Басты бет » Басты жаңалықтар » Алашбаевтар отбасы 1 сәуірден бастап 90 мың теңгенің үстінде атаулы әлеуметтік көмек алады

Алашбаевтар отбасы 1 сәуірден бастап 90 мың теңгенің үстінде атаулы әлеуметтік көмек алады

Қазір Ақтөбе қаласындағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары үй-үйді аралап, биыл 1 сәуірден бастап атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудағы өзгерістерді түсіндіріп, әр отбасыға әлеуметтік карта толтырып жатыр.

Ақтөбе қаласындағы жұмыспен қамту орталығының директоры Гүлшат Қаңтарбаева бастаған топ қаланың Некрасов көшесі, 41 «а» мекенжайында орналасқан үйге барды. Мұнда Берік Алашбаевтың отбасы жалдамалы пәтерде тұрады. Айына 50 мың теңгені пәтерақы есебінде төлеп отырған бұл отбасындағы үш баланың бірі — мүгедек. Он үш жастағы мүмкіндігі шектеулі баласының күтімімен үйде отырған Ақмарал Ұзақбаева тұңғышы 8-сыныпта оқитынын, одан өзге балабақша жасына толмаған кішкентай қызының барын айтты.

Ақтөбе қаласынан пәтер алу үшін кезекке тұрдық. Қазір осында тіркеудеміз. Жолдасым бір мекемеде — жүргізуші. Айлығы 30 мың теңге. Мүгедек балам үшін ай сайын мемлекеттен 72 мың теңге көлемінде жәрдемақы аламын. Үйімізге кіретін жалпы табыстың көлемі — осы. Бізге баспана қажет, — деген ана орталық мамандарына отбасы мүшелерінің құжаттарын ұсынды. Осы құжаттар бойынша әрі отбасының тұрмыстық жағдайы, жалпы мұқтаждықтары жайында әлеуметтік карта толтырған Г.Қаңтарбаева Ақмаралға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың биыл 1 сәуірден бастап елімізде нағыз мұқтаж отбасылар үшін атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудағы өзгерістердің жолын түсіндіріп берді.

Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек — жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің жартысынан аспайтын азаматтарға ұсынылатын ақшалай төлем. Қазіргі уақытта, яғни 1 сәуірге дейін атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің басты шарты — отбасының әр мүшесіне бөлінетін табыс 14849 теңгеден аспауы тиіс. Атаулы әлеуметтік көмектің екі түрі бар. Олар — шартты және шартсыз атаулы әлеуметтік көмек. Шартты атаулы әлеуметтік көмекті егер үйлерінде еңбекке қабілетті азаматтар болса, ол кезде көмектің бұл түрі 6 айға тағайындалады. Ал шартсыз атаулы әлеуметтік көмекті үйінде еңбекке қабілетті азаматтар болмаған жағдайда тағайындалады. Яғни, бұл жалғызбасты аналарға, отбасында жолдасы мүгедек жандарға шартсыз атаулы әлеуметтік көмек 3 айға тағайындалады, — деді ол.

Гүлшат   Қаңтарбаеваның айтуынша, әлеуметтік топтағы отбасылардың құрамында еңбекке жарамды мүшелері болса, олар міндетті түрде орталық тарапынан көрсетілетін шараларға белсенді қатысуы қажет. Мамандар мұндай жандарды тұрақты жұмысқа орналастырып, қайта даярлау курстарына жолдайды. Мұндай отбасындағы еңбекке қабілетті азаматтардың шағын несие алуы үшін де осындай мүмкіндіктер қарастырылады. Алайда олардың мұндай іс-шараларға қатысқаны дұрыс.

Бүгінгі күні Ақтөбе қаласында 725 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындадық. Соның ішінде мынадай жағдайлар да кездесіп жатыр: кейбіреулері өзін-өзі жұмыспен қамтығандықтан, орталық ұсынған жұмыстардан бас тартады. Яғни, ұсынған жұмыстың жалақысын азсынып, жұмыс орнының үйден алыстығын сылтауратады. Мұндай кезде атаулы әлеуметтік көмек сол отбасындағы ана мен балаларға тағайындалады.

Биыл 1 сәуірден бастап елімізде кедейшілік шегінің мөлшері 20789 теңге болады. Яғни көмекке мұқтаж отбасылардың кіріс мөлшері кедейшілік шегінің көлемінен аспаса, онда әр балаға 20 789 теңге тағайындалады. Егер үйлерінде мүгедек баласы үшін және көпбалалы ана ретінде мемлекеттен жәрдемақы алып отырғандар, шәкіртақы алатын студенттері болса, 1 сәуірден бастап олар кіріс көзі болып есептелмейді, — деді орталық мамандары.

Гүлшат Қаңтарбаеваның айтуынша, қазіргі есеппен санағанда Алашбаевтар отбасына үйге келетін кірістің көлемі бойынша атаулы әлеуметтік көмек тиесілі емес. Бірақ, сәуір айынан бастап бұл отбасындағы мүгедек балаға төленетін жәрдемақыны есептемегенде, отағасының 30 мың теңге табысының мөлшеріне қарай Алашбаевтар отбасы ай сайын 90 мың теңгенің үстінде атаулы әлеуметтік көмек алмақ. Көмектің бұл түрі 6 айға тағайындалады. Егер отағасының табысы осы мерзім ішінде сол қалпында сақталса, Алашбаевтар отбасы 6 айдан кейін де атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізбек.

Мамандар Ақмарал Ұзақбаеваға 1 сәуірден бастап жеке куәлігімен орталыққа жолығуы керектігін айтты.

Қазіргі таңда Ақтөбе қаласында 8 мыңнан астам көпбалалы отбасы бар. Оның ішінде «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері де бар. Мамандар нағыз мұқтаж  отбасыларға жылына бір рет тағайындалатын әлеуметтік көмектің де ұсынылатынын айтты.

Бүгінгі күні Ақтөбе қаласындағы Уәлиханов, 12 мекенжайында және Халықтық кеңседе азаматтарға осындай  түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қазір үй аралау кезінде әлеуметтік карта толтырылады. Бұл кезде әр отбасының тұрмыстық жағдайы жазылады. Елбасы атап өткендей, биыл 1 сәуірден бастап елімізде ең мұқтаж отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалады. Яғни, осындай жәрдемақы тағайындауға өзгерістер енгізілді, — деді Г.Қаңтарбаева.

Бұл күні орталық мамандары Ақтөбе қаласында отбасында мүмкіндігі шектеулі баласы бар Мұратовтар, Жақсылық және Жуминдер отбасында да болып, атаулы әлеуметтік көмек алудың жолдарын түсіндірді.

Арайлым НҰРБАЕВА.  

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*