Басты бет » Мереке » Наурыз айшықтары: көрісу. Амал

Наурыз айшықтары: көрісу. Амал

Пікір

Рысжан ІЛИЯСОВА,

Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері,

өлкетанушы.

Ақтөбе қаласы.

Елімізде Наурызды қарсы алу, тойлау қайта жаңғырғанына 30 жылға жуықтапты. Осы жылдары жазушылар, ғалымдар, көпті көрген үлкендер жыл басы — Наурыздың тек өз халқымыздың ғана емес, басқа адамзатқа да ортақ мереке екенін ақпарат құралдары арқылы санамызға құйып отырды. Бүгінде елімізде Наурызды тойлаудың ауқымы кеңейді, ұмыт болған салт-дәстүр, әдет-ғұрыптар қайта оралып, барша жұртты адами құндылықтарға үндейтін, елді ынтымақ-бірлікке шақыратын Наурыз  ұлы мереке ретінде  төрге шықты.

Ата-бабамыз ежелден жылдың төрт мезгілін тоқсанға бөліп, 90 күннен тұратын жыл мезгілдерін жалпы атаумен «тоқсан» деп атады. Мәселен, төртінші тоқсан — қыс мезгілі 14 желтоқсаннан басталып,13 наурызда аяқталады, міне осы күндер тоқсанның кіруі мен тоқсанның шығуы деп аталды.

14 наурыз  көктемнің, жаңа жылдың бірінші күні болғандықтан, сол күні жұрт бір-бірімен көріседі. Көрісу — тым ерте дәуірден басталып, үзілмей келе жатқан дәстүр. Бұрынғы кезде  ауыл-ауыл болып отырған жұрт жер шалғайлығымен, мал-шаруа жайымен қыс бойы хабарласа алмай, күн қабағын ашқан кезде ағайын-туыстың амандығын  білуге асығады. Қыстан аман шыққан  халық көктем келді деп қуанып, көршілерімен, ағайын-туыстарымен, дос-жарандарымен құшақтасып-көрісіп, үлкен кісілерге сыбаға, уыздан дәм таттырамыз деп арнайы барып көріседі. Жас балаларын ерте оятып, үлкендерге барып көрісуді міндеттеп қойған. Көрісудің төркіні  осында.

Көрісу — біздің облыста  Байғанин, Ойыл аудандарында үзілмей келе жатқан дәстүр. Төрт  түлік мал өсірген осы аудандар Атырау, Маңғыстау  облыстары тұрғындарымен ертеден көші-қон  жолдары аралас, салт-дәстүрі сабақтас болған.

Көрісудің негізгі мақсаты — үлкенге құрмет, кішіге ізет, ағайын-туыс, көрші-көлем, ауыл-аймақ арасындағы бауырмалдылық, сыйластыққа негізделген. Жыл бойы көрмеген кісілер кездескенде бір-бірімен көрісіп амандасып, өзара өкпе-ренішті кешіріскен. Ақтөбе қаласында көрісуді  Қарақалпақстаннан оралған ағайындар мен  Байғанин, Ойыл аудандарынан  көшіп келген азаматтар осыдан 4-5 жыл бұрын бастап, бүгінде көпшілік қолдап алып кетті.

1990 жылдары Наурыз мерекесін атай бастағанымызда, көжеден басқа онша ештеңе білген жоқпыз. Осы жылы  «Мәдениет және тұрмыс» журналында Өзбекәлі Жәнібековтің Наурыздың этнографиялық  мәнін терең талдаған мақаласы жарияланған соң барып Наурыздың мән-мағынасын түсіндік. Сол жылдары  Наурыз мейрамын  алғаш ұйымдастырушылардың бірі болдым. Қарап отырсам,  Наурызды сол кездегі тойлау мен қазіргі тойлау еш салыстыруға келмейді.  Алғашқы жылдары  Наурызды діни мереке деп түсінген өзге ұлттар сырттан бақылап тұратын. «Наурыз — діни мереке емес, жалпыхалықтық мереке» деп сол уақытта жазып та жүрдім. Қуаныштысы сол, бүгінде Наурызды тойлау ауқымы кеңейіп, шын мәніндегі жалпыхалықтық ортақ мерекеге айналды.

Халқымыз ежелден бері жыл санау, ай санау, күн санау есебін жүрізіп келген. Жылдың әртүрлі мезгілінде адамға да, мал-құсқа да аса жайсыздық туғызатын ерекше әрі тосын табиғат құбылыстары (әр жылы әртүрлі өтеді) пайда болады. Жұлдызшыларымыз жыл он екі айда  болатын табиғат құбылыстарын алдын ала біліп, елге ескертіп отырған. Тым қарбалас әрі өткінші сипатта, негізінен, қар мен жаңбыр, жел мен боран, аптап ыстық түрінде көрінетін табиғаттың тосын мінез көрсетуін аталарымыз бір сөзбен Амал дейді. Шаруашылық жайы көші-қон  және малмен байланысты болғандықтан, аталарымыз Амал келетін кезді есептеп, әрдайым табиғаттың тосын мінезіне дайын болу керектігін ескертеді. Амалдың атаулары мен реттері Наурыз айынан басталады. Бабаларымыз табиғат тосын мінез көрсететін жеті амал күндерін ерекше көрсетеді. «Олар — Күннің тоқырауы. Қарашаның қайтуы. Үркердің батуы. Мұздың қатуы. Киіктің матауы. Қыс тоқсан. Ай тоғамы». (Жазушы Сейіт Кенжеахметов «Қазақ халқының тұрмысы мен мәдениеті». Алматыкітап: 2006). Бұлардан басқа әр айда болатын  табиғат өзгерістері де баршылық. Мысалы: Бес қонақ,  Құс қанаты, Аласапыран, Құралайдың салқыны,  т.б. деп тізе  беруге болады. Осы құбылыстардың әрқайсысының  мән-мағынасы бар.

Амал әр жылы әртүрлі өтеді. Бір жылдары Амал кезінде онша жайсыздық болмайды. Кей жылдары  қар аралас жаңбыр жауып, оның артынан күн күрт суытқанда, жер бетін көк мұз басып, көктайғаққа айналады. Күн жарқырап тұрса да, әп-сәтте ауа райы  күрт бұзылып, қарлы боран соғып, төңірек түгел көрінбей кетеді. Табиғаттың тосын мінезі жолаушыны бағытынан адастырып, далаға шығарған мал ығып кетуі мүмкін. Сондықтан да атам қазақ «Амалды амалдап өткіз» дейді. Осы болжамдар мен бірнеше ғасырлық тәжірибе — бүгінгі күні де маңызын жойған жоқ. Соның ішінде  қыс тоқсаны аяқталып, көктем шығатын мезгілдегі амалға ерекше сақтықпен  қараған. Себебі, бұл кезде  қыстан шыққан мал әлсіз келеді әрі жаппай төлдей бастайды.

Естеріңізде болар, өткен жылы Амалдың қаһары қатты әрі ұзақ болды. Қар аралас жаңбыр, көктайғақ, қарқыны күшті әрі суық жел соғып, аяғында қар да жауды. Жастарымыз «қазіргі Амалдың не қиындығы бар, бүгінгі тұрмыс басқаша», — деп келіспеуі мүмкін. Алайда, Амал күнгі көктайғақта  есік алдына шыққан бойы қанша адамның аяғы тайып, мертігіп ауруханадан бір-ақ шыққанын естен шығармайық. Бір сөзбен айтқанда, атамыз Амал деп  атаған осы күнді  қазіргі кезде де абайлап өткізгеніміз жөн. Бала кезімізде үлкендердің Амал кезінде  жолға шықпауды, малды ықтасында ұстауды  үнемі ескертіп отыратыны құлағымда тұр.

2017 жылы орталық телевизия арналарынан «Амал мерекесі» сөзі  алғаш рет айтылып, күні бойы әндеткен еді. Одан бері де екі жыл өтті. Алғаш рет естігенімде: «Амал мерекесі деген не сөз? Мүмкін, бір негізге сүйеніп айтқан шығар» деп ойладым. Былтырғы, 2018 жылдың наурызында  телевизия «Амал мерекесі» деп тағы  шулатты. Осы сөзді іліп алған сөздің майын ішкен басылымдар  жаппай жаза бастады,  тіпті мерекелік жиындарда үлкен кісілерден «Амал мерекесі» деген сөзді  естіп қатты қынжылдым. Ақыры қолға қалам алдым. Атам қазақ  әр сөздің астарына үлкен мән берген ғой. Ендеше «Амал»  сөзінің астарына қарап, ойлануға тиіс едік.

Амал мерекесі деудің орнына Жаңа күн, көктемнің алғашқы күні деген жөн болар. Табиғаттың сыйы — Жаңа күн туған бойы  адам ағзасында  да өзгерістер болатыны  ежелден дәлелденген. Міне, халқымыз жаңа күнмен бірге келген Жаңа жылда  барлық әлем  жаңарып, табиғат түлеп жатқан кезде, әр адам өз бойында  жиналған өкпе-реніштен арылу керек деп шешкен. Яғни, табиғаттың бір бөлшегі ретінде  адам баласы да  жаратылыс  заңының  тәртібіне бағынуы  тиіс.

Жылына бір рет келетін Ұлыстың ұлы күні — Наурызды ел-жұртымыз лайықты атап өтіп, ол бүкілхалықтық ортақ мерекеге айналды. Ал мұның қасында  орынсыз айтылған сөз төл мерекеміздің мәніне нұқсан келтіретінін ескерген жөн.

Қыстың аяғы, көктемнің бас кездерін  халқымыз «Өліара» деп, жуанның жіңішкерген мезгілі деп  сипаттаған. Дана бабаларымыз  табиғаттың аяқ астынан мінез көрсететін тосын құбылысын ескертіп, «Амал келгенде амалын тауып, аман болуға қамдан» деп өсиет еткен. Осы орайда журналистер мен мерекелік шараларды ұйымдастырушылар  қазақтың байырғы сөздеріне сақ болу керек еді. Естіліп, жазылып жатқан  сөз халыққа, оның ішінде өсіп келе жатқан жастардың құлағына тиеді, біздер байыбына  бармаған сөзді жастар қайталап жатса, кімге өкпелейміз?

Ең ұлық мерекеміз қарсаңында  мен де өз білгенімді жазып отырмын. Ежелден жұртымыздан ажырамай келе жатқан, қай заманда болмасын  елді ынтымақ пен бірлікке, адамдарды ізгілік пен қайырымдылыққа үндейтін Әз Наурыз елімізге  құт-береке, ел-жұртымызға асқақ абырой  әкелсін деп тілеймін.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*