Басты бет » Рухани жаңғыру » Былтыр 490 бала өмірге келді

Былтыр 490 бала өмірге келді

Аналар форумы

 Байғанин ауданында алғаш рет Аналар форумы ұйымдастырылды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында  қолға алынған жоба шеңберінде ұйымдастырылған «Ана. Қоғам. Отбасы» атты форумға 140 әйел қатысты.  Олардың арасында  көпбалалы аналар, мүмкіндігі шектеулі қыз-келіншектер, ерекше қамқорлықты қажет ететін балалары бар аналар, сондай-ақ денсаулық, білім, мәдениет саласының қызметкерлері мен оқуда, қызметте, өнерде, спортта табысқа жеткен қыз-келіншектер мен сондай балаларды тәрбиелеген аналар бар.  

Шараның ашылуы «Әсем» салтанат сарайында болды. Жиналғандар «Ауыл әйелдері — ұлт сақтаушысы» көрмесін тамашалады. Форумның ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімі Асқар Шериязданов аналар форумы аудандағы отбасылық ахуалды жақсартуға бағытталған айтулы шара екендігін айта келіп, барша аналар мен аруларды мерекемен құттықтады. Форум қонақтары аудан орталығындағы соңғы жылдары ашылған нысандарды аралап, тарихи орындарға экскурссия жасады.  Жастар коворкинг орталығы, Оңалту орталығы, Шығармашылық орталығы, Ақын-жазушылар аллеясы секілді көрікті заманауи орындарға барды.

Түстен кейін отбасы құндылықтарына арналған, бүгінгі заманауи әйел бейнесін қалыптастыру жөнінде «Арманыңды мақсатыңа айналдыр» тақырыбында коуч-тренер Құралай Өткелбаеваның семинар-тренингі өтті. Ақтаудан ат терлетіп келген жантанушы форум қатысушыларына өз-өзін дамыту жөніндегі психологиялық кеңестер берді. «Сұлу болсын ғұмырың» тақырыбындағы секциялық отырыстар да мәдениет үйінде жалғасты. Облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі Еркін Шүкірова «Әлемнің мәні — әйелде» тақырыбындағы әңгімесін өрбітсе, отбасылық қатынастар бойынша кәсіби емес медиатор, көпбалалы ана, «Алтын алқа» иегері Бибігүл Әбілдаева отбасын жоспарлау, отбасы берекесін арттыру үшін әйел адамның атқарар міндетін тұшымды әңгімеледі. Көпті көрген ардақты ана жиналғандарға рухани азық боларлық пікірлерімен бөлісті. Ал «Жайна» мүгедек балаларды оңалту орталығының директоры Нұрила Жарболова мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған аналарға қолдау көрсету мақсатындағы нақты іс-әрекеттер жөнінде баяндады. «Шолпы» қыздар клубының жетекшісі, облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім басшысы, жерлесіміз Алмагүл Сарыбай да соңынан ерген сіңлілері мен келіндеріне арнап, отбасылық-демографиялық саясат бойынша әңгіме өрбітті.

Қазақы ауданның демографиясы жақсы дамып келеді. Ажырасу өзге өңірлермен салыстырғанда аз. Өткен жылы ауданда 121 жас шаңырақ көтеріп, тұрғын саны 500-дей сәбимен толыққан еді. Биылдың өзінде жыл басынан бері 63 бала өмірге келіп, 20 неке тіркелген.

Бақытгүл Боранбаева,

Арайлым Қасым.

Байғанин ауданы.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*