («Атырау»).

Алғашқы дубль иелері — Азат Нұрғалиев («Тобыл»); Жоао Пауло («Ордабасы»); Марин Томасов («Астана»).

Алғашқы «қызыл қағаз» иелері — Владислав Касминин («Оқжетпес»), Эдуард Сергиенко («Атырау»).

Сондай-ақ кездесулер барысында 27 футболшыға ескерту қағазы көрсетілді.

Сонымен 3 ұпайдан жинаған «Жетісу», «Астана», «Ордабасы», «Тобыл», «Қайрат», «Атырау» 1-6 орындарға шықса, еш ұпайсыз «Оқжетпес», «Қайсар», «Тараз», «Ақтөбе», «Шахтер», «Ертіс» командалары 7-12 орындарға жайғасты.

*   *   *

«Ақтөбенің қазіргі толық құрамы төмендегідей:

Қақпашылар:
№13 Рамиль Нұрмұхаметов (1987), №32 Мұхамбет Тамабай (1996), №42 Игорь Трофимец (1996).

Қорғаушылар:
№5 Бағдат Қайыров (1993), №6 Рустам Темірхан (1997), №17 Есен Жасанов (1998), №18 Рустам Өксімбаев (1996), №22 Виталий Волков (1981), №23 Хрвое Милишевич (1993, Хорватия), №25 Саят Жұмағали (1995).

Жартылай қорғаушылар:
№7 Асланбек Кәкімов (1993), №11 Саша Марьянович (1987, Сербия), №12 Әлішер Әжімов (2001), №19 Ардақ Сәулет (1997), №20 Нұрболат Батырханов (1998), №24 Милан Радин (1991, Сербия), №31 Әділхан Таңжарықов (1996), №77 Жамбыл Көкеев (1988), №88 Антон Шурыгин (1988).

Шабуылшылар:
№95 Абат Айымбетов (1995).

Бас бапкер:
Александр Седнев (Беларусь).

*   *   *

2-тур ойындары 15 наурыз, жұма күні өтеді.

Бұл турда «Ақтөбе» Шымкентте «Ордабасы» командасымен кездеседі.

Басқа кездесулер:

«Қайсар» (Қызылорда) — «Жетісу» (Талдықорған)

«Тобыл» (Қостанай) — «Тараз» (Тараз)

«Астана» (Астана) — «Оқжетпес» (Көкшетау)

«Қайрат» (Алматы) — «Шахтер» (Қарағанды)

«Атырау» (Атырау) — «Ертіс» (Павлодар)

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*