Басты бет » Мәдениет » Күй күмбірлеген кеш

Күй күмбірлеген кеш

Ақтөбе қалалық Мәдениет үйінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында күйші Бақыт Басығараевқа арналған «Күй — тәңірдің күмбірі» атты мәдени кеш өтті.

Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Ақтөбе өңірінен шыққан шебер күйші Бақыт Басығараевтың өнер жолындағы қолтаңбасы — ұрпаққа мұра.

Кешке жиналған көрерменге белгілі күйші Асылбек Кенегесов күй өнерінің маңызы жайында жан-жақты түсінік бере отырып, бірқатар күйлер орындады.

Қазанғаптың бірегей ізбасары Бақыт Басығараев болашақ жас ұрпақ үшін өшпестей күй мұрасын сақтап қалдырған. Бүгінгі шараның басты мақсаты — жастарға күйшінің өмірі мен шығармашылығы туралы баяндап, оларды жан-жақты болуға үйрету, ұлттық салт-дәстүрлерімізді дәріптеу.    

Домбыра — асқақтата ән салып, күмбірлетіп күй төккен өнерпаз халқымыздың ерекше қастерлеп, қақ төріне ілген ең қымбат музыкалық аспабы. Ұлттық кодымыздың айшықты бөлігі болып саналатын бұл көне аспаптың қайта жаңғыруына «Рухани жаңғыру» бағдарламасы үлкен серпін берді. Олай болса, осы байлығымызды насихаттауға, жаңғыртуға барынша атсалысуымыз керек, — дейді Асылбек Кенегесов.

Оның айтуынша, алдағы уақытта апта сайын Ақтөбе қаласындағы барлық мектеп оқушыларының қатысуымен күй кешін ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Кеште Құрманғазының «Аман бол, шешем, аман бол», «Адай»,  Қазанғаптың «Құс қайтару», «Кәрі Ақжелең», Н.Тілендиевтің «Аққу» күйлері және көршілес қырғыз халқының күйлері де күмбірлете төгілді.

Күй кешінен мол рухани азық алған көрермен ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, көтеріңкі көңілмен тарқасты.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*