Басты бет » Ақтөбе — 150 » Республикалық олимпиада: 20 команда және 831 оқушы

Республикалық олимпиада: 20 команда және 831 оқушы

15-20 наурыз аралығында Ақтөбе қаласында республикалық олимпиаданың жаратылыстану-математикалық бағыты өтеді. Білім бәйгесінің салтанатты ашылу рәсімі жұма күні Өнер орталығында ұйымдастырылады. Ал жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапаттау рәсімі наурыздың 20-сы күні өтеді.

Шараға  Қазақстанның барлық облысынан, Астана және Алматы қалаларынан, республикалық білім беру ұйымдарынан, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымдарынан барлығы — 20 команда, жалпы 831 оқушы қатысады. Оның 82-сі — халықаралық олимпиадалардың бірнеше дүркін жүлдегерлері.

Олимпиаданың негізгі мақсаты — ғылыми білімді насихаттау және оқушылардың ғылыми қызметке қызығушылығын дамыту, дарынды балаларды анықтау үшін қажетті жағдай жасау, халықаралық олимпиадаларға қатысатын оқушыларды іріктеу.

Республикалық олимпиада Ақтөбе қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде ұйымдастырылады. Қатысушылар  екі тур бойынша  сынға түседі.

— Олимпиаданы өткізу бағдарламасы ұйымдастыру іс-шаралары, мәдени-танымдық бағдарламалар, салтанатты ашылу және жабылу салтанаттарынан тұрады. Мәдени-танымдық бағдарлама олимпиада қатысушыларын облыс орталығының көрікті жерлерімен таныстыруға, бос уақытын ұйымдастыруға бағытталған. Олимпиаданың барлық қатысушыларына футболкалар, олимпиада логотипі бар естелік буклеттер беріледі, — дейді облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева.

Зияткерлік сайыстың қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер алтын, күміс және қола медальдармен, І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталады.

ҚР «Білім туралы» Заңына сәйкес Білім және ғылым министрлігінің І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдарымен марапатталған республикалық олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне өздері таңдаған мамандықтарына сәйкес Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алуға конкурс өткізу барысында білім гранттарына иеленуге басым құқық беріледі.

Айта кету керек, бұған дейін республикалық олимпиада Ақтөбеде екі рет: 1998 жылы және 2012 жылы өткізілген болатын.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*